«Сырлы өнердің сырласы»
Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік филармониясында Қазақ хандығының 550-жылдығына орай «Нұр Отан» партиясы және партия хатшысы Қайрат Сатыбалдыұлының тікелей қолдауымен кино және цирк әртісі, өнер зерттеушісі, Қазақстан КИнЭС рекордсмені Жәмәли Диханұлының «Сырлы өнердің сырласы» атты өнер кеші болып өтті.
Жәмәли Диханұлы рекордтар кітабының жеңімпазы ғана емес, сонымен қатар ол қазақ спортын, қазақ өнерін дәріптеуші азамат. Ол 1971 жылы қыркүйек айының 4-жұлдызында Қытай халық республикасымен шекаралас Дербілжін ауданы, Күрті ауылында дүниеге келген. Жастайынан зерек, алғыр ол орта мектепті жақсы аяқтап, Шыңжаң университетінде 2 жылдық қытай тілі аударма бөлімінде білім алады. 1991-1995 жылдары СУАР педагогикалық дене шынықтыру факультетінде оқиды. 1995-1999 жылдары Шаңхай, Шан-ши қаласында шығыс жекпе-жек өнері және цирк өнерінен білімін жетілдірген. Осылайша ол шетелде жүріп-ақ спортшы және цирк өнерпазы ретінде танымал болса, ал елге келгенде оның актерлік қыры ашылады. «Абылай ханның балалық шағы» туралы фильмде ол Әбілмансұрдың тәрбиешісі Ораз аталықтың рөлін сомдаған. Фильмнің бір эпизодында ол өз атасының ерлігін қайталайды. Атасы зұлматтан Шәкәрім қажының ұрпағын аман сақтап қалса, ал фильмде Жәмәли қазақ ханы бала Абылайдың өмірін жоңғарлардан арашалап қалады.
Жәмәли Диханұлы сондай-ақ Ш.Айманов атындағы киностудия түсірген «Ақсұңқар», «Орындалған арман» атты фильмдерде де каскадерлік рөлдерді сомдаған.
Қанат МҰСАҒҰЛОВ, «Нұр Отан» партиясы Хатшысының кеңесшісі:
- Негізі бұл кеш Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Нұр Отан» партиясы Хатшысының тікелей қолдауымен өткізіліп отыр. Жәмәли Диханұлы Алланың берген ерекше қасиетінің арқасында: ол жалаңаш денесіне найза қадайды, өзі велосипедті тісімен-ақ тік көтере алады, тіпті тісімен көлік сүйрейтін алып күштің иесі, аузымен от бүркіп, пышақтан баспалдақ жасап, соның үстімен жалаң аяқ жүре алады, ол аз десеңіз, ат құлағында ойнайды. Міне, мұның бәрі қазақтың жауынгерлік өнерінің бір парасы десек артық айтқандық емес. Керек десеңіз, ол жігіттің төресі, «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат. Енді ол өзінің өнерін халыққа паш етсін деген мақсатпен осы кешті ұйымдастырып отырмыз.
Концертте спортшы бұрынғы ерлігін тағы да қайталады. 18 пышақтан баспалдақ жасап, оның үстінен жалаң аяқ жүріп өтті. Кір тасын қаңбақтай ойнатты. Мұның бәрі оған әке тәрбиесінен келген екен. «Менің алғашқы ұстазым – әкем. Ол: «Сенің қанша миллиондаған ақшаң болса да, мыңғырған малың болса да, олар саған пайда әкелмейді. «Мал бір жұттық» дегендей, олар бір демде жоқ болып кетуі мүмкін. Ал бойыңда өнерің болса, білімің болса, оны ешкім ұрлап немесе тартып ала алмайды. Сондықтан білім ал, өнерлі бол. Өнер есіктегі басыңды төрге сүйрейді», - деп үнемі айтып отыратын. Әкемнің өзі де темірден түйін түйетін өнерімен қоса, керемет қара күштің иесі болатын. Бала кезден қазір кеудеге найза қадап көрсетіп жүрген нөмірді үйрену үшін қамыспен жаттығатынбыз. Бұдан басқа осы саланың қыр-сырын әкемнің қасында жүріп үйрендім», - дейді Жәмәли Диханұлы.
Осылайша әкесі Дихан ақсақалдан алған тәлім Жәмәлиға өмірлік азық болды. Ол білім алды, өнер іздеді. Қазақтың фольклорлық музыкасын, күйі мен биіне терең бойлады. Әсіресе, Жәмәлидің ауыз толтырып айтар бір ісі – «Қара жорға» биінің қазақ жерінде жаңғыруы. Ол осы мақсатта «Қара жорға» қауымдастығын құрды. Моңғолия, қытай қазақтарын аралап, бидің тарихымен танысты. Мұрағаттарды ақтарып, деректер жинады. «Қара жорға» қазақтың биі екендігіне көз жеткізіп, халық биі туралы кітап жазды. Осының бәрі халық биі төңірегіндегі талас-тартысқа нүкте қою болатын. Осылайша ол «Қара жорға» биін қазақ жерінде жаңғыртты.
Мағиза ҚҰНАПИЯҚЫЗЫ, Жәмәли ағамыздың жары:
- Ол осындай құдіретті бидің көмескіленіп бара жатқанын көргендіктен, өзі би маманы болмаса да, өнерге деген жанашырлықпен, осы «Қара жорға» биін жаңғыртсам деген мақсатпен бел шешіп кірісті. Ол өз арманына жетті деп ойлаймын. Ол бір мезетте 15228 адамды «Қара жорғаға» билетті.
Бүгінгі таңда елге еленген азамат бәріне шүкір етеді. Өнеріне демеу болған ағайын-туысына, халқына дән риза. «Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш, Егемендігіміз мәңгі болсын!» дейді Жәкең.
Қазір ағамыз Мағиза жеңгей екеуі Абылай, Айжүз есімді ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Ұлы Абылай әкесінің жолын қуып, осы бір ерекше өнерді бойына сіңіріп жүр. Ал Құдай қосқан қосағы Мағиза апай ағамыздың ісіне, өнеріне демеу болуда. Жұбы жарасқан жандардың, өнегелі отбасының өмірде де, өнерде де жолдары даңғыл болғай...
Сөз соңы: Бұл концертте Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қайраткерлері мен эстрада жұлдыздары және мемлекеттік би ансамблінің ұжымы өнер көрсетіп, кештің көрігін қыздырды.
Серік ЖҰМАБАЕВ