"Сырты бүтін..." - жаңа жоба!
Таяу күндері «Астана» телеарнасында бірнеше жаңа жобаның тұсауы кесілмек. Соның бірі – «Сырты бүтін...» деректі драмасы. Басқа өнімдерден өзгешелігі – «Сырты бүтін...» - өмірдің өзі деуге болады. Бұл цикл қарапайым көрерменді несімен қызықтырады? Отбасылық фильмдердің арқасында бізге қарапайым қазақстандықтардың жеке кеңістігіне, жан-дүниесіне сығалап көруге мүмкіндік туады. Адам неге өзгерді? Әке неге қатыгез? Бала неге безбүйрек? Жастар неге жауапсыз? Осындай өмірлік сұрақтар төңірегінде ойланасыз, және мұның бәрі құрғақ ақыл айту, көсемсу емес, толыққанды қойылым ретінде көз алдыңыздан жылжиды.
Жоба авторларының айтуынша, отандық арналарда осыған дейін болған драмалардан айырмашылығы, «Сырты бүтін...» қазақы менталитетпен санасатын болады. «Осыған дейінгі деректі драмаларды көрдік, – дейді режиссердің актерлермен жұмыс жөніндегі ассистенті Самал Абдувалиқызы. – Көбіне орыс тілінде түсірілгендіктен, кейіпкерлерінің қарым-қатынастары, өздерін ұстау формасы шындыққа жанаспайды, көп дүниелерді бұрмалап көрсетеді. Мысалы, мектеп жасындағы қыз бала сүйген жігітін ертіп келіп, әкесімен таныстырады да, өз бөлмесіне қондырады. Қазақ отбасында мұндай оқиғаның болуы мүмкін емес қой? Бұл – аталған дүниелердің асығыс дайындалып, сюжеттердің шетелдік, ресейлік деректі драмаларға негізделуінен болып отыр».
«Сырты бүтіннің...» сценаристер тобы бұл олқылықтың орнын толтыратынын айтады. Түсіру тобы драмаға негіз етіп өздері көріп-білген жағдайларды ғана алып отыр. Яғни, «Сырты бүтінде...» сіз көретін оқиғалардың бәрі де өмірде болған жағдайлар. Сондықтан әр көрермен бұл дүниеден өзін танитыны анық. Десе де бұл отбасы, ошақ қасы әңгіме ғана емес, көлеңкесі мен күнгейі қатар түсіп жататын өмір жайлы, толымды тұжырымы бар фильмдер топтамасы. Кейіпкерлер отбасында ғана емес, түрлі әлеуметтік орталарда көрсетіледі. Студенттердің, мектеп оқушыларының кейбір түйткілді мәселелері де сюжетке негіз болып жатады.
Әрине, әр сериясы әр түрлі кейіпкерлерді, бөлек оқиғаларды қамтитын болғандықтан, мұндай жобаны әзірлеу өте көп ресурсты талап етеді. Әр серияда жаңа актерлермен жұмыс істеуге тура келеді. Жоба режиссері Арнұр Убайдоллаұлының айтуынша, «Сырты бүтінге...» бұрын көп көріне қоймаған жас актерлер тартылған. Бұл аталған жоба өмірдің өзіндей қабылдасын деген ниеттен туындапты. Егер Азамат Сатыбалды немесе Берік Айтжанов рөл ойнаса, көрермен экрандағы оқиғаның шарттылық екенін бірден біледі. Ал жүзі бейтаныс актерді кейіпкердің өзіндей қабылдауға болады, экрандағы оқиға сендіреді, демек, түсіру тобы мақсатына жетеді. Екіншіден, өзін болашақта кинода көргісі келетін жас таланттарға бұл жоба үлкен мектеп болатыны анық.
Әр адамның өмірінде киноға бергісіз оқиғалар, кикілжің-мәселелер болып тұрады. Жоба авторлары өмір тәжірибесімен бөлісемін деген көрермендерге ылғи да ықыласты екендерін айтады. Егер өз өміріңіз киноға айналсын десеңіз, мархабат.
«Сырты бүтіннің...» негізгі мақсаты қазақ отбасының «сыртын» ғана емес, «ішін» де «бүтін» қылу», – дейді сценраий авторы Сержан Закерұлы. Оның айтуынша, жоба қазақ отбасындағы проблемаларды, замандастарымыздың мінез-құлқын көрсете отырып, көрерменін ойландырады, «мен не істеп жүрмін?», «мен осы қандаймын?» деген сұрақтарға жауап іздетеді. Сіздің «іші-сыртыңыз бүтін» бе? Бірге ойланайық.