Тағдырды жеңген тарлан
Қазақ өнерінің небір тума таланттарын дүниеге әкелген қасиетті топырақта өмірге келіп, өзінің театр сахнасы мен кино өнеріндегі қайталанбас бейнелерімен ел жадында мәңгі сақталған сом тұлға – Кененбай Қожабеков.
Тағдырдың тауқыметін ерте тартып, сұрапыл соғыс жылдарына балалық шағын сыйлағаны аздай, ананың аялы алақанынан айырылған киелі өнердің шебері бұл салаға кездейсоқ келіпті. Өзінің естеліктеріне жүгінсек, бір күні жолдастарымен көшеде келе жатып актерлік мектепке шақырған афишаны оқығандығы, сөйтіп, бақ сынауды ұйғарғандығы айтылады. «Сөзді дұрыс түсінбейді екенбіз ғой, өзара даурығысып, баратын болып шештік. Біздің ойымызда актер деген – кино түсіретін жерде отыратын вахтер, киноның бәрін тегін көреді. Қызықтырып тұрғаны осы» деп жазады ол сол сәттерді еске ала отырып.
Жастықтың осындай жалынымен Кененбай Қожабеков шығармашылық жолын театрдан бастап кетеді. Сөйтіп, өнегелі істерімен ел жадында қалған Ғани Мұратбаевтың, демократ-ғалым Ыбырай Алтынсариндердің сахналық тұлғасын сомдап, өзіндік болмысымен, актерлік шеберлігімен барынша шынайы көрсетеді. Кененбай Қожабеков сахналық қойылымдармен қатар, көптеген фильмдерде ойнап, кейіпкерлерінің жан дүниесін ашуда өзгеше даярлықпен келіп, өзіндік өрнегін дәл беруге тырысқан. Кинодағы ең алғашқы рөлі – «Аласталған Алитет» фильміндегі Аэден басталған. Осы фильмдегі қасқырмен алысқан азаматтың ерлігі мен «Біз Жетісуданбыз» фильміндегі жалынды жас Нартай болып, асаудың үстіне екінші қабаттан секіріп мінетін қайтпас қайсарлығы көрерменнің көз алдында. Өнердің асқар шыңына құлашын енді ғана кең сермеп, биік белесіне қанат қаққан сәтте мұзбалақ актердің қанаты қайырылды. Балалар мен жасөспірімдер театрынан шығып келе жатқан кезінде Ыдырыс Ноғайбаев, Нұрмұхан Жантөрин үшеуіне көше басбұзарлары шабуыл жасап, жұлынына әлденеше жерден пышақ салып, омыртқасын зақымдайды. Осы бір қарғыс атқан 1960 жылдың 10 қаңтарын актердің өзі «құлап түскен күнім» деген екен. Сөйтіп, талантты актердің өмірлік арман-мұратына балта шабылды. «Арбамен сахнаға шыға алмайды» деп, театр сахнасынан шеттетілген кезінде жанашыр азаматтар өнердің бір өрмегі сетінегенін сезіп қынжылған еді. Сөйтіп, абзал достары Сұлтан Қожықов пен Нұрғиса Тілендиев киностудияға жұмысқа орналасуына мұрындық болады. Кино өнеріне аяқ басқан актер тағдырдың басқа салған тәлкегіне қайыспай қарсы тұрып, өзін қайраттандырады. «Күндердің күнінде жүре алмай қаламын» деген үрей жанын жегідей жесе де, ол ешқашан өзін мүгедек санап, мойымайды. «Егер біз бәріміз» фильмінде суға ағып бара жатқан шопан мен қызын құтқаруда режиссер қанша үгіттесе де, дублердің көмегіне сүйенбей, Сырдарияның қара күздегі мұздай суына өзі түседі. Аяғы сырқат, жаны жаралы актер намысын қамшылап, осындай ерлікке барады. Соның салдары болуы керек, бір жылдан соң балдақпен жүруден қалып, мүгедектер арбасына таңылады. Ойламаған жерден өмірінің астаң-кестеңі шыққан актер ағамызды Сұлтан Қожықов: «Сен қалайша басқа өмір бастап кетпексің, сен үшін әлі де басты мәселе өнер болуға тиісті, әйтпесе өмір сүріп не керек?» – деп сөзбен серпілтіп, өз тағдырына қарсы тұруына дем берді.
«Киноға да көп түсті. Уайым-қайғысы ішінде ғой, оны анаған мұңдап, мынаған мұңдап көп айтпайтын. Үнемі күліп, әзілдеп жүретін сыпайы адам еді. Сонша жыл жанында жүріп «мен мүгедек едім» дегенін естіген емеспін», – дейді дыбыс режиссері Қадыр Қосай Кеңағаң туралы сұхбатында.
