Табиғи тілдің дамуы алдын ала жасаған жоспарға бағынбайды
Анар Салқынбай, филология ғылымының докторы, профессор:
– Cіз бүгінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті сынды белді оқу орнында мемлекеттік тіл кафедрасына жетекшілік жасап келесіз. Осы уақытқа дейін кафедрада қазақ тілін дамытып, көркейту үшін нендей ғылыми жұмыстар атқарылды?
– Мемлекеттік тіл кафедрасы – 1991 жылы құрылып, қазіргі таңда республикалық деңгейде ғылыми-әдістемелік орталыққа айналған үлкен ұжым. Кафедраның алғаш рет ірге қалап, бүгінгідей үлкен ұжымға айналуы филология ғылымының докторы, профессор Талғат Сайрамбайұлының есімімен тығыз байланысты. Т.Сайрамбаев он жылдай басшылық еткен жылдар қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болып, әдістемелік және оқу құралдарын жазуды енді ғана қолға ала бастаған тұс еді. Ғалым ағамыздың көптеген іргелі істің басталуына түрткі болғаны анық.
Қазір кафедра ұжымы республикалық ЖОО-ларға арнап типтік бағдарлама жазып, жыл сайын бірнеше монография мен оқу құралдарын дайындап келеді. Бұл тек сан үшін емес, кафедра оқытушылары әзірлеген «Тіл құрал» оқу құралы «Болашақ» бағдарламасы бойынша емтихан тапсырушыларға, мемлекеттік қызметкерлерге қазақ тілін меңгерудің емтиханына дайындық құралы ретінде шығарылды. Студенттердің бәсекеге қабілетті болып шығуы мақсатында мемлекеттік тіл деңгейге бөліп оқытылады, сонымен бірге әр мамандыққа қатысты кәсіби қазақ тілінің оқытылуына терең мән беріледі. Мұнда әр маманның өз мамандығы бойынша кез келген мағлұматты қазақ тілінде жеткізе алуына, терминдердің ұғымы мен мағынасын түсініп, қолдана білуіне ерекше мән беріледі.
– Бүгінде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында мемлекет тарапынан бірқатар бағдарлама жасалуда. Десек те, оқу-әдістемелік құралдар мен тіл үйрететін өзге де оқулық жағынан тапшылық көріп отырған жоқпыз ба?
– Қазіргі күні «қазақ тілін оқыту әдістемесі жетілмеген», «оқулық жоқ» деген сөздер қазір күн тәртібінен түскен деп айтуға толық негіз бар. Әрине, бұл ұлағатты істің әр уақытта да жетіле береріне, дамытылатынына дау жоқ. Әйткенмен оқимын деген азаматқа қазіргі таңда оқитын оқу құралы да, электронды оқулық та, әдістемелік нұсқау да жететіні анық. Кез келген тілдің дамуы оның қолданыста болуымен тікелей байланысты. Әр қазақстандық азамат күнделікті өмірде қазақ тілінде сөйлесіп, жазып, оқып жүрсе, мемлекеттік тілдің дамуына өзіндік үлесін қосып жүрмін деп нық сеніммен айтуына болады. Тілдік даму – өте күрделі үдеріс. Ол бірер адамның жазған-сызғанымен немесе шалақазақшалап «көз үшін» ғана қазақша сөз бастауымен ешқашан дамымақ емес. Мемлекеттік тілдің дамуы жалпыхалықтық қолданыста болуымен тығыз байланысты.
Тіл – тарихи дамудағы құбылыс. Тілдегі эволюция және прогресс туралы түсініктер өте күрделі болып келеді. Қоғамның дамуына орай ойлау да дамиды, ал тіл сол өзгерісті бейнелейді. Тіл де жетілу үстінде болады. Мысалы, әлем тілдері арасындағы аналитикалық жүйенің пайда болуын кейбір ғалымдар тілдік техниканың жетілуі деп түсінеді. Қоғамдағы өндірістік күштердің, ғылымның, адамзат мәдениетінің, техниканың дамуы жаңа ұғымдар мен түсініктерді өмірге әкелді. Олардың бәрі де тілден өз орнын алуы қажет болғандықтан, тілдің қоғамдық қызметі де өседі. Тілдің дамуын сөздік құрамның өсуінен және сөз мағыналарының көбеюінен байқауға болады. Қоғам мәдениетінің даму дәрежесі тілдің сипатымен тікелей байланысты. Табиғи тілдің дамуы алдын ала жасаған жоспарға бағынбайды.
– Дегенмен белгілі бір үлкен жұмысты игеру үшін арнайы жоба-жоспар қажет екені белгілі. Осы орайда басты назарға тіл дамытудың мемлекеттік бағдарламасын алатынымыз сөзсіз. Аталған бағдарламаға қатысты ғалым ретінде айтар ойыңыз қандай?
– Еліміздегі тiлдердi дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы бар. Бұл құжатта мемлекеттiк тiлдi оқытудың әдiснамасын жетiлдiру және стандарттау, мемлекеттiк тiлдi оқытудың инфрақұрылымын дамыту, мемлекеттiк тiлдi оқыту процесiн ынталандыру, мемлекеттiк тiлдi қолданудың мәртебесiн арттыру, мемлекеттiк тiлге сұранысты арттыру, қазақ тiлiнiң лексикалық қорын жетiлдiру және жүйелеу сияқты күрделі мәселелерге жақсы көңіл бөлінген. Мемлекет басшысының өзі тікелей осы мәселеге мән беріп келеді. Елбасының «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін, «қазақ тілі – қазақстандықтарды біріктіруші негізгі фактор», «2020 жылға қарай 95 пайыз қазақстандықтар мемлекеттік тілде сөйлеуі керек» деуі – қазақ тілін оқытушы ұстаздар мен ғалымдар үшін, жалпы қауым үшін басты қағидаттар болуы шарт. Шынында да, әр қазақ бірімен-бірі қазақша сөйлесіп жатса, бүкіл қазақстандықты қазақ тілі арқылы біріктіріп, мемлекеттігіміздің іргесін бекітсек, 2020 жылға қарай 95 пайыз мемлекеттік тілде сөйлесек, бұдан артық қандай бағдарлама, қандай тіл саясаты керек?! Демек, қазір бізде бағдарлама да, сөз де бар. Тек іс керек Әр қазақ баласы қазақша сөйлеп, өз тілінің дамуына үлес қосуды ойлауы керек. «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деп данышпан Абай айтпақшы, енді істі түзеу әрбір жеке азаматтың азаматтығына сын болуы тиіс.
– Қазақ тілінің дамуы, қазақ тіліндегі оқулықтармен тікелей байланысты деп жатамыз. Бірақ көпшілік қазақ тілін оқытатын оқулықтардың көптігінен қайсысын аларын немесе қолданарын білмейді. Тіл үйренушілер қазақ тілі оқулықтарының қайсысынан үлгі алуына болады?
– Өте орынды сұрақ. Шынында да, қазіргі кезде қазақ тілінің оқулықтары мен әдістемелік құралдары баршылық. Ешкімге неге шығардың, қалай шығардың деуге болмайды. Мол болғаны, көп болғаны, әрине, жақсы. Сан қашанда сапаға алмасатыны анық. Бұл арада шыққан оқулықтар мен оқу құралдарының сапалық жағын анықтауға, таңдауға мүмкіндік бар. Мұны тек қуаттау жөн. Дамыған орыс тіл білімінің өзінде таңдаулы оқулық деп біреуін атап бере алмайды. Өйткені әркім өзінің қажетіне қарай таңдап пайдалана алуы керек. Қазір бізде жеделдетіп оқытатын да, әр деңгейге бөліп оқытатын да жақсы оқулықтар мен оқу құралдары шығып жатыр. Қазақ тілін үйренемін деген азаматқа қай деңгейде болса да тіл үйретуші оқу құралы бар. Мүмкін, оның таралымы аз болар. Бұл – басқа әңгіме. Айтайын дегеніміз: қазақ тілін шын ниетімен үйренуші бар болса, оған қажетті оқу құралдары жоқ емес.
Анар Бекмырзақызы Салқынбай – филология ғылымының докторы, профессор, жоғары оқу орындары оқытушыларының үздік оқытушысы грантының (2007) және ғылым мен техника дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті ғалымдар мен мамандарға берілетін мемлекеттік ғылыми стипендияның иегері. Ғалымның негізгі зерттеулері қазақ тілінің тарихына, сөзжасам жүйесіне, көне түркі ескерткіштерін ұлттық дүниетаныммен байланыстыра қарастыруға арналады. Осы бағытта жазылған «Тарихи сөзжасам». «Семантикалық аспект», «Функционалды грамматика очерктері», «Қазақ тілінің тарихи грамматикасы», «Әдіскер тағылымы», «Қазіргі қазақ тілі», «Тіл әлемі», «Тіл. Таным. Білім», «Қазақ сөзі: уәжділігі мен тектілігі», «Шаһкәрім шыққан шың» атты ғылыми-зерттеулері мен оқу құралдарының қазақ тіл білімінің ғылыми-теориялық дамуына қосар үлесі зор. Ғалымның Қытай, Польша, Испания, Ресей, Түркия, Тәжікстан, Украина, Армения елдерінде өткен халықаралық ғылыми конференцияларда жасаған баяндамалары ғылыми-теориялық деңгейінің жоғарылығымен, ғылыми жаңалығымен, өзекті тақырыптарға арналғандығымен ерекшеленеді. Профессордың ғылыми жетекшілігімен 12 ғылым кандидаты дайындалды.