Тағы бір өнер жұлдызы Шымкентке қызметке барды
Биыл Шымкент мәдени ошақтарға өнер адамдарын жинай бастады. Мегаполистегі "жылы орындарға" жайғасқан Сәкен Майғазиев, Майра Мұхамеджанова, Ақбота Керімбековалардың қатары тағы бір жұлдызбен толықты. Ол - Мұрат Мұтұрғанов. 
 
Бұл туралы қала әкімінің кеңесшісі, педагог Өмір Шыныбекұлы Facebook парақшасында жариялады.
 
- Әлемге танымал цирк әртісі Мұрат Мұтұрғанов Шымкент циркіне қызметке келді. Мұрат секілді майталман маманның қаламызға келуін тек қолдауымыз керек, - деп жазды ол. 
 
Еске сала кетейік, 2013 жылы Мұрат Мұтұрғанов өзінің қалауымен Қазақ мемлекеттік циркі директорының орынбасары міндетін атқарушы қызметінен кету туралы өтініш жазған болатын.
 
Себебі қол астындағы қызметкерлері Мұтұрғановтың іскерлігіне күмән келтіріп, оған қарсы шыққан еді.
 
Шымкент қалалық әкімдігі Мұтұрғановқа екінші мүмкіндік беру керек деп шешкен сыңайлы.