Таланттардың басын қосқан «Тәжмамиран»
«Тәжмамиран». Бұл – өткен ғасырдың 70-жылдарының аяқ кезінде Қызылордада құрылған ақындар бірлестігінің аты. Оған бірлестікті құрған жеті ақын аттарының алғашқы әріптері алынған. Олар: Темірше Сарыбаев, Әскербек Рахымбеков, Жанұзақ Қожабергенов, Махмұтбай Әміреев, Асқар Кіребаев, Мұхамеджан Нұрханов және Иранбек Оразбаевтар.
«Сырдың елі – жырдың елі» дегендей, қай кезде де жырға талаптанған, өлеңнен қанаттанған өрімдей жастар өңірімізде аз болмаған. Олардың талабын құптап, қаламын ұштап, бағыт-бағдар беретін әдеби бірлестіктер мен ұйымдардың ықпалы айрықша еді. Осындай бірлестіктер ол кезде облыс орталығындағы орта және жоғары оқу орындарында жұмыс істеді. Алпысыншы жылдары олардың негізгі орталығы, бас штабы облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газеті редакциясында орналасқан Жазушылар одағының облыстық бөлімшесі болатын. Бөлімшені атақты ақын ағамыз Асқар Тоқмағамбетов басқаратын. Белгілі жазушылар Нәсіраддин Серәлиев, Саид Баязитов көмекші, кеңесшілер еді. Бөлімшенің әр сәрсенбі күні өткізілетін мәжілістерінде жас талапкерлердің апта ішінде түскен шығармалары қаралып, талқыланып, нақтылы ұсыныс, пікірлер айтылатын.
Бірлестік мүшелерінің жас айырмашылықтарының алшақтығы аз, қызмет орындары, тұрақжайлары жақын, қалаған кездерінде кездесуге мүмкіндіктері мол жандар еді. Темірше Сарыбаев, Асқар Кіребаев, Мұхамеджан Нұрханов Қызылорданың оңтүстік шетіне орналасқан аудан орталығы Тасбөгетте жұмыс істейді. Сондағы аудандық газет қызметкерлері еді. Мен осындағы аудандық партия комитетінің қызметкерімін. Әскербек Рахымбеков, Жанұзақ Қожабергенов облыстық радиода, Иранбек Оразбаев «Білім» қоғамы облыстық ұйымында қызмет істейді. Былайша айтқанда, қонысымыз да, өрісіміз де бір, жиі кездесіп, сырласып, сұхбаттасып тұруымызға мүмкіндігіміз мол. Солай еттік те. Бір-біріміздің үйімізде жиі болып, жаңа жазғандарымызды оқып, талқыға салып, пікірлесіп жүрдік. Әсіресе бұл жағдай Иранбектің қала орталығынан төрт бөлмелі жаңа үй алуынан кейін жиілей түсті.
Енді біздің жиі бас қосатын, жазғандарымызды талқылайтын әдеби штабымыз Иранбектің осы үйі болды. Иранбектің ол кезде балалары жас. Жұбайы Фатима – жұмсақ мінезді, қонақжай жан. Кісіге қатқыл қарап, қабақ шытқанын байқаған жоқпыз. Содан болар, бұл үйде мейлінше еркін, көңілді отыратынбыз. Дуылдасып, дабырласып жататынбыз. Дауыстап өлең оқитынбыз. «Тәжмамиран» ақындар бірлестігін құру идеясы да осындай басқосулардың бірінде туды. Әуелгі ұсыныс айтқан Темірше еді. Іле-шала Асқар қуаттады. Басқаларымыз да бірауыздан құптадық. Бірлестіктің аты-жөнінде әртүрлі ұсыныстар болды. Бірақ көңілден шыға қойған жоқ. Ең соңында «жеті ақынның бас әріптерін алайық» деген Иранбектің ұсынысын құптадық. Сол үшін соңғы төрт әріп соның атына байланысты енді. «Тәжмамиран» ақындар бірлестігі осылай құрылды.
Бірлестіктің келісілген шарты бойынша оның отырысын айына бір рет өткізу белгіленді. Әрі онда ай ішінде жазылған жаңа өлеңдерді оқу, оларға баға беру, ең үздік деген өлеңді анықтау қажеттігі айтылды. Ай сайынғы басқосу жеті ақынның үйінде кезекпен өткізілетін болды. Мұнда ақындар бірлестік атындағы әріп реттіліктеріне қарай шақыратындығы ескертілді.
Осы шарт бойынша отырыс Теміршенің үйінде өткізілді. Темкең қонақ күту, дастарқан дайындау ғана емес, осы отырысқа жаңа өлеңдерін ұсынуда да жақсы үлгі көрсетті.
Бұдан кейінгі отырыстарда Әскербек Рахымбековтің «Екі перзент», Жанұзақ Қожабергеновтің «Әңгелек-дөңгелек», менің «Ғашықтық», Асқар Кіребаевтың «Туған тұғырым – Аламесек», Мұхамеджан Нұрхановтың «Көкемарал» өлеңдері, Иранбек Оразбаевтың «Теңіз қашып барады» поэмасы үздік деп танылды.
Жетпісінші жылдардың соңында Арал теңізінің қалпы бұзыла қойған жоқ еді. Теңіз толқындары Арал қаласының жанында тулап, шағаласы шулап жататын. Иранбектің «Теңіз қашып барады» деп дабыл қағуына алғашында тосырқағандай да болғанбыз. Алайда алапат апаттың боларын ақын жүрегі алдын ала сезгендей екен.
«Тәжмамиран» бірлестігіміздің шығармаларымызды шыңдай түсуімен бірге алғашқы жыр жинақтарымыздың жарық көруіне ықпалы тиді. Көбіміздің осы кезеңде «Бастау», «Тұсаукесер» атты алғашқы жыр кітапшаларымыз республикалық баспадан жарыққа шықты.
Алайда «Тәжмамиран» бірлестігінің жақсы басталған жұмысы көп ұзамай тоқырай бастады. Сексенінші жылдардың бас кезінде бірлестік жұмысы тоқтатылды деуге де болатын еді. Оның басты себебі – бірлестік мүшелерінің басқа жаққа қоныс аударуынан болды. Ең алдымен сексенінші жылдардың бас кезінде Иранбек Оразбаев Алматыға қоныс аударды. Іле-шала жаңадан салған сәулетті үйін, облыстық атқару комитетіндегі жауапты қызметін тастап Темірше Сарыбаев та Алматыға көшті. Асқар Кіребаев қызмет бабына байланысты алғашында Жалағаш, кейіннен Шиелі ауданында тұратын болды.
Өкінішке қарай, «Тәжмамиранға» мүше болған жеті ақынның екеуі қазір арамызда жоқ. Асқар Кіребаев екі-үш жыл бұрын Алматыда іссапар кезінде жүрек ауруынан дүние салды. Темірше Сарыбаев та өткен жылдың соңғы күндері жүрек ауруынан кенеттен көз жұмды.
Асыл Темкең араға қырық жыл салып, туған топырағына біржола көшіп келген еді. Ендігі өмірін осындағы ағайын-туыс, достары арасында өткізу ниетінде болған. Алайда туған топырақты аңсап келген ғазиз жан бұл мақсатына жете алмады. Асыл жарын, балаларын ағайын арасына қалдырып, бақилыққа аттанып кете барды...
Қазір «Тәжмамиранды» құрған жеті ақыннан қалған бесеудің бірі – Иранбек Алматыда тұрады. Қалған төртеуміз Қызылордада өмір сүріп жатырмыз. Түрлі әдеби кештерде, мәдени шараларда, кездесулерде бас қосамыз. Кейде өткен күндерді, «Тәжмамиран» ақындар бірлестігін құрған шақтарды да ойға алып тұрамыз.
Міне, осыдан қырық жылдай бұрын құрылған «Тәжмамиран» ақындар бірлестігі жайлы айтылар бір үзік сыр осы.