Таласбек соңғы жылдары өмір сүруден шаршағанын айта беретін
Зира НАУРЫЗБАЕВА, мәдениеттанушы, Т.Әсемқұловтың жұбайы:
– ЗИРА АПАЙ, ТАЛАСБЕК АҒАМЫЗБЕН ТАНЫСТЫҚТАРЫҢЫЗ ҚАЛАЙ БАСТАЛҒАН ЕДІ?
– Таласбекпен алғаш 1995 жылдың күзінде консерватория профессоры Әсия Мұхамбетованың үйінде таныстық. Оған дейін профессор апайымыз: «Сендерді ғылыми пікір алмасуларың үшін таныстырып жатырмын. Басқалай жағдай орын алып жатса, мені араластырмайсыңдар», – деп бірден ескерткен болатын. Бұл сөзге аса мән бере қоймадым. Өйткені ол уақытта анам мен үлкен ағамның қатты ауырып, отбасымдағы жағдайдың қиындап, тұрмыс құру туралы ойдың түсіме де кірмеген сәті еді. Және кішкентайымнан үйдегілер мені отбасының сүйеніші көретін. Бірақ Таласбек пәтерге кірген сәтте-ақ бір ішкі дауыс «Осы адаммен тағдырыңды тоғыстырмасаң, қалған өмірің жалған болып қала береді» дегендей болды. Мұны тіпті дауыс деуге де келмес, бір ішкі түйсік шығар.
Бала кезімде де, кейін есейгенде де мен үшін кітап оқудан артық іс болмайтын әрі ең қызық дүниелер алыста өтіп жатқандай көрінетін. Дұрысы, кітап жазатын жазушылар алыста тұрып, ал өзім өмірде жоқ шығармын деп сезінетін едім. Өзімнен 12 жас үлкен әрі үйсіз-күйсіз, жағдайы жоқ, өмірден шаршаған адаммен бас қосу туралы ойдың өзі мені қорқытты. Тіпті Таласбекке қарап, «менің ақбоз атты ханзадамның осы болғаны ма?» деп жаным жабырқады.
Әсия апайдың үйінде шай ішіп, әңгімелесіп болғаннан кейін Таласбек мені үйге шығарып салатын болды. Жолда қазақ мифологиясы туралы небір ғажап дүниелерді әңгімеледі. Соның алдында ғана мифология туралы кандидаттық диссертация қорғап, кейбір сұрақтардың жауабын таппай жүр едім. Мысалы, Қорқыт ата туралы аңыздарда бір-біріне қарама-қайшы жайттар бар болатын. Менің диссертациямды оқымаған Таласбек қарапайым әңгімесінде мен іздеген сұрақтарға оңай жауап беріп келе жатты. Мұндай сәйкестік мені еріксіз таңғалдырды.
Сол алғашқы кездесуден кейін де конференция, концерттерде көрісіп қалып жүрдік. Таласбек мені байқамағандай сыңай танытатын. Бірде Ә.Мұхамбетова Таласбектің эпос туралы студенттік зерттеуін оқуға берді. Мен оны автордың рұқсатымен мақала ретінде дайындап, баспаға бердім. Ол уақытта «Горизонт» газетінің бас редакторы Дархан Мыңбаймен жақсы араласатын едім. Ол кісі қызықты материалдар сұрап тұратын. Іздегенге сұраған дөп келіп, Таласбектің мақаласын «Казахский эпос: Человеческий дух в поисках изначального смысла» деген атаумен газетке бердім. Мақала оқығандарға өте жақсы әсер етті. Жазған дүниелерінің жарияланғанын онша қаламайтындай көрінетін Таласбек те қатты қуанған секілді. Оның мақалаларының жарияланбағанына ұзақ уақыт болғанын тек кейін білдім ғой.
Көктемнің басы болуы керек, бір күні түнгі сағат екінің кезінде Таласбек хабарласты да, өзіне күйеуге шығуға ұсыныс білдірді. Қалай айтты дейсіз ғой?.. «Маған өз тағдырыңызды сеніп тапсыра аласыз ба?» – деді. Мұндай ұсыныс мені қатты таңғалдырды, өзімше шарт қойып, тәрбиелемек болып оның қазір ішіп алғанын есіне түсірдім. Таласбек сонда да қоймай: «Иә, мен қазір маспын. Бірақ сіз қазір жауап беріңіз: «иә» ма, «жоқ» па?» – деді. «Сізді дұрыс танымаймын ғой...» – деп қипақтаған маған: «Сіз менің мақалаларымды оқыдыңыз, күйлерімді тыңдадыңыз. Мені олардан бөліп қарауға болмайды», – деді. Үндемей қалдым. Егер осы жолы келіспесем, Таласбектің қайтадан бұл тақырыпқа оралмайтынын, тіпті оны осыдан кейін көру-көрмеуімнің өзі неғайбыл екенін сол сәтте жақсы түсіндім.
Кейін білгенімдей, Таласбек өзінің сәтсіз өмірінен қалай шаршағанын айтып берді ғой. Ол сол күні Әзірбайжан Мәмбетов пен Ғазиза Жұбанованың ұлдары Әлібидің үйінде болып, бірге ішеді. Түннің бір уағында сталиндік репрессияның құрбандары тұрған үйдің қасіреті кеудесін қысып, оянып кетеді де, өзінің бақытсыз тағдырына налып, біржола бұ дүниеден кеткісі келеді. Бірақ сол сәтте есіне мен түсіп, соңғы рет әрекет етіп көрмекке бекініп, маған хабарласып тұрған беті екен. Соны сезгендей мен де: «Егер ертең мастығыңыздан айығып, ұсынысыңызды қайта айтсаңыз, мен «иә» деп жауап беремін», – дедім. Міне, осы оқиғадан кейін ғана біз кездесіп, жүре бастадық. 1996 жылдың мамырында үйлену тойымыз өтті.
Тұрмысқа шыққанымда талантты, бірақ өмірде жолы бола қоймаған адамға көмектессем деген мақсат қана болды. Шынымды айтсам, отбасылық одағымыздың баянды болатынына өзім де сенімсіз едім. Негізі, өмірімдегі ең маңызды мәселелерді ақылға салып шешетінмін, ал осы жолы ішкі түйсігімнің шешіміне жүгіндім. Тұрмысқа шықпай тұрып ҚазМУ-дің ректоратындағы жұмыс кабинетімде отырғанымда құрбыларым, группалас қыздар күйеулерінің үстінен шағым түсіріп, ажырасатынын айтып маған көп келетін. Кейбірі «тұрмысқа шықпаған сен ақылдысың» деп мақтап та кететін. Олар жақсы отбасынан шыққан, өмірде өз орнын қалыптастырған күйеулерінен ажырасып жатты, ал мен танымайтын, білмейтін адамға тұрмысқа шығып бара жатқанымды оларға айтуға да ұялдым. Біздің үйлену тойымызда Жабайхан Әбділдиннің інісі, ата-анамның жақын досы, физика-математика ғылымдарының докторы, академик Мейірхан Әбділдин асаба болды. Ол той барысында Таласбектен дәстүрімізде жоқ болса да, бір күй ойнап беруін өтінді. Таласбек Тәттімбеттің күйлерінің бірін шертті. Әдемі даусы бар, музыканы жақсы түсінетін Мейірхан аға ата-анама: «Сіздерді құттықтаймын, күйеубалаларыңыз жақсы адам екен», – деді Таласбектің күйін ықыласпен тыңдап болып. Сосын Мейірхан аға маған бұрылып: «Айналайын Зира, мен сені бала кезіңнен білемін, ақылдысың, мені де дұрыс түсінесің деп ойлаймын. Күйеуіңді жаныңнан шығармауға тырысып жанталаспа, қадағалама да. Ер адам өсуі үшін, ақша табуы үшін үйде емес, түзде көп болуы керек, адамдармен араласуы керек», – деді. Мен Мейірхан ағаның осы сөздерін үнемі есімде ұстадым. Оны ешқашан қадағалауға тырысқан емеспін.
– ТАЛАСБЕК АҒА ОТБАСЫНДА ҚАНДАЙ ЕДІ?
– Отбасылық өмірде Талас сенімді, арқа сүйейтін адамым бола білді. Маған дауыс көтерген кезі болған емес. Ол «Тағдырыңызды маған тапсырасыз ба?» деп тегіннен-тегін айтпаса керек. Оған тұрмысқа шыққаннан кейін үнемі сенім арта алатын, кез келген сәтте қорғайтын, «әйелім мен бала-шағам таршылық көрмесін» деп күн-түні тынбай еңбек ететін жанның жанымда пайда болғанын түсіндім. Тәулігіне 16-18 сағат жұмыс істеп, ақша тауып, бізге пәтер сатып алды. Одан үнемі демалып, шығармашылығымен ғана айналысуын өтінетінмін. Ауырғанына қарамастан жұмысын тоқтатпады, аудармалар жасап, қаламақы үшін өзіне қызық емес тақырыптарда мақалалар жазды.
Негізі, Таласбек үйленбей тұрып та өз жағдайын жасап алуға шамасы жететін адам еді. Бірақ оның адамдардың өтінішіне «жоқ» деп айта алмайтын қасиеті бар. «Ағалары» мен «достары» үшін аудармалар жасап, диссертация мен кітаптар жазып жүре берген. Үйленгеннен кейін Талас адамдармен қарым-қатынасты басқаша құруға тырысты. Бірде консерваториядағы ұстаздардың бірі маған: «Жеңге, сізді консерваторияда қаншама адамның жек көретінін білсеңіз ғой! Сіздердің тойларыңыз болған күні талай адамның ғылымдағы жолы үзілді емес пе?» – дегені бар. Соның өзінде менің көзімше екі жыл ішінде Таласты «достары» 10 мың долларға «лақтырып» кетіпті. Ал ол кезде Алматыдан үш бөлмелі пәтерді 5 мың долларға алуға болатын.
Алғаш аяғымның ауыр екенін айтқанымда Таласбек: «Менің бала сүйгім келмейді. Өз баламның көрінгеннің босағасында жүріп қиналғанын қаламаймын...» – деген еді уайымдап. Содан кейін ғана жазғандары үшін қаламақы талап етіп, аванс алып, «ананы жазып берші, мынаны аударып берші» деген бітпейтін өтініштерден бас тарта бастады. Міне, осы кезде ескі достарының тоқсан пайызы сырт айналып кетті.
– СІЗДІ ТАЛАСБЕК АҒАНЫҢ ҚАНДАЙ ҚАСИЕТТЕРІ БАУРАП АЛҒАН ЕДІ?
– Таласбектің ақкөңілдігі мен адамгершілік қасиеттері мені таңғалдырушы еді. Үлкен талант, ақыл-парасат, білімнің иесі бола тұра, ол 20 жыл бойы орта деңгейдегі адамдардың мансап жолындағы күресін үнсіз бақылады. Біреулер плагиаттың арқасында атақты болса, енді біреулер орыс тіліндегі кітапты қазақшаға аударып, өз атынан беріп, даңққа ие болып жатты. Таласбек оның бәрін көзімен көрді, бірақ ашуланған жоқ. Ол өзіне онша ұнай бермейтін адамның халық үшін бірдеңе істегенін көрсе, хабарласып құттықтаудан арланбайтын. Бірақ соңғы жылдары сатқындық пен бітпейтін аяқтан шалудан шаршап кеткен еді.
Таласбек – жалғыз өмір сүріп, жалғыздықта қайғырып үйренген жан. Бірақ өзінің табиғатында отбасылық өмірге бейім еді. Біз үйленгеннен кейін менің туыстарыма да қамқорлығын аяған жоқ. Ал оның өзіне қарайлап, қамқорлық танытса, балаша мәз болатын. Үйленгеннен кейін бір күні жаңбырдың астында қалып, үйге су-су болып келді. Киім ауыстырғысы келмегеніне қарамастан, құрғақ киімдерді киюін талап етіп, шашын сүлгімен сүртіп бердім. Осы бір қарапайым іс оның көзіне жас үйіріп: «Мен өзімнің үйленгенімді, маған қамқорлық танытатын әйелім бар екенін енді сезініп жатырмын. Бұрын осылай болса жүре беруші едім, киім үстімде кеуіп кетер еді», – дегені бар.
Таласбек адамға жанашыр болатын. Әсіресе қыздарға, әйел затына, жалғызбасты аналарға жүрегі ауырып тұратын. 2000 жылы ол бір облыстық газеттің атынан «Сорос-Қазақстан» қорының байқауына қатысты. Жеңген жағдайда қор жүлдені газеттің атына аударып, редакция оның жартысын Таласбекке тапсыруы тиіс болатын. Расымен де Таласбектің мақалалары жеңіп шықты. Бірақ редактор сөзінен айнып, Таласбекке болмашы ғана ақша төледі. Оны білген мен қорға хабарласып едім, олар редакцияның ішкі жағдайына араласпайтынын, тек жарамсыз етіп, сыйлықты түгелдей қайтарып ала алатындарын айтты. Принцип үшін оған баруға да дайын едім, бірақ Таласбек: «Газеттегі қыздар жеңісімізге қуанып, өз айлықтарынан дастархан жайып жатыр. Олардың алатындары – бар-жоғы үш-төрт мың теңге. Оның жартысына бірігіп бір бөлме жалдайды. Біз алмасақ та, сол қыздарға сыйақы беріледі ғой», – деп мені тоқтатты. Осындай жағдайлар өте көп болатын.
Таласбек – арқасы бар адам. Онымен өмір сүре отырып, әруақтар әлемі, о дүниенің барына сенбеу мүмкін емес еді. Ол түсінде өткен заман соғыстарын, көне түркі тайпаларының, біздің ата-бабаларымыздың ақырғы шайқастарын жиі көретін. Ондай түндері ауыр демалып, ентігіп жылап шығатын. Мұндай жағдайға түсетінін алғаш Абылай хан туралы «Көкбалақтың өлімі» атты киносценарий жазғанында көрдім. Қызымыз ол кезде жасқа да толмаған, түнімен қиналып шыққан әкесімен ол да ұйықтаған күйі ентігіп, шыңғырып жылап шықты. Хадиша әкесіне қатты ұқсайды. Аяғым ауыр кезде айналамдағылардың барлығы «ұл» деп жатқанда, Таласбек қана: «Бұл – қыз бала. Түсімде ол менің көзіме қарады, мен оның қыз бала екенін бірден түсіндім. Жаратушым бізге қыз сыйлады», – деген болатын.
Таласбек өзіне рухы жақын адамдарды өмірде бір-екі-ақ рет көрсе де, қандай жағдайда жүргенін сезіп қоятын. Таңертең ояна сала «Генерал (Асқаров) жылап жатыр, оның әйелі қайтыс болды» немесе «Боранқұл (Қошмағамбетов) қайтыс болды», «Жанғалиды біреу ренжіткен, қорланып жатыр» дейтін. Арада біраз уақыт өткенде осы айтқандарын растайтын хабар келіп тұратын. Жанымыздай жақсы көретін сыншы Зейнолла Серікқалиевтың ауырып жатқан кезі еді. Бірде таңертең оянған Таласбек: «Таңға жуық түс көрдім. Зейнолла аға жап-жас, әдемі, күліп біздің үйге кіріпті», – деді. Қуанып кеткен мен: «Яғни Зейнолла аға жазылатын болды ғой?» – деп едім, Таласбек басын шайқап: «Жоқ, ол бізбен қоштасуға келіпті», – деді. Бір сағаттан кейін Зейнолла ағаның өмірден өткені туралы жайсыз хабар келді. Тек Серікбол Қондыбайдың өлімі туралы ғана білмей қалды, өйткені ол кезде Таласбектің түсіне басқа аян кірген еді. Серікбол туралы хабар келіп, мен жылап отыр едім, Таласбек: «Мен бүгін түс көрдім, жақында ұлымыз болады. Ол өте мықты әрі нәзік жанды екен. Қатты жылай берме, мүмкін, қазірдің өзінде аяғың ауыр шығар», – деді. Айтқаны келді, арада жарты жыл өткенде сегіз жыл күткен ұлымызды көтердім. Таласбектің «мықты әрі нәзік болады» дегенін түсінбеуші едім, бірақ Жансүгіріміз расымен сондай. Алты-жеті құрдас балаға қарсы тұрып жалғыз өзі төбелескеннен қашпайды, бірақ жүрегі өте сезімтал. Айтпақшы, Таласбектің өзі шауып жасаған домбырасы туралы, онымен байланысты қызықты оқиға туралы «Соперница» – «Күндес» деген әңгімеде жазған болатынмын. Онда ойдан құралған ештеңе жоқ.
– АҒА АУЫРЫП ЖҮРУШІ МЕ ЕДІ? НЕГЕ КҮТПЕГЕН ЖАҒДАЙДА ӨМІРДЕН ӨТІП КЕТТІ?
– Таласбектің денсаулығы бала кезінен дұрыс болмаған сияқты. Соған қарамастан ол өте мықты адам болатын. Мурманскіде әскерде жүргенінде асқазанында жара пайда болғаны, көзінің көруі нашар екені белгілі болады. Жақсы ем мен күтім жасаған госпитальдың хирургі Богдан Мухоирге Таласбек өмір бойы риза болып өтті. Ал 36 жасында микроинсульт алды. Оған біреудің қатты қорлағаны себеп болса керек. Ол кезде Горный Гигант жақта ұйғырлардың пәтерін (времянка) жалдап тұрады екен. Сонда келіп, басы қатты ауырғаннан кейін жатып қалады. Оянғанында денесінің оң жақ бөлігі қозғалмайтынын байқайды. Таласбек сонда қимылдамаққа әрекет етіп көп күндер мен түндерді өткізеді. Қозғала алмаған қалпында үйде екі апта жатса керек. Ақырын-ақырын қол-аяғы қимылға келіп, Таласбек қайтадан домбырасын ойнай бастайды. Үйлену тойының алдында да ол бірнеше күнге жоғалып кетіп, өңі қашқан күйде қайта оралды. Не болғанын сұрап едім, ауырғанын айтты. Сұп-сұр жүзінен шошып, үйге әкеліп, қан қысымын өлшеп едім, көтеріліп кеткен екен. «Жедел жәрдемнің» көмегінен қашқан соң, ата-анамның рұқсатымен үйде қалдыруға тура келді.
Таласбек үй аламыз деп жанталасып, денсаулығын одан сайын құртып алды. 2000 жылы бауыры ісініп, холециститтің асқынуы деген диагноз қойылды. Оған ми тамырларының тартылуын қосыңыз. Созылмалы бронхиті де асқынып, 2005 жылы демікпе дерті пайда бола бастады. Маған осы аурулардың барлығы психологиялық уайым-қайғыдан пайда болған сияқты көрінеді. Осы кездері Таласбекті «Жұлдыз» журналындағы қызметінен босатты, екеуміз бірге шығарып жүрген «Рух-Мирас» альманағын жауып тастады. Оны ешқайда жұмысқа алмады. «Елуге келіп тұрып отбасымды асырай алмай қаламын ба?» деген қорқыныш болды. Жарты жыл жазу үстелінің үстіне жастық қойып, отырып ұйықтап жүрді. Жатса, дем ала алмай тұншығатын еді. Соған қарамастан күндіз жаңадан туған Жансүгірді көтеріп жүре беретін.
Ол дәрігерлерге онша сенбейтін, оларға қаралғанды жақсы көрмейтін, үйде өз бетінше халықтық медицинамен емделіп жүрді. Әрине, оның бәрі уақытша көмектесті, кейін ауру қайта айналып соқты. Таластың атасы да, әке-шешесі де жаман аурудан қайтыс болған. Соған орай оның обырдың емін табам деген ниетпен мединститутта екі жыл оқығаны бар. Сондықтан болар, дәрігерлерге қарағанда өз ауруымды өзім жақсырақ емдей аламын деп ойлайтын. Басқа адамдарға да көмектесуге тырысты. Расымен біраз адамдар Таласбектің айтқан ақылымен ауруларынан айықты.
Осыдан екі жыл бұрын Досхан аға (Жолжақсынов) Таласбекті емдетем деп Ұлттық медициналық зерттеу орталығына жатқызды, онда «жүректен басқа сау жері жоқ» деген еді. Тағдыр шығар, басқадан емес, жүрегінен кетті. Таласбек соңғы жылдары өмір сүруден, аурудан, адамдардан шаршағанын, тек отбасы үшін ғана өмір сүріп жүргенін айта беретін. Кей кезде түс көргенін, түсінде ауруының бәрінен айығып, қуанышты, бақытты жаңа өмір бастап жүргенін айтатын. Ол жаңа өмірдің о дүниедегі өмір екенін енді түсініп отырмын. Таласбек анық түс көрсе де, оны барлық қазақтар секілді жақсылыққа жорығысы келген шығар. «Мына өмір жалған. Екі ғана маңызды нәрсе бар: ол – балаларды жеткізу және кітап жазу. Жоспарларымыз көп, әлі 30 жыл өмір сүруіміз керек», – дейтін.
Қазір ойлап отырсам, соңғы кезде мән бермегенмен мен де бірдеңе сезген секілдімін. Беймаза болдым, ештеңеге зауқым соқпайтын. Тамыз айының аяғында отбасымызбен Түркияға бардық. Онда да көңіл-күйім өз-өзінен бұзылып, жылай бергім келді. 14 қыркүйек күні Таласбекті Алматыға шығарып салдым. Ол кетерінде өте көңілді болды. Қайтып келгеннен кейін Жансүгірге домбыра жасауды үйрететінін, «Талтүсті» аяқтайтынын, сосын біздің Нобель сыйлығын алатынымызды айтты. Таксиге отырып кетіп бара жатқан оның соңынан қарап тұрып, өз-өзімнен жылағым келді. Көңіл-күйімдегі өзгерісті балаларға көрсеткім келмей, үй маңындағы баққа бардым.
Таласбек кеткен күндері түнде өз-өзімнен елеңдеп, ұйықтай алмай жүрдім. 23 қыркүйек күні шыдай алмай дәріханаға барып, тыныштандыратын шөп дәрі алып келдім. Бұл күндері Таласбек хабарласып тұрды, көңілді еді. Не жазғысы келетінін, кітапханадан қандай кітаптар қарап жүргеніне дейін айтатын. Алматының ыстық екенін, ауа жоқтығын айтып шағымданды. 21 қыркүйек күні Досхан аға «Құнанбайдың» монтаждағы әлі дайын емес нұсқасын көрсетіпті, Таласбек оған қатты риза болған екен. 23 қыркүйек күні Таласбек «Арасан» моншасына барады. Ол жалпы моншаны жақсы көретін. Кейде 3-4 сағат буда отырып, көзі қызарып келетін. Ондайда ыстық буда бәрінен артық отырып, «рекорд» жасағанын айтатын. Мен күтіну керектігін айтып есіне салатынмын. Астанадан кетер күні де моншаға барғысы келді де, бір уақытта айнып қалды. «Арасанға» барамын деп сол сәтте ойлаған болар. Сосын моншада «рекордын» жаңартқан болар. «Арасаннан» шыққаннан кейін академиялық кітапханаға, кейін Жазушылар одағына келген. Сонда отырғанында асқазанының ауырғанын айтып, кеудесін басып шығып кеткен. Негізі, көптеген адамдар асқазан мен жүректің ауруын шатастырады екен. Консерваторияның жанына келгенде бұрынғы әріптестерін көрген Таласбек оларға да соны айтқан. Таксиге отырып «Алмагүл» ықшамауданындағы «Қазақфильм» жалдап берген пәтеріне барады. Шешініп жатып қалады. Сол жатқаннан мәңгілік ұйқыға кетеді... Досхан аға оның екі қолын жоғары көтеріп, шалқасынан бала сияқты ұйықтап жатқанын айтады. Ол солай ұйықтағанды жақсы көретін.
Қазір 16 жасар қызымыз Хадиша: «Папамыз осы өмірде жүрген кезінде-ақ әруақтардың арасында жүргендей еді ғой, енді сол жаққа мәңгіге кетті. Бір бөлмеден екінші бөлмеге өткен сияқты... Ол жақта өте жақсы, ол бар ауруынан айықты. Көзімді жұмсам, папамның бір белестен асып, екінші белеске шығып бара жатқанын көремін. Сосын маған бұрылып: «Хадиша, алыстағы анау ағашты көріп тұрсың ба? Мен оның әр бұтағы мен жапырағын анық көріп тұрмын» дейді», – деп мені жұбатады. Мен де Таласбекке бұл өмірден гөрі мәңгілік өмірде жақсырақ екенін білемін. Талас соңғы жазған Сүгір туралы мақаласында оның қарындасы, сыншы Төлеген Тоқбергеновтің анасы Зейнеп әженің: «Сүгір ағам төсек тартып, қайтыс болайын деп жатқанда дос-жаран көңілін сұрай келді. Сонда ағамыз жатып-жатып: «Аман болыңдар, бақұл болыңдар, қарақтарым. Мен өз еліме кетейін деп жатырмын», – деп еді жарықтық», – деген сөзін келтіреді. Таласбек те мына өмірдