Таланттарды таңдау

Таланттарды таңдау

Осыдан екі жыл бұрын Баянауылда өткен жас қаламгерлердің «Баянауыл-2007» форумы биыл Оңтүстік Қазақстан облысында жалғасын тапты. «Оңтүстік–2009» форумы бұл жолы Қазақстан Жазушылар одағының 75 жылдығы мен «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 85 жылдығы аясында ұйымдастырылды. Республиканың әр аймағынан жиналған жас ақын-жазушылардың дәстүрге айнала бастаған басқосуы 21 қазанда Шымкенттегі Ж.Шанин атындағы драма театрында салтанатты түрде ашылды.

Баянауылдан Қазығұртқа дейін
Астана, Алматы және барлық облыстың жас қаламгерлерінен құралған делегацияны көрнекті ақын Тұманбай Молдағалиев пен Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай, «Қаламгер-Медиа» орталығының директоры, ақын Жанарбек Әшімжан бастап келді. Салтанатты жиынды облыс әкімі Асқар Мырзахметов ашып, Жазушылар одағымен түйдей құрдас Тұманбай Молдағалиев және Ғалым Жайлыбай, Сауытбек Әбдірахманов, Исраил Сапарбай, Нұрғали Ораз, Амантұр Мұсаев, Байдулла Қонысбек сынды ақын-жазушылар тілектерін айтып, жастардың шығармашылығына сәттілік тіледі. Орта буын өкілдері Жарас Сәрсек, Бақыт Беделхан, Бақытжан Алдияр сынды қаламгерлер де форумның маңызды өтуіне атсалысып, әріптестерімен ой-пікір бөлісті, ұсыныстарын алға тартты.

Шығармашылықтарының бағыт-бағдарын айқындап, бүгінгі әдебиет туралы ойларын ортаға салуды көздеген жастар М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да «Тәуелсіз қазақ әдебиеті: бүгін, ертең» атты дөңгелек үстел отырысын және «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясында баспасөз мәслихатын өткізді. Форумның екінші күні проза, поэзия, сын секцияларының отырысымен жалғасты. Бұдан соң қонақтар үш топқа бөлініп, Қазығұрт, Ордабасы және Төлеби аудандарына сапарға шығып, қазақы қаймағы бұзылмаған, нағыз әдебиетсүйер ауыл халқымен кездесті. Кешкісін форум «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 85 жылдық мерейтойына ұласты.

Мұндай форум бірінші кезекте жас қаламгерлерді қолдауды мақсат етіп отыр. Егер естеріңізде болса, Баянауыл форумының нәтижесінде 30-ға тарта жас ақын-жазушылардың тырнақалды туындылары кітап ретінде жарыққа шыққан.

«Ақ жолдан» «Оңтүстікке» дейін
Өзінің 85 жылдығын атап өткен облыс баспасөзінің қара шаңырағы «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тарихы 1924 жылдың 26 қарашасынан басталады. Ресми түрде газет осы күні жарыққа шықты делінеді. Алайда мұрағат құжаттарына сүйенер болсақ, басылымның тарихы бұдан да әрірек.

«Ақ жол» газетінің алғашқы саны 1920 жылдың 17 желтоқсанында сол кездегі Түркістан Республикасы Орталық партия комитеті мен Кеңес атқару комитетінің органы ретінде Ташкентте жарық көрген. Арап харпімен шыққан басылымның алғашқы сандарында Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Ораз Жандосов, Ораз Исаев сияқты халқымыздың біртуар ұлдарының қолтаңбасы бар. 1924 жылдың қазан айында Түркістан Республикасы Өзбек, Тәжік, Түркімен, Қырғыз, Қарақалпақ Республикаларына бөлініп, өзінің өмір сүруін тоқтатты. Жаңа республикалардың шекараларын бөлу кезінде қазіргі Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Қызылорда және бұрынғы Жезқазған облыстарын қамтитын Жетісу және Сырдария облыстары Қазақстанға өтті. Газет осы жылдың 26 қарашасынан бастап Қазақстан өлкелік партия комитетінің органы ретінде Ташкентте шығып тұрды. Міне, «Оңтүстіктің» туған күні осы датадан басталды, газеттің барлық мерейтойлары осыған сәйкестендірілді және ол кездейсоқтық емес еді.

«Ақ жол» 1925 жылы Шымкентке көшіп келіп, сол кезде құрылған Сырдария губерниясы қосшы комитетінің органы ретінде шыға бастады. 1926 жылы ол сол кездегі Қазақстанның астанасы болған Қызылорда қаласындағы «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің редакциясымен бірікті. 1929 жылы астана Алматыға ауысты. Өз алдына енші алған басылым «Ленин жолы» деген атпен қайтадан Шымкенттен жарық көрді. 1932 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы құрылған соң, ол облыстық газет ретінде қазіргі атауын иеленді.

 «Оңтүстік Қазақстанның» тұңғыш редакторы кім? Тұрар Рысқұлов па әлде Сұлтанбек Қожанов па? Бұл сауалға жауап табу қиын. Бірақ бір белгілісі, газеттің тарихында 29 редактор болған.

Жарас СӘРСЕК, ақын, халықаралық Алаш сыйлығының иегері:
– Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған бұл өңір – қаншама ұлы тұлғаларды дүниеге әкелген, қаншама әулие адамдарға мәңгілік мекен болған жер. Оңтүстік – ғылым, әдебиет, ән және басқа да салада шоқ-шоқ жұлдыздар ұшырған өлке. Бұл үрдіс әлі де жалғасын табарына сөз жоқ. Жас қаламгерлерге сол ұлылардың рухы, ұлттың рухы сіңсін деп әдейі осында жинауы – бір жағынан, Қазақстан Жазушылар одағының да дұрыс саясаты. Қазақта «немен ауыздансаң, сонымен ауырасың» деген сөз бар ғой. Жастар рухпен ауыздану үшін осы қасиетті өңірдің топырағын басып отыр. Форум көздеген мақсатына қол жеткізе алды деп ойлаймын.

Бейсенбай Тәжібаев, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы:
– Бұл қолына қалам ұстағандар ғана емес, бүкіл оқырмандар, әсіресе шығармашылық тұлпарына енді ғана ауыздық сала бастаған жастар үшін үлкен қуаныш болды деп ойлаймын. Ауыл балалары танымал ақын-жазушы ағаларымен бетпе-бет кездесіп, ой-пікір бөлісті, өздерін қызықтырған сауалдарға жауап алды. Облыстың қара шаңырағы «Оңтүстік Қазақстан» газетінің де тарихы талай оқиғаларға толы. Өңірімізде қолына қалам ұстаған қауымның ішінде «Оңтүстіктің» мектебінен өтпеген журналист пен ақын-жазушы кемде-кем.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста