Тағы бір маусым тамам болды
Маусымның 28-і күні Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театры кезекті 83 маусымын аяқтайды. Жылдағы дәстүр бойынша «әкемтеатр» маусымы М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» қойылымымен қорытындыланбақшы.
Театр басшылығының айтуынша, аяқталғалы отырған маусым театр үшін табысты болды. Жаңа көркем қойылымдар, шығармашылық кештер, мерейтойлар, көрермендермен кездесулер, гастрольдік сапарлар – биылғы театр маусымының үлкен табысы.
Ең алдымен, жаңа қойылымдарға аз-кем тоқтала кетсек, биылғы театр маусымында көрерменге жол тартқан қойылымдардың бірі – Қазақстанның Халық әртісі Е.Обаев пен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Төлеубек Аралбайдың «Үміт үзгім келмейді» драмасы. Аға ұрпақ тағдырын арқау ете отырып, адамгершілік, имандылық проблемаларын көтеретін бұл қойылым көпшілік
көрерменнің көңілінен шықты. Сондай-ақ Қ.Мұхамеджанов пен Ш.Айтматовтың «Көктөбедегі кездесу» драмасы да осы маусымда театр ұжымына айтарлықтай абырой әкелді. Спектакльді Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед келіп тамашалады. Мәресіне жетіп қалған маусымдағы тағы бір жаңа қойылымның бірі – «Бәкей қыз» трагедиясы. Бұл туынды тарихымыздағы ақтаңдақты толықтыра түсетін көрерменін мемлекетшілдікке тәрбиелейтін көркем қойылым болса, қырғыздың белгілі драматургы Мар Баджиевтің «Қылмыс» драмасы жастар өміріне арналған. Белгілі режиссер Оразалы Ақжарқын-Сәрсенбек аударып, сахналаған туындыда қазіргі қоғамдағы көкейкесті проблемалар жастар өмірі арқылы бейнеленген. Тағы бір атап өтерлік қойылым – Әзірбайжан классигі Үзейір Ғаджибековтың 1913 жылы жазылған, әлемдік музыка мәдениетінің жауһары саналатын «Аршын мал алан» музыкалық комедиясы. Аталған қойылымды Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай әл-Тарази сахналады.
Театрда қазіргі қазақ драматургиясының озық деген туындылары да түгелдей қойылып келеді. Сондай-ақ театр ұжымы биыл Орал, Ақтөбе қалаларына гастрольдік сапармен барып қайтты.
Театр жыл сайын жаңа қойылымдардың фестивалін өткізетіні белгілі. Биыл 14-рет өткен өнер мерекесі «Ұлы мәртебелі актер» деп аталды. Театрда осы маусымда Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай әл-Тарази және Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рәшида Хаджиеваның 60 жылдық мерейтойлары атап өтіліп, мерейтой иелері көрерменінің алдында шығармашылық есеп берді. Маусымдық мерейтойларды театрдың актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қымбат Тілеуова мен оның өмір-өнер серігі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ерік Жолжақсыновтың 50 жылдығына арналған «Ғажайып әлем» атты шығармашылық кештері қорытындылады.
Жаңа маусымда театрда жаңа қойылымдар көп болғай!