Сыр шежіресінің көрмесі
Елінің басы болмаса да, «сайының тасы» болу жолында қолынан келгенше өмірін арнауды өзінің өмірлік парызы санайтын адамдар аз емес. Бала жасынан мүгедектік зардабын тартса-дағы, онысынан бұйығып, қоғамнан оқшауланып қалмай, керісінше, туған жері Сыр өңірінің әр тасын сырт еткізіп суретке айналдыра берген Шахмардан Әбдіхалықов еңбегі ел сүйсінерлік. Тұран ойпатының шежіресі жастайынан өзіне баурап алғандықтан, оның тарих көмбесін ашуға барын салған фотогердің бүгін мұрағаты барынша байып, ҚР мемлекеттік орталық мұражайында «Тұран ойпатының өркениеті» атты фотокөрмесін өткізді.
Тарих таңбасын қалт жібермейтін фотографтың тұңғыш көрмесі осыдан тура бір мүшел уақыт бұрын, Қоян жылы Парижде болған. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен өткен бұл көрмеде Шахмардан Әбдіхалықовтың ежелгі қалаларды, асарларды бейнелейтін 17 фотосуреті қойылды. Сөйтіп, осы ел мәдениетіне қосылған маңызды үлес ескеріліп, фотографты сол жылы Қазақстан дизайнерлер одағының мүшесі етіп қабылдап, 2002 жылы Қызылорда облысы әкімінің арнайы стипендиясы тағайындалған.
Ал Шахмардан Әбдіхалықовтың фотоаппаратты серік еткеніне 40 жылдан асыпты. Өмірдің түрлі сәттерін қамтитын суреттерінде бейне жан бардай. Ал қолданып жүргені соншалықты, биік кәсіби сападағы фотоаппарат та емес. Жай қарапайым ғана құрылғы. Демек, қырағы көзділік ол кісіге тумысынан берілген ерекше дарын болғаны ғой.
Ежелгі қалалардың орны, обалар мен кесенелер, сондай-ақ этнографиялық тарихымыз, салт-дәстүр көрінісі, фольклорлық образдарға толы бұл көрмеге автордың 86 жұмысы қойылған. Көрме ҚР Орталық мұражайында қаңтардың 24-іне дейін жаюлы тұрады.
Жолдасбек Құрманқұлов, Археология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымының кандидаты:
– Менің Шахмарданды білетініме де 30 жылдан асыпты. Сыр бойындағы тарихи есткерткіштер, көне қалалардың орнынан табылған қорғандар – бәрі-бәрін сол кезде ешкімнің нұсқауынсыз-ақ ол суретке түсіріп ала берген. Соның арқасында тарихи кітаптарды құрастырғанда біз көптеген суретті Шахмардан Мәжитұлынан алдық. Сондықтан оны жай фотограф емес, ел тарихын түгендеуші тұлға деп тануымыз қажет. Себебі археологиялық объектілерден де бөлек, бүгінде ортамызда жоқ, Сыр бойында күні кешеге дейін өмір сүрген ақын, жыршы, жырау, жазушы, архитекторлар т.б. тұлғалардың бейнесін іздесеңіз, осы кісіден табасыз. Тек суреті ғана емес, дауысы, бейнесіне дейін Шахмарданның жеке мұрағатында сақтаулы. Сондықтан ол – тірі шежіре. Қазақстандағы қоры ең бай деген адамдардың бірі осы Шахмардан дер едім.