«Тайжарыс» танытқан жас таланттар Түркияны тамсантып қайтты
«Шалқар» ұлттық радиосының «Тайжарыс» радиофестивалі жақында жас өнерпаздарды «Атадан қалған мұра» қорымен бірлесіп қазақ өнерін Түркия еліне паш етіп қайтты. Осы орайда біз шараның басы-қасында жүріп, ұйымдастырған, «Тайжарыс» радиофестивалінің негізгі авторы, белгілі журналист Гүлбағыш Бостанмен сұхбаттасқан едік.
– Байқауды Түркияда ұйымдастырғанға дейінгі шаралар туралы айтыңызшы, қазақ өнерін өзге елде танытуға аттанған балалар кездейсоқ жиналмаған болар?
– Әрине, шетелге барып келді деп айтуға ғана оңай. 2001 жылы ашылғанда да «Тайжарыстың» мақсаты Қазақ радиосының «Алтын қорына» үздік балалар әндерін жинау болатын. Ол кезде тіпті атының өзі тәрбиелік терең мәнге ие болсын деген ниетпен сол кездегі Қазақ радиосының бас редакторы, көрнекті жазушы Жұмабай Шаштайұлы «Тайжарыс» деп атаған болатын. Ол кезде қазіргідей балалардың өнері толықтай қанатын жая қоймаған кез әрі радионың толқындары да көптеген аумақтарға жете қоймаған шақ еді, біраз қиналғанбыз. Ал бүгінгі күні ғылыми-техниканың жылдамдығымен қоса, «Атадан қалған мұра» қорының қолдауымен жұмыс біраз жеңілдеді. 2011 жылдың қазан айында іріктеуін бастап, таңдалған балалардың әндері радио эфиріне жолдама алды. Қазылардың сынынан іріктелген өнерпазды тыңдарман дауыс беру арқылы сынады. Сол сыннан өткен қатысушы ғана ақтық концертке қатыса алды. Демек, кәсіби мамандардың іріктеуінен өткен, ескерту ала жүріп өскен өнерпаздың да, оны тәрбиелеп жатқан жетекші мен ата-ананың да өнерге деген талғамының өскені анық. Ал қорытындысына жеткен шақта нағыз жүзден жүйріктері суырылып шықты. Сол өнердің жүйрік тайларын Түркияның Аланья қаласында осымен үшінші рет өткізіліп отырған Аrt olympia халықаралық фестиваль-байқауына алып бардық.
– Бұл байқауға өнерпаздармен қатар, көркемсөз оқудың шеберлерін де алып барған екенсіздер. Негізі, сөз өнері – өнер атаулының төресі дегенді мойындаған күннің өзінде үлкен байқауларда мәнерлеп оқуға ден қоюшылар сирек кездеседі. Көркемсөзшілерді байқауға қатыстыру арқылы не мақсатты көздедіңіздер?
– Біз бала күнімізде көркемсөз оқу арқылы өстік. Өлеңді мәнерлеп оқу арқылы диктор болсам деген арманның жетегімен журналистикаға жол тарттық. Ал өлең оқу баланың танымын, көкжиегін кеңейтетіні сөзсіз. Көркемсөз – балалар өнерінің арасында кенжелеп қалған жанр. Эстрадалық вокал мен аспапты шығармалар үнемі алда екені бәрімізге белгілі. Сондай-ақ ән айтуға мүмкіндігі жетіңкіремейтін, бірақ өнерге жаны құмар, сахнаны сүйетін бүлдіршінге таптырмас тәрбие құралы екенін білеміз. Үлкен шараны бастағанда неге қолдамасқа деген ой болды. Шынымен де, ынталы балалар өте көп екен. Алайда оқу техникасы мен өлең таңдау тұрғысынан әлі де біраз жетіспеушіліктер бар. Енді «Тайжарыс» радиофестивалі жалғасын тауып жатса, көркемсөз оқу шеберлігін танытатын балалар әлі де көбейе түседі деген ойдамын.
– Қазір өнерде жанды дауыс, жансыз дауыс деген ұғым пайда болды ғой. Балалар байқауында кішкентай өнерпаздардың алдын ала жазылған дауыспен елді алдап, күлімдеп тұруы көңілге кірбің ұялатады. Әрине, балалардың кінәсы жоқ қой, кішкене ғана өнерпазды әлден халықты алдауға үйретіп жатқан жоқпыз ба деген ойға қаламыз кейде...
– Олай деп ойламаймын. Балалар байқауы – нағыз жанды дауыстың додасы. Байқасаңыз, қазір балалар байқауының барлығы жанды, таза дауыста өткізіледі. Егер алдын ала жазылған фонограмманы қосып қойып айтқызса, оның несі байқау?! Бүгінгі күні балалар үнінің деңгейін үлкен әртістермен салыстыруға келмейді. Бірақ кей әнші аға-апалары бара алмайтын иірімдерді еркін, ноталарды таза айтатын балалар да бар. Бұл жолғы байқау да дәл сондай жанды дауыстың, оның ішінде өзге мемлекеттен келген, біз танымайтын қатал қазылардың алдындағы сын болды. Ол жерде келесі жолы дайындалып айту деген сияқты мүмкіндік пен аяушылықтардың болмайтынын балалар да жақсы түсінгендіктен бар өнерлерін салды. Ал балалардың фонограммамен ән айтатын арнайы кезеңдері болады. Яғни дауысы өзгеріске ұшырайтын 13-15 жас аралығында бейберекет жанды дауыспен айғайлатуға болмайтынын сауатты педагогтер жақсы біледі.
– Жас өнерпаздардың аяқ алысын байқап жүрген бір адам ретінде, шыныңызды айтыңызшы, келешек өнерпаздардың ерекшелігі қандай, бізде алға жылжушылық бар ма, қазіргі жеткен биігімізден енді қаншалықты өрлей аламыз?
– Бүгінгі әншілерде қазіргі балалардағыдай жағдай болса, бәлкім, көп дүние басқаша болар ма еді? Біз Түрік еліне байқауға қатысып, сондай-ақ ҚР Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен Анталья қаласында «Тайжарыс – Антальяда» атты концерт бердік. Қазақстанның Түркия Республикасындағы елшісі Жансейіт Түймебаев мырза өзі бас болып, байқауды ұйымдастырушылар мен жеңімпаз балалардың бір шоғыры Анталья қаласының әкімі Мұстафа Акайдын мырзаның қабылдауында болдық. Қазақтың әні мен күйін тыңдаған әкім концерт барысында өнер көрсеткен жеткіншектерге қатты таңғалып: «Қазақ өнерінде үлкен толқын келе жатыр екен. Алла қаласа, бес-алты жылдың көлемінде қазақ өнерпаздары кәсіби шеберліктерімен әлем әуенін аузына қаратады», – деп өз бағасын берді. Ал Жансейіт Түймебаев мырза өз бастамасымен «Тайжарыстың» таңдаулы жүйріктерін қазан айында Түрік еліне тағы да шақыртатынын айтты.
– Қайта шақырту алғандарыңызға қарағанда, барша түркі халқының атамекені болған қазақ даласының өнерін мойындатып қайтқан боларсыздар. Еңбектеріңзге жеміс тілейміз!
– Рақмет!
Қаперге!
Түркияда өткен бұл байқауға Қазақстан, Қырғызстан, Украина, Әзірбайжан, Ресей, Түркия елдерінен 960 өнерпаз қатысты. Оның ішінде 100 бала «Тайжарыс» жобасымен барды. Жеке орындаушылармен қатар, оркестр, хор ұжымдары да қатысты. Қазақ балалары 42 жүлдеге ие болды. Жас таланттардың байқауға апарған әндері кең диапазонды, иірімді, яғни қабілет-қарымды толықтай көрсететін әндерімен қатар, сахналық мәдениет пен киім жағынан да ерекшеленді. Орындалған әндердің басым көпшілігі қазақы, бояуы қанық, лирикалық және патриоттық, ел мен жер тақырыбында болды. Ал ұлттық аспапта орындау шеберлігі жағынан домбырашылар мен көркемсөзшілер қазылар алқасын таңғалдырды.