Тағзымнан кәрзеңке қымбат па?
Қаржы дағдарысы қатты әсер еткен бе, қайдам, қалалық әкімдіктегілер үнемдеуді үйреніпті. «Дұрыс» деп сүйсініп қаларыңыз сөзсіз. Наурыз айында Тараз қаласындағы Жамбыл Жабаевтың 164 жылдығына орай арнайы іс-шара ұйымдастырылып, ақынның ескерткішіне гүл шоқтары қойылған болатын. Мерекелік шарадан кейін әлдекімнің гүлдің шоқтарын алып қойып, кәрзеңкені өзімен бірге алып кетіп бара жатқанын тәртіп сақшылары байқап қалады.
Мұны ұрлық деп түсінген тәртіп сақшысы «ұсталмаған ұры еместің» керін келтірмесін деп кәрзеңкеқұмар азаматты тоқтатып, мән-жайды сұраған ғой. Сөйтсе, ол әкімшілік қызметкері болып шығыпты. Айтқан уәжі: «Алдымызда әлі бір-екі мәдени іс-шара бар. Соған қайта-қайта кәрзеңке сатып алғанша, арзандау гүл сатып алып, кәрзеңкеге қондыра саламыз», – депті. Тәртіп сақшысы үнемшіл қызметкердің уәжіне шалқасынан түсе жаздапты. Тез арада басшысына хабарлаған.
Ахат ӘБДЕЗОВ, Жамбыл облыстық ішкі істер департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы:
– Бұрын-соңды мұндай, бір жағынан, сұмдық, бір жағынан, қызық оқиға тәжірибемізде болған емес. Елдің ойына келмегенді ойлап тапқан кісі анау-мынау емес, әкімдіктің әжептеуір қызметкері болып шықты.
Бір ғана тараздықтар емес, мұндай үнемшілдік «ауруы» шымкенттік шенеуніктерге де жұғыпты. Басқа облыстарда да бар болар, бәлкім. Жуырда мамыр айының соңғы күнінде Шымкенттің шетіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған «Қасірет» мемориалының алдында арнайы іс-шара ұйымдастырылған болатын. Қала әкімі тарихқа тағзым етіп, Алаш ардақтыларына арнап арнау сөз сөйледі. Соңында құшақ-құшақ гүл шоқтары қойылды. Арасында үш-төрт кәрзеңкелі гүлдер де болған, әрине. Әкім кетісімен әкімшіліктегі шолақ белсенділер гүлдерді алып тастап, кәрзеңкені өздерімен арқалай кетіпті. Бұған куә болғандарға «басқа іс-шараға жаратамыз» деп жауап қайырған. Бұдан да сорақысы, көздің жауын алатын гүлдердің солып қалатынын ойлап, жаны ашыды ма екен, белгісіз біреулер әлгі гүлдерді апарып базарға сатыпты. Қаланың қақ ортасында «Акация» атты гүл базары бар. Сондағы гүл сатушыларға жарты бағасына өткізген. Бұдан кейін сол маңға жақын тұратын аймақтың балалары келіп, гүлдерді шашып, ит-рәсуасын шығарған. Аруақтарға арналып құрмет ретінде қойылған гүлдерді әкімшіліктегілерден бастап балаларға дейін талан-таражға салғаны тарих алдында ұят емес пе? Бұл жөнінде хабары бар ма екен деп әкімшілікке қоңырау шалғанбыз. Аты-жөнін айтудан бас тартқан қызметкер: «Ол жердің тазалығына тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі жауап береді. Бәлкім, тазалық үшін жинастырған шығар?» – деп жауап берді.
Иә, дағдарыстың дауылы тарихи тұлғаларға да жеткен сияқты. Тым болмаса еске алу күндерінің өзінде кәрзеңкелі гүлден де «айырылып» қалып жатыр. Оларға гүл қоюдың өзі саясатқа айналып кеткен бе дерсің. Әкім білмес, әрине. Мәдени іс-шараға деп бөлінген қаржыға алынған кәрзеңкеден үнемделген ақшаның әкімшілікке пайдасы тисе жақсы ғой. Әлдекімнің қалтасы қызығын көріп жатпаса болғаны... Келесі мерекеге дейін...