Өмірге құштар, қайсар жан ең алдымен адам бойындағы тазалықты бағалайтын. Жүрегінде жылылығы мен иманы бар азаматтар ол кісінің жанынан табыла білді, жанашырлық танытты, шынайы достықтың үлгісін көрсетіп, талантына бас иді. Тіпті Бауыржан Момышұлы: «Сен хан Кенесің, халық сені көтеріп жүруі керек», – деп зор құрмет көрсеткен. Гүлфайрус Исмайылованың Кененбай аға туралы естелігінде: «Қыз Жібек» фильмі басталатын кезде: «Сұлтан, бәйбішемнің рөлін Гүлфайрус ойнасын, мен одан қысылмаймын, өйткені ол менен ауру деп жиіркенбейді, мені сыйлайды», – деген еді. Мен оған барынша қолдау көрсетіп бақтым. «Кененбай, сен қысылма. Мен бәріне шыдаймын. Сен ірі әртіссің. Маған көп көмек көрсеттің» деймін. Қарасам, еңкілдеп жылап отыр. «Жүрегім ауырады, қасірет жамылдым ғой. Үлкен әртіс болмақ едім, бола алмадым, аяғымнан айырылдым», – деді. Оның аяғын алғанымен, талантын ешкім ала алмас еді», – деген жүрекжарды жолдар бар.
Көзкөрген адамдар Кененбай Қожабековті «мүгедек болғанына қарамастан, дені сау адамдармен тең қимылдаушы еді. Тұлпардың тізгінін ұстап атқа отырып, ол өзгелерге үлгі-өнеге көрсетті» дейді. Бұл орайда Кененбай Қожабеков – он екі мүшесі сау адам жасамайтын іс-әрекеттерге барып, мүгедектігі өнерге кедергі келтіре алмайтындығын ісімен дәлелдеген табиғи талант иесі. Ол шыншыл, ашық-жарқын адам болған. Біреудің жолын кесу, қиянат жасау оның адами қасиеттеріне жат нәрсе еді. Дегенмен ұзында өші, қысқада кегі жоқ, осындай адал, ақжүрек адамның жолын кес-кестеп, кедергілер жасау әрекеті болмай қалған жоқ. «Құлагер» фильмі түсірілгеннен кейін ұзақ уақыт мұрағатта жатып қалды. Сол кездегі киностудия директоры, режиссер Әзербайжан Мәмбетовтің айтуынша, «Жаушы», «Қан мен тер» фильмдерін түсіруге кірісетін күні Әзербайжан аға «Қожабековті қатыстырмаңыздар» деген жеделхат алады. Бірақ бұл хатты екі-үш күн жасырып қояды. Сол екі аралықта Кенағаң қатысатын барлық эпизодтарды түсіріп үлгереді. Артынша тағы да жеделхат келеді. Әзербайжан аға: «Екі күннен бергі түсіргенімді есептеп, кеткен шығынды жабатын болсаңыздар, ол эпизодтарды өзгертейік», – деп талап қойыпты. Жоғарыдағылар тек содан кейін ғана амалсыз рұқсат беріпті. Сөйтіп, Әзербайжан Мәмбетов Кененбай ағаның өз рөлдерінде қалуына көмек көрсеткен екен.
Сегіз қырлы бір сырлы Қожабеков өзінің бағын телевизия саласында да сынап көрген. Бұл жөнінде Кененбай ағаның ұлы Ілияс Қожабеков: «Әкем «Қазақ киносының тарихынан» деген бағдарламаның мәтінін өзі жазатын. Бұл бағдарламаның біраз саны мұрағатымда сақтаулы. Біздің телевизияда Қасымдардан бастап, қазіргі заман ақындарына дейін түгел оқыды, соның бірі де сақталмапты. Абайдың өлеңдерінен 40 минуттық бағдарлама болған. Ол бағдарламада да сақталмаған. Әкем өнерге жанын салды-ақ, бірақ оның шығармашылығынан осындай былықтың арасында жоғалып кеткен дүниелер көп. Өйткені біз – өзімізді бағалай алмайтын халықпыз», – дейді.
Кененбай Қожабеков ұлттық театр сахнасы мен кино әлемінде өшпес із қалдырып, кейіпкерлерінің жан дүниесін ашуда психологиялық тереңдікке, образдылыққа жетті, типтік жинақтау үлгісін көрсетті. Өнер саңлағының саф алтындай шеберлігін, шарықтап асқақтаған табиғи талантын, өмірін насихаттау – болашақ ұрпақ еншісінде. Кененбай аға – Асқар Тоқпанов айтқандай, «аяғымен емес, жүрегімен жылжыған», нағыз тағдырды жеңген тарлан. Тума талантының есімін аялай білсе, елдің де мерейі биіктей берері сөзсіз.
