Тағылымға толы ғұмыр

Тағылымға толы ғұмыр

Тарихтың тереңіне көз тастасақ, тек отбасы, ошақ қасында бала-шағасына, ағайын-туысына ғана қамқор болып қоймай, дүйім халыққа еңбегі сіңген аналарымыз аз емес. Ақыл-пара­сатының арқасында аттары аңызға айналған Домалақ ана, Айша бибі, ел билеген Айғаным, қол бастаған Бопай, кемеңгерлігімен дараланған Зере мен Ұлжан аналардың ізін жалғаған өр тұлғалы асыл жандар әр уақытта болған, бүгінде арамызда бар. Еңбегімен есімі елге танылып, қоғамда өзіндік орнын қалыптастырған жандардың бірі – Бижамал Рамазанова. Өзінің азаматтық өр тұлғасымен, қайраткерлігімен, кіршіксіз жан тазалығымен үлкен биіктерді бағындырған Бижамал апа биыл 85 жасқа толып отыр. Қаршадайынан халқына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан қайраткердің ғұмыры – бүгінгі ұрпаққа үлкен өнеге.

Алғашқы баспалдақтар
Бижамал Рамазанқызы – жер жаннаты Жетісудың тумасы. Қапал өңірінің Қызыл­ағаш топырағында дүниеге келген Бижамал апа жастайынан білімге құштарлы­ғымен, еңбекқорлығымен дараланып, ауыл мектебін үздік бітіріп, қысқа мерзімді педагогика курсында оқиды. Алғаш еңбек жолын мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршіндерге әріп үйретуден бастаған Б.Рамазанқызы Түрген педагогика училищесі жанындағы мектеп мұғалімдерін даярлайтын курсты аяқтап, ұстаздық жолын жал­ғастырды. Жоғары білімін шыңдай түсуді мақсат еткен жас маман кейіннен Алматы қаласындағы мұғалімдер институтын, Абай атындағы педагогика институтын тамамдады. Ұстаздық ете жүріп қоғам­дық жұмыстарға белсене атсалысып, өзінің ұйым­дастырушылық қабілетімен лауазымды басшы­лардың назарына ілігіп, комсомол ұйымдарына жұмысқа тартылды. Ол о баста Талдықорған облыс­тық ком­­сомол комитеттерінің нұсқаушысы, кейін Қаратал аудандық, Талдықорған қалалық және облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет жасады. Жауапкершілігі мол қызметті абыроймен атқара білген маман кейіннен Талды­қорған қала­лық атқару комитеті төрағасының орынбасары, одан соң Талдықорған облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары міндетін иеленді. Осы өңірдің өндірісін өр­кендетуге, мәдениетін дамытуға, халқының тұрмысын жақсартуға өлшеусіз үлес қосқан Бижамал Рамазанқызы салиқалы еңбегі үшін талайдың құрметіне бөленген еді.
Еңбекпен өрілген өмір
Қазақтың біртуар тұлғасы Дінмұхамет Қонаев мемлекет басқарған тұста Бижамал Рамазанқызы Алматы облыстық партия комитетінің хатшысы, Қазақ КСР Жо­ға­ры Кеңесі Президиумының хатшысы міндетін атқарып, мемлекет және қоғам қай­раткері ретінде таныла бастады. Кейіннен Алматыдағы республикалық мұрағат бас­қар­масын басқарған уақытта Бижамал Рамазанқызы іскерлігі мен ұзақ жылғы тә­жі­рибесінің арқасында осы саланың қыз­метін жандандыруға күш салды. Еліміздегі мұрағат­тарда қордаланған мәселелерді көрегендікпен шешіп, қорларды фото­құ­жат­тармен толықтыруды оң жолға қоя білді. Осы жылдары дүниежүзілік мұрағат қыз­меткерлерінің Вашингтонда және Лондонда өткен конгрестерінде баяндамалар жасады. Қолға алған әрбір ісіне тиянақ­ты­лықпен, асқан ыждағаттылықпен қарайтын Бижамал апай мемлекет пен қоғам үшін атқарған ұзақ жылдық еңбегінің жемісі ретінде екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, екі рет «Құрмет белгісі» ордендерімен марапаттал­ды, үш мәрте КСР Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланды. 2004 жылы Елбасы­ның қолынан Құрмет орденін иеленді.
Қандай жауапты қызметтерді атқарып жүрсе де, Бижамал Рамазанқызы өзінің нәзікжанды екенін бір сәтке естен шығарған емес. Комсомол жұмысы мен жеке өмірін бір-бірімен ұштастыра білген жас маман комсомол обкомында дене шынықтыру және спорт бөлімін басқарған Шапағат Әл­ба­заровпен отбасын құрды. Шапағат Әлбазаров – «Қызыл жұлдыз» ор­денінің кавалері, Белоруссияны, Польшаны жау­дан азат етуге, Берлинді басып алуға қатысқан жауынгер. Ол – Екінші дәрежелі Отан соғысы­ орде­нінің кавалері және Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай Елбасы­ның қолынан алғашқы болып Құрмет орденіне қол жеткізді. Бижамал апай өмірлік жары Шапағатпен Бауыржан, Бақыт­жан атты екі ұл тәр­биелеп өсірді. Бүгінде көр­генді отбасыдан шық­қан азаматтардың бірі – дәрігер, бірі ғарыш маманы болып қызмет етуде. Ал Шапағат ата мен Бижамал апа балаларынан немере, шөбере сүйіп отыр. Немерелері Әділжан – Астана қаласындағы рес­пуб­ликалық клиникалық ауруханада кардиохирург, бөлім бастығы. Тағы бір немерелері Қайыржан мұнай өңдеу саласы­ның мықты маманы ретінде шетелдерде қызмет етуде.
Бижамал апаның өмірбаянын қарап отырсаңыз, ол кісінің еңбек жолы Қазақстан тарихының үлкен бір кезеңін қамтиды. Ол жастайынан кеңестік билік жылдарында халықтың тұрмысы қандай болғанын, 30-40-жылдары халықтың қандай күрделі кезеңді бастан өткергенін, Ұлы Отан соғысының бар ауырт­палығын, тың игеру жылдарындағы қиындықтарды өз көзімен көріп, куә болды. Кезінде Қонаев, Ниязбеков, Әшімов, Тәшенов, Кәріпжанов сынды озық ойлы азаматтармен қызметтес болған Б.Рамазанқызы әр тұлғаның қазақ халқы үшін еткен ерен еңбегін қашанда жоғары бағалап, жас ұрпаққа үлгі етіп отырады. Осы уақытқа дейін әлемнің 20-дан астам елін аралаған Бижамал Рамазанқызы өзінің бар көргенін, оқыған-тоқығанын талапты жастарға үйретуден жалыққан емес. Оның ізденімпаздығының тағы бір көрінісі – Бижамал Рамазанқызы біршама жыл Мәдениет қызметкерлерінің білімін жоғарылату институтында дәріс беріп, философия ғылымы бойынша кандидаттық диссертация қорғады.
Өмірден көргені мен түйгені мол ұла­ғат­ты жан күні бүгінге дейін қоғамдық өмір­ге белсене араласып, білімі мен білігін жастардың бойына сіңіруге тырысып, ке­йін­гі ұрпаққа үлкендік кеңесін беріп отыра­ды. Соңғы он жеті жыл бойында Бижамал Рамазанқызы Алматы қалалық ардагерлер кеңесінде жастарға рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беру комиссия­сы­ның төрайымы қызметін атқарып келеді. Осы уақыт аралығында Бижамал апаның мұрындық болуымен Алматы қаласының ардагерлер кеңесі жас ұрпақты тәрбиелеуде аса маңызды іс-шаралар ұйымдастырып, мектеп оқушылары мен жоғары оқу орын­дарының студенттерін патриоттыққа баулуда. Оның «Ұмытылмас екі сапар», «Өс­ке­лең елдің өренді қыздары», «Елім деп соққан жүректері», «Ұрпаққа ұлағат» сынды кітаптары – ғибраты мол құндылықтар. Жақында «Они ковали историю» атты кітабы жарық көрмек.
Есте қалған күндерден естелік
«Жүйткіген уақытқа шара бар ма?! Ұлы Отан соғысына қатысқан, тылда еңбек еткен азаматтар күннен-күнге азайып барады. Адамзат өміріндегі ең сұрапыл, ең қан­ды, ең ұзақ соғыс – Екінші дүние­жүзілік соғыс. 1908-1926 жылдар арасында туған ұрпақ Ұлы Отан соғысына қатысты. Осы ұрпақтың көргенін ешбір ұрпақ көрген емес. Бұлар 1921-22 және 1931-33 жыл­дар­дағы аштықтың екі түрін көрді. 1937 жылғы қырғынды да бастан өткерді. 1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысының ыз­ға­рына төзді. Олар белшесінен су кешіп, от пен оқтың астында жүріп, елге бірі жаралы, енді бірі мүгедек болып оралғаннан кейін де елді қайта көтеруге атсалысты. Келген бойда оқыды, өйткені олар тіпті онжыл­дық­ты бітіре алмай соғысқа кеткен еді. Отбасын құрды, елімізді көркейтті. Осы ұр­пақ 1980 жылдардағы реформаға да тап болды. Сол кезде тиісті зейнетақысын алуда да кедергілерге кездесті. Мен осы ұр­пақты қиындықтың ең бір қияметін көрген қаһарман ұрпақ дер едім. Дәл осылардың балалары бүгінде елді көркейтуде. Сон­дық­тан өзі санаулы қалған осы ұрпақтың өкіл­деріне үлкен ілтипатпен, құрметпен қарап, жағдай жасау керек сияқты. Соғыс жылдары тылда жас балалар мен әйелдер, елуден асқан ер-азаматтар күндіз-түні тын­бай еңбек етті. Мен сол уақытта бес жас­тағы баланың соғыстың не екенін біліп, Отанды қорғаудың қажеттігін сезініп, ерте есейгеніне куә болдым. Он жасар баланың мойнына қоржын іліп, қоржынның екі қалтасын тары мен бидайдың тұқымымен толтырып, әлгі балаға күн демей, түн демей жерге тұқымды шашқызатын. Баланың соңында жығылып қалмасын деп бір ересек адам еріп отыратын. Қалған балалар даладағы ит-құсқа қарамастан, колхоз-совхоздың отар-отар малын бағып кететін. Тылдағы ең бір ауыр күндер майданнан келген қарақағазды алып, үйді-үйге қара­лы қазаны естірту болатын. Сол уақыттағы қариялар мен балалардың көз жасы ойымнан кетпейді. Бірде ауылдағы бір үйдің баласы немістерге тұтқынға түсіпті деген хабар келді. КГБ-дан адамдар келіп, әлгі баланың шешесі­не баласының Отанын сатып кеткенін айтып, оның үйіндегі заттарды тәркілеп, әрқайсысына баға салып, дүкенге қойды. Сондағы дүние: құрым киіз, тозы­ғы жеткен алаша мен көрпе, бір жастық, қаудырлаған бір шәйнек пен кесе. Сол кездегі жұрттың бір-біріне деген көңілі, дос­тығы қандай болды десеңізші. Ауыл адамдары ым-жымдарын білдірмей, дүкеннен барып біріміз шәйнегін, біріміз көрпесін, алашасын сатып алып, әлгі үйге қайтарып бердік».

Бижамал Рамазанова, қоғам қайраткері, Құрмет орденінің иегері:
– Аллаға шүкір, осы Тәуелсіз ел бол­ғалы 20 жылдағы табысымыз бір ғасыр­да жететін табыспен тең. Бірақ жылдам қол жеткізген жетістіктің қадірі болмай қала ма деп қорқамын. Қазір «не ішемін, не жеймін» демейміз. Осы бізге астамдық болып кетпесе екен. Менің тағы бір қын­жы­латыным – қазақ қыздарының шетелге кетіп жат­қаны. Бұл – біздің сүйегімізге таң­ба. Осы арқылы біздің генафонд құ­рып барады. Сол жиендеріміз бізге дос бола ма, қас бола ма – білмейміз. Бірақ әрбір бала өз әкесін қайтсе де табады. Ал олардың әкесі бізге жақ емес, бөтен болса, біздің ертеңіміз не болмақ? Онсыз да аз халықпыз ғой. Айналайындар-ау, соғыстан кейінгі жылдары қазақ қыздары біреудің байлығына, біреудің жағдайына қызықпай-ақ, соғыстан аман келген жігіттерге тұрмысқа шықты ғой. Қазір де біздің базарда арба сүйреп жүрген қара балаларымыз бөтен шетелдіктен мың есе артық. Ел арасында «Еркек азаматты тәрбиелейді, ана адамзатты тәрбиелейді» деген дана сөз бар ғой. Сондықтан қыздарымыз өз ұлтының бо­ла­шағын жат елдің қалталысына айыр­бастамаса екен.
«Мен өзімнің өміріме дән ризамын, өзімді бақытты жандардың бірімін деп есептеймін. Менің ең үлкен бақытым – халқымның осы азат күнге жеткенін, өсіп-өркендегенін көргенім. Қазағымның қай­ғы­сына да, қуанышына да ортақтас болып, елімнің болашағы үшін теңіздің тамшысындай болса да, еңбегіммен үлес қосқа­ным үшін бақыт­тымын. Елбасымыз қашан­да бір-бірімізбен тату болайық, қазақша сөйлейік, білімімізді тереңде­тейік деп айтып келеді ғой. Мемлекет басшысына ал­ғыс­тан басқа айтарымыз жоқ. Біз, аға ұр­пақ, жастарға сын айта бермей, қолдау көр­сетуге тиіспіз. Біздің сенеріміз, алдымен, Алла болса, екінші – жастарымыз. Ең кере­меті – қазіргі біздің жастарымызда еркіндік бар», – дейді Бижамал Рамазан­қызы.

 Еренғайып Шайхутдинов, академик, қоғам қайраткері:
– Бижамал Рамазанова жас кезінен ұстаздық етті. Өзінің білімділігінің, ақыл-парасатының ар­қасында ол жастайынан мемлекеттік, қоғамдық қызметтерге араласып, ұзақ жылдар абыройлы істерімен көзге түсті. Ол кісі адамдармен тіл табыса біледі, қажет кезде ақыл-кеңесін беріп тұрудан бас тартпайды. Бижамал Рамазанова – үлкен шаңы­рақтың әжесі, анасы. Жұбайы Шапағат ақ­сақалмен саналы ұрпақ тәрбиелеп, немере сүйіп отыр. Ке­зінде талай мықты тұлғалардың шапа­ға­тын көрген Бижамал Рамазанқызы қарасөздің қас шеберлері М.Әуезов, С. Мұ­қа­нов сынды тұлға­лардың мұрындық болуымен елеусіз қалған Ш.Уәлиханов­тай қазақтың біртуар ұлына ескерткіш қойғызды. Бүгінде сексеннің бесеуіне келсе де, қоғамдық жұмыстардан алыстамай, бар күш-қуатын ел болашағының игілігіне жұмсап келеді.
Күләш Қуантаева, академик, қоғам қайраткері:
– Бижамал Рамазанованың өмірі өте өнегелі. Әсіресе қазақ қыздары мен келіншектері үшін Бижамал апайдың өмірінен алар тағылым мол. Үлкен қыз­мет­терде жүріп, талай жасты тәрбиелеп, пара­саттылықтың дәнін себе білген апа­мыздың ерен еңбегі қашанда құрметке лайық. Ол кісі талай шетелдерге шығып, ол жақтан көрген-білгенін жас­тармен бөлісіп отырды және өзі де елін шетелдік­терге жақсы қырынан көрсетуге тырысты. Бижамал Рамазанова республикалық мұра­ғатта қызмет етіп жүрген кезінде қазақ әйелдері туралы кітап шығару үшін еліміздегі белсенді әйел азаматтарды тартып, бәріміздің басымызды қосып, кітапқа мақала жаздырды. Саналы ғұмы­рын елге қызмет етуге арнаған апамыз күні бүгін тынбай еңбек етіп келеді. Бижамал апайға ұзақ ғұмыр, мықты денсау­лық тілеймін.

Орынша Қарабалина, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, ардагер ұстаз:
– Мен жоғары оқу орнын тамамдап, 1955 жылдары Алматы облысы Ақсу ауданына жұмысқа бардым. Бір жылдан кейін облыстық комсомолдың пленум мүшесі атандым. Сол уақытта Бижамал Рамазанова облыстық комсомолдың бі­рін­ші хатшысы болатын. Мен ол кісіні ал­ғаш пленумға барғанда көрдім. Ол кезең бір тапшы уақыт болса да, пленум­ға барған адамдарға арналған дастар­қан­ды жайнатып қойыпты. Әрбір үстелде самаурын қайнап тұр. Сөйтсек, осының бәрін Бижамал апай ұйымдастырған екен. Пле­нум жиналысы басталарда зал­ға ұзын бойлы, әдемі, шашы толқындай бұй­ра, тік жағалы пальто киген Бижамал апамыз кірді. Бұрын ондай адамды көр­мегенбіз ғой, таң­ғалдық. Міне, біздің Бижамал апаймен таныс­тығымыз осылай басталды. Одан кейін 1956 жылы Кәкімжан Қазыбаев сынды азаматқа тұр­мысқа шығатынымды естігенде Бижамал апай өзінің үлкендік жанашыр­лығын танытып, бізге ауылға жетуіміз үш­ін тіпті өзінің жеңіл көлігін де берген болатын. Ол кісі өзінің қарамағында қызмет ететін әрбір жас маманның жұмыспен қамты­луына, тіпті отбасылық жағдайларына дейін мән беретін. Біреуге қамқорлық жасамаса жүре алмайтын апай мені әлі күнге өзінің сіңлісіндей көреді. Ол кісі бүгінде өмірден өтіп кеткен көптеген мемлекет қайраткері болған адамдардың зайыптарына, туған-туыстарына реті кел­­се көмегін аямайды. Қандай ортада болсын беделі жоғары, адамгершілігі мол Бижамал апайдың адами қарапа­йым­дылығы көпшілікке өнеге деп біле­міз. Бижамал Рамазанова ел тарихының 1942-80 жылдарындағы іскер, белсенді қазақ әйелдерінің эталоны десек артық емес. Ол – өзінің іскерлігімен, ұстазды­ғымен, дипломаттығымен ел мақта­ны­шына ай­налған жан. Мемлекеттік қыз­мет­те жүрген кезінде құрамында ел президенттері, парламент депутаттары, сенаторлары, дипломаттары, жастар ұй­ым­дарының делегаттары бар 55 мем­лекеттің делегациясын қабылдап, елі­міздің жеткен жетістіктерін айдай әлемге паш ете білді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста