Сырағаның сырлы кеші өтті

Сырағаның сырлы кеші өтті

Өткен аптаның соңына қарай Астанада Сырбай Мәуленов күндері бастау алды. Сырағаның 90 жылдығына орайластырылған мұндай шаралардың бірі елордадағы Ұлттық академиялық кітап­ханада «Бес тағдыр – бес кеш» атты жобамен жапсарлас өткен болатын. Әдеби кеште ақынның бүгінгі ізбасарлары, Сыраға мұрасын зерттеушілер мен зиялы қауым ол туралы естеліктер жариялап, ақын шығармашылығы туралы пікірлер айтса, жас буын өлеңдерін жатқа оқыды.
Сырағаңның Астанадағы кеші халық­тың көкейінде жатталып қалған «Соғыстан қайтқан солдаттар» әнімен басталды. Бұл да кездейсоқ емес. Өйткені сонау сұрапыл жылдары ел қорғап, қан кешкен қазақтың айтулы тұлғаларының арасында Сырбай Мәуленовтің есімі ерекше аталатын еді.
«Кетерімде жыламадым,
Өз қатарым көп болғасын.
Келгенімде егіліп, шыдамадым,
Соның көбі жоқ болғасын»,
– деп жаз­ған ақын – сол сұрапыл соғыстың бел ортасында жүрген қаһарманы. Соғыстан жараланып, елге ерте оралған ақын қаруын қаламмен алмастырып, төл әдебиетіміз­дегі жауынгерлік поэзияның іргесін қалау­ға құлшынғандардың сонысы болатын. Содан бері сыршыл ақын атанған Сырбай Мәуленовтің қаламынан ұшқындаған туындылар 40-қа жуық жинаққа арқау болыпты. Сыр дауылпазының көзін көрген ізбасары, ақын Кәкімбек Салықов айтпақ­шы, «қысқа ғана өлеңіне ғаламат ойлар сый­дыратын» Сырбай өлеңдерін ел-жұрты жата-жастана оқыды. Сырағаң туралы: «Бала кезімізден Сырбайша оқуға, Сырбайша жазуға, Сырбайша сөйлеуге ұмты­лып өскен ұрпақпыз», – деген болатын бү­гінгі абызымыз Әбіш аға Кекілбаев. Осы­ның өзі Сырбай Мәуленовтің ақындық шың­ын өзі ғана бағындырып қоймай, артынан үлкен мектепті қалыптастырып та кеткенін аңғартса керек. Расында, ескі мен жаңаны жалғастырушы дәнекер атанып, сөз өнеріндегі терең құбылысты бойына сыйдырған Сырбай Мәуленов өлеңінен парасатты пайым мен патриоттық рухты, ел мен жерге деген махаббатты сеземіз. Ендеше ақын шығармашылығы мерейтойлармен шектелмек емес.
Туған топырағына келсек, Сырбай Мәу­ленов қазаққа ұлы Ахмет пен Міржа­қып­ты берген қасиетті Торғай даласында дүниеге келді. Сонда есейіп, сонда шың­дал­ды. «Қазақ деген – бір-ақ сөз, сол сөз­дің маңа­йында болуымыз керек» деп ұдайы айналасына ескертіп отыруы да сон­дай тектілік­тің тамырын байқатса керек.
Сонау қасаң жылдары туып, ел басын­дағы қиын тағдырды жырымен өрген Сырағаңа Тәуелсіздіктің толайым дастарханынан да дәм тату бұйырған болатын. Артында өлмес туындыларды мәңгіге қал­дырған дауылпаз ақын 1993 жылы дүние салды. Сырағаңның биылғы 90 жылдық мерейтойы республика көлемінде тойлан­бақ. Соның бастауы ретінде елордада қол­ға алынған әдеби кешке жастар да көп жи­налды. Олардың басым бөлігі ақынның атын иеленген Астанадағы №37 орта мек­тептің оқушылары екен. Кешке келген жас­тар ақын Сырбайдың мол мұрасымен кеңі­нен танысты. Көз көргендердің әңгіме­сін естіді. Сырағаңды еске алатын мұндай кештер әлі Алматыда, ақынның туған өл­кесінде және елдің бірқатар аймағында жалғасын таппақ.
Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты:
– Сырағаңның кешінің Ұлттық кітап­ханада өтуінің де өзіндік себебі бар әрі бұл – тарихи жағдай. Өйткені Сырбай Мәуле­нов – өмір бақи кітаппен сырласып, кітаппен мұңдасып өткен ақын. Сонымен қатар бүгінгі кітап оқитын, кітаппен бірге жасайтын, поэзияны сүйетін азаматтардың қай-қайсысының жүре­гінде Сырбайдың үні, Сырбайдың сыры, Сырбайдың жыры бар деп есептейміз.

Ғазиз МӘУЛЕНОВ, ақынның ұлы, заң ғылымының докторы, әділет полковнигі:
– Әкем спортқа әуес еді. Күреспен ай­налысты, боксқа да қызығушылығы ауды. Айналасындағылардың барлығы­на барынша қамқоршы болуға тырысатын. Әри­не, әкемізге қатысты біздің отбасымызда да тағдырдың қиын сынақ­тары орын алды. 1957 жылы Үкімет қау­лысымен «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызме­тінен босатылды. Он­дағы таққан айыптары ақынның ұлтшыл­дығына, ұлттың ұлы тұл­ға­ларына құр­мет­пен қарап, оларды сүй­гендігіне қатысты болатын. Өйткені шешем Ахмет Байтұрсынұлының немере қызы еді. Ахаң­ның туысы ретінде нағашы атам 1942 жылы әйгілі «58-баппен» сотталып, 10 жылға айдалған, тек 1992 жылы ғана ақ­тал­ды. Мінеки, дәл осындай сылтаумен әкем де талай «таяқ» жеді. «Бүйте бергенше, халық жауының қызынан бас тарт» деген ақылшылар да табылды. Алайда ондай сынақтардың бәріне төзген әкем ауыртпа­лықтарды қайыспай көтере білді. Керісінше, Алаштың қай­рат­керлеріне, олар­дың мақсаттарына қатысты мәселеде өз ұста­ны­мын айнала­сындағы сырлас, сыйластарына жеткізіп тұратын.

Қонысбай ӘБІЛ, халық ақыны:
– Сырағаң сөзге аса шешен, тапқыр адам болатын. Сырағаң айтыпты деген әңгімелер ел арасында да толып жатыр. Сонымен қатар басқалардан ерекшелігі, Сырбай Мәуленовтің қолтаңба-жазуы да біртүрлі қызық болатын. Мәселен, ол кісі­нің жазған хатының басы түсінікті оқылып келеді де, бара-бара жазу бүдір­леніп, барған сайын оқуға қиындап, «а» мен «о»-лары­ның бәрі дөңгеленіп кете беретін. Сондық­тан да басын әжептәуір түсініп оқып келген адам хаттың соңына келгенде түсіне алмайтын жағдайға жетуші еді. Сонда мұнысы қалай екен деп көпшілік таңданатын. Менің ойымша, Сырағаң – ағып тұрған төкпе адам. Сөй­ле­генде де лөкіл­детіп, еш іркіл­мес­тен, өзеннің тасқы­нына ұқсап сөйлейтін еді. Ал ана ерекше жазуының сыры да ос­ын­да секілді. Жазып отырғанда қолы көп жағ­дайда өзінің ойына ілесе алмай қа­ла­тын болуы керек,сосын жазулары да солай шығатын болуы керек деп ойлаймын.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста