Табиғат тойының насихаты қай деңгейде?
Наурыз – бүкіл түркітілдес халықтарға, Орта Азияға, анық айтқанда, адамға ғана емес, табиғатқа да ортақ мереке. Тіпті табиғаттың төл тойы деуге болады. Қыс құрсауынан босаған тіршіліктің тамырына қан жүгіріп, қайта тіріледі, жаңарады, жасарады. Атам заманнан бері алдынан мал кетпеген қазақ көктемнің шығуына елден ерек қуанса, қазіргі кезде де Наурыздың маңызы арта түспесе, кеміген жоқ.
Дегенмен қаңтардың 1-інен есігімізден енеді деп есептейтін Жаңа жылды әлем-жәлем әшекейлеумен ай бұрын бастайтын біздер Наурызға келгенде неге шоқырақтап қалатынымыз өзімізге мәлім де беймәлім.
Мейлі науқандық шара болсын, мейлі мерекелер болсын, соған орай өзіміз тұратын қаланы, елді мекенді, ғимаратты әдемілеп, әрлеп, әшекейлеп жатамыз. Жаңа жылда қай қаланы алсаңыз да, безендіруге байланысты жарыстар өткізіп, жүлдегерлерді марапаттау игі дәстүрге айналған. Тіпті ғимараттардың терезелеріне дейін суреттер салып, өрнектеп тастайтын едік қой.
Жалпы безендіру – халықтың көңіл күйіне, белгілі бір тақырыпты қабылдауына, қызығушылық туғызуына әсер ететін үлкен шаруа. Безендіру, басқаша айтқанда, кәдімгі жарнама.
Жарнаманы бизнестегілер бес саусақтай меңгерген. Ал ұлттық идеология тұрғысында жарнаманы қазіргі заман талабына сай қолданысқа енгізе алмай отырғанымыз үлкен «әттегенайымыздың» бірі болса керек.
Тіпті көшедегі көп шыршаны, көркем безендіруді көрмей, үйден шықпай отырған күннің өзінде Жаңа жылдың келе жатқанын теледидар сізге ай бұрын айтып, санаңызға сіңіреді. Ондағы несие, дәрі-дәрмек, тауар жарнамаларына дейін Жаңа жылдың иісі аңқып тұрады. Ал Наурыз дегенде таңдайымыз олай тақылдамайды. Неге? Бәрі санаға кеп тіреледі. Санаға енсе, қоғамға енеді. Қоғамға енсе, оны бизнестегілердің өзі-ақ дөңгелетіп әкетер еді. Қалай дейсіз ғой?
Жаңа жыл мерекесінде қай қаланың болсын алаңдарында Аяз ата мен Ақшақар демалушылармен бірге суретке түсуге әзір тұрады, тегін емес, әрине. Ал Наурыз мерекесінің төл кейіпкерлері Қыдыр ата мен Ұмай ананың немесе ертегілеріміздің ерлері Тазша бала, Алдаркөсенің кейпіндегі адамдардың Ұлыстың ұлы күні алаңда алаңсыз жүргенін көрдіңіз бе? Жоқ.
Наурызға орай шығарылатын открыткалар әулиесымақ Валентин күніндегідей өтімді ме? Оған да күмәніміз бар.
Бұл жерде әңгіме Наурыздан табыс табу, оны қаржы көзіне айналдыру емес, қайта Наурызды сахнадан қарсы алып, сахнадан шығарып салмай, елмен етене араластыру, жалпыхалықтық деңгейге көтеру, әрбір отбасының төл мейрамы ету. Сонда ғана тек мекемелер маңдайшаларында, көшелердегі аспа қондырғыларда жазылатын Ұлыстың ұлы күніне арналған құттықтаулармен қатар, қаланың әрбір қалтарысы Наурыз нақыштарына толып тұрар еді.