Сандуғаш ТҮСЕН, ҚазМҰУ-дің студенті
• Әріптестер айтқан сыр
Әшірбек СЫҒАЙ, театртанушы, профессор:
Көзінің оты әлсіреген емес
Кененбай Қожабеков ағаны кино саласы арқылы таныдық. Ол кісінің киноларының бәрін кішкентайымыздан асқан құмарлықпен тамашаладық. «Шабандоз қыз» фильміндегі Айдарды ойнағаны менің жадымда жақсы сақталған. Айдарға еліктедік, Айдар болып атпен жүйткіп, Айдар секілді ғашық болсақ дедік. Айдар сияқты мінезді, Айдар тәрізді тапқыр, ақылды болғымыз келді. Осының бәріне жетелеген – актердің қабілеті, таланты. «Шабандоз қыз» фильмін мен алғаш рет мектеп жасында көрдім. Ол фильм 1950 жылдары түсірілген. Онда Мүлік Сүртібаев, Лола Әбдікәримова сияқты халқымыздың таңдаулы өнерпаздары өнер толғады. Солардың ішінде шоқтығы биік көрінгені басты рөлде жүрген Айдар еді. Фактурасы, кескін-келбеті, жүзіндегі жылылық, жұмсақтық, отты көзқарастары, әбжіл қимылдары, іс-әрекеттері барлығы «шіркін, актер осындай болса» дейтіндей деңгейде болатын. «Қыз Жібек» фильмінде Сырлыбайды ойнады. Қандай кең, маңғаз, асықпай сөйлеп, байсалды шешетін, түйіліп отырып түйінін айтатын, қазақ сахарасының кемеңгер, данагөй ақсақалының бейнесін жасады. Ол кісінің актерлік көзқарастары, психологиялық сәттерде толқымай, не асып кетпей, не кем түспей, өмірдің өзіндей етіп дәл беруі, кез келген жағдайдағы жан дүние құбылулары актер ретінде мені ылғи тәнті ететін.
Қазіргі Ғабит Мүсірепов атындағы академиялық жастар театрының негізін қалаушылардың бірі болды. Сондағы басты кейіпкерлерді ойнады. Сондай талантты адамның өнерін қиып тастаған қатыгездерге не айтуға болады? Қоларбаға отырып қалғандағы театрға деген ынтықтығын қарасаңызшы! Екі-үш жігіт көтере-мөтере қай театрдан болса да қалмайтын. Екі көзі жалт-жұлт етіп, қайратты шаштарын қарымды қолымен қайырып тастап, қоларбада болса да, жан-жағына жұтына қарап отырған күйінде мен талай кездестірдім және өзіміз арбасын көтерістік те.
Шын мәніндегі өнер адамы еді. Халық ұлы еді. Халық перзенті еді. Өнері мен өмірі қаншама қиындықта, қапыда, қиналыста жүрсе де, езуінен күлкі кетпей, жарқ-жұрқ еткен көзінің оты әлсіремей, өмірден құлшынып өткен жан. Мұқағалидың жырларын ақынды тірілткендей бір үн дірілдерімен, жан дірілдерімен, көркем поэзияны терең түсінуімен құныға оқитын. Домбыра шерткені қандай еді?! Өзі бір жайдары, жайбарақат, адамға іш тартып тұратын, кішіні кеудесінен итермейтін, үлкенді айналасынан алыс жібермейтін бір магнитизм бар еді. Ол кісінің фильмдерін көрген сайын, ойнаған спектакльдеріне жазылған реценцияларды оқыған сайын қазақта Кененбай Қожабеков атты ақтаңгер, алып актердің болғанын тәубелікпен еске түсіріп, ол кісіні ылғи да сағынып жүреміз. Ұрпақ ұмытпайды. Шын мәніндегі өнердің сәйгүлігі болатын.
Серік ЖАРМҰХАМЕДОВ, режиссер:
Кино Кенекеңнің өмірін айтарлықтай ұзартты
Кененбай Қожабеков – қазақ өнеріндегі, қазақ театры мен киносындағы елеулі тұлғалардың бірі. Арбаға ерте таңылғанына қарамастан, бар өмірін кино өнеріне арнады. Образ сомдауда, бейне жасауда қазақ кино өнеріндегі Кенағаның еңбегі өлшеусіз. 1980 жылдардың екінші жартысында «Құлагердің» қайтадан қазақша вариантын жасадық. Ағамыз 30 шақты фильмге түскен болса да, соның ішінде бастан-аяқ өзінің үнімен, өзінің даусымен дыбысталғаны – тек осы «Құлагер» фильмі екен.
Қазақтың танымал да талантты актерлерін саусақпен санайтын болсақ, үлкен бестікке кіретіндердің бірі – Кененбай Қожабеков. Оның жан дүниесі үнемі киномен, өнермен бірге болды. Өнер ағамызды бір жағынан емдеді де. Егер киноға түспей үйінде отырып қалса, баяғыда-ақ қартайып, өзін-өзі жоғалтқан болар еді. Киелі кино өнері ағамыздың өмірінің айтарлықтай ұзаруына себепкер болды. Кенағаңда артық сөз болмайтын. Үлкенге де, кішіге де «айналайын» дегеннен басқа пенделік қасиеттері жоқ нағыз өнер иесі еді.