Табылсыз өткен бір жыл...

Табылсыз өткен бір жыл...

Күз сары түсті сағыныш арқалап та келе алады, сондай-ақ ол қоңыр мұң да құштыра алады... Өткен күздің Алаш үшін арқалап келген ең бір ауыр қайғысының бірі арамыздан жүрегінің әр лүпілі ұлтым деп соққан Табылды Досымов сынды отты азаматты алып кетуі болды. Ештеңеге тоқтау бермес, тіпті  бір сәтке де мойын бұрмас асау уақыт әне-міне дегенше доңғалағын 365 рет айналдырып үлгеріпті-ау. Солайша Табылдыны жоқтаған сары жапырақ ақ қарға оранып, ол қайта көктеп, қайта сол сұрқай күздегідей қоңыр түске боялды.
Әрине, ажалды алқымнан алып, «неге ананы алып кеттің, ол жақсы адам еді ғой, неге мынау жүр, оның ешкімге пайдасы жоқ» деуге пенде баласының дәрмені жетпесі хақ. Ол да, кім білсін, «көзі тірісінде қадірлеп жетістірдің бе?» деп, өзімізді ұялтпаса деңіз... Басқасы басқа, дәл мына жағдайда олай десе, жауап берудің өзі қиын. Неге? Себебі Табылды Досымовтың есіл еңбегін ерекше бағалағандар өте аз болды, әндері радиотолқындардан өте сирек беріліп, телеарналар тіпті оның жарқын жүзін жылына бір көрсетті ме, көрсетпеді ме? Жә, құрғақ сөзді қайтеміз, одан гөрі нақтылыққа көшіп, ұлттың үні – Қазақ радиосынан неге Табылдың әні берілмейтінін сұрасақ. Жалпы, Алтын қорда қалып па үні?
Алтын ИМАНБАЕВА, Қазақ радиосындағы Алтын қордың жетекшісі:
– 2007 жылы Қазақ радиосының үлкен бір жобасы – «Атамекен аспаны­мен» Атырауға бардық. Сонда ел ішінде жүріп, онша еленбей кеткен өнер иелерін іздеп, солардың шығармаларын жинаған болатынбыз. Арасында алтын­ның сынығындай Табыл да бар. Ақ Жайыққа жетісімен журналистер бар шаруаны жинап қойып, бірден сол Та­был­ды ағамыз тұрып жатқан Махамбет ауданына тартып тұрды. Өзімен жүзде­сіп, сұхбаттасып, сонда ән жинағын да ала келіп еді. Сапардан оралысымен әлгі әндерді әуе толқынына беру үшін көркемдік кеңеске ұсындық. Алайда біздің көркемдік кеңестің талабы әуес­қойлықтан гөрі кәсіби деңгейі жоғары, сосын сапалы жазылғандығына қатты ден қойды ма, білмеймін, әйтеуір, Та­был­ды әндерін радиодан беруге рұқсат берілген жоқ. Көркемдік кеңес мүше­лерінің талғамы биік болды ма екен... Енді Табылды арамызда жоқ. Ал ол шығармашылық мол мұра қалдырды ғой. Ол керексіз болып қала ма? Қазіргі қоғам керек етпеген күннің өзінде келер ұрпақ іздесе, біз не деп ақталамыз? Сондықтан біз осы жағын ақылдаса келе, Алтын қорға Табыл әндерін қа­был­дауды, тізімдеп, әндерді біртіндеп өңдеп, сақтауды өз мойнымызға алып отырмыз. Меніңше, Табылды іздейтін ұрпақ міндетті түрде қылаң береді, тіпті шығармаларын талап алып, тамсана орындайтынына да сенемін.
Бүгінде Қазақ радиосынан бард, қазақ­ша айтқанда, өзі ақын, өзі сазгер, өзі орын­даушы, бір сөзбен айтқанда, жырау Табыл­дының, өкінішке қарай, өз даусымен орын­даған әндері берілмесе де, өзге орындау­шылардың заман талабына сай өңдеп, әрлеп орындаған бірді-екілі әндері беріліп жүр. Атап айтқанда, Мұқағали Мақатаев­тың сөзіне жазылған «Ұнатамын мен сені» әні мен Фариза Оңғарсынованың сөзіне жазылған «Қыз махаббаты» әндері  тараздық әнші Мәдина Сағымбаеваның, тағы да бір Фариза Оңғарсынованың сөзіне жазылған «Мен саған ғашық емес ем» атты әні «Серілер» тобының орын­дауын­да эфирлерден беріліп жүр. Осылар­дың ішінде Мәдина Сағымбаева автордың өзінің көзін көріп, әндерін өз қолынан алған екен. Біз әншіге қоңырау шалдық.
Мәдина Сағымбаева, әнші:
– Мен 2005 жылы Қалдыбек Құр­маналиевтің ұйымдастыруымен болған Алматыдағы Республика сарайында өткен «Қазақ әні» концертінде сахна сыртында Табылды ағамен ал­ғаш таныстым. Қарапайымдылығы ғой, сонда өзі жаныма келіп, даусымды ұнат­ты ма екен, әлде өзінің әндерін орындауға келеді ғой деді ме, әндерін ұсынды. Төрт әнін алдым, соның екеуін «Ұнатамын мен сені» мен «Қыз махаб­батын» шығарып үлгердім. Алдыңғысын тыңдап, ұнатты, кейінгі «Қыз махаб­ба­тын», әттең-ай, тыңдап үлгермей кетті. Арамыздан кенет кетіп қаларын кім білген?.. Арамыздың шалғайлығы, яғни менің Таразда, ол кісінің Атырауда бол­ғандығы да әнді естуіне кедергі болды десем болғандай. Енді қалған екі әнін шығарсам деп жүрмін, мойнымда пары­зым бардай сезінудемін. Жаны­ма бататыны – осындай тамаша дарын иесін көпшіліктің біле бермейтіні, оған, меніңше, ағамыздың насихатының аздығы себеп дер едім. Сонан соң радиодан ағамыздың бір әні беріліп жүр. Сөздері тұнған қате. Менде аға­ның өз қолымен берген дұрыс нұсқасы бар, әлгі орындаушылар мүмкіндік болса менен соны алса не жұбайы Қар­лығашты тауып алса. Өйткені өмірден өтіп кетті екен деп, автордың мұрасына қиянат жасауға болмайды ғой. Жай айта салмай,  әрбір әннің жауапкершілігі мен жүгін сезіну керек.
Табылды Досымов есімін ауызға алған тұста қазақ мәдениетінің жанашыры Иман­ғали Тасмағамбетовтей тұлғаның атын атамай өту айып болар. Кезінде әншіге қолынан келгенше қолдау көрсеткен бірден-бір азамат – осы ағамыз. Ал енді әрбір әнін іздеп, әр шығармасын тірнектеп жинау бір адамның қолынан келер іс еместігін түсінсек, бард-әншінің жоқтау­шысы әрбіріміз екенін түйгеніміз жөн. Себебі Табыл өз сезімін ғана жырлаған жоқ, ол жай лирик сазгер ғана емес, ол – заманның әрбір құбылысына, ұлтының басына түскен әр кезеңге үн қатқан жырау. Көптің көкейінде жүргенді, көп айта алмайтынды Табыл айтты. Ол қорыққан жоқ. Тіпті желтоқсанның ызғарынан да ыққан жоқ... Біздің арамызда Табыл сынды бард, былайша айтқанда, жыраулар көп емес, өте сирек. Саусақпен санап шықпасақ та, бір Табылдың өзін насихаттауға неге күш салмасқа? Шығармаларын жарыққа шығарып, мұрасын көп қолданысына енгізетін уақыт жетті емес пе? Әлде Табыл­ды Досымов тек айналасындағы достары мен ұлы Абылға ғана қажет пе? Айтпақшы, «тектіден текті туса игі» деп қазақ атамыз айтқандай, Табылдың ұлы Абылдың жасы 15-те, анасы Қарлығашпен бірге Ақтауда тұрады. Әке әндерін орындап жүрген әлгі ұлдың «орындаушылық мақамына дейін әкесінен аумайды» дейді көргендер. Алайда біз үшін жалғыз Абыл ғана емес, қазақтың әр ұлының Табылдың әндерін Абыл сынды жатқа айтқаны маңызды. 

Табылға

Ақын ең, әнші ең
                          айналған күллі мақтанға,
Қалайша түстің қорқаулар
                                          құрған қақпанға?
Рухың жүр бірге,
                   «құлақтан кіріп бойды алар»
Әсем ән болып шырқайтын
                                          талмай ақ таңға.

Ұмтылдың алға, төбені тұтпай қанағат,
Шыңдарға жетсең, итерді
                                            біреу жаралап.
Ойыңда сенің тоғысты күнде мың қиял,
Әнің мен жырың біздерге енді аманат!

Қайғыға бөлеп,
                           ағайын-туыс, жұртыңды,
Өзің  де тыйып әп-сәтте әсем күлкіңді.
Қоштастың ерте,
                            Қорабай аға айтқандай:
«Самғайтын көкке қанаттың
                                          бірі қырқылды».

Өкпелетті ме бос кеуде
                                   жандар жаныштап,
Солардан безіп,
                       кеттің бе бізден алыстап?
Тірінің қолынан келері сол ғой,
                                                   Табылжан,
Жүрерміз әр кез еске алып,
                                        Құран бағыштап.

Бижан ҚАЛМАҒАМБЕТОВ, Табылдың досы, Ақтөбе қаласы

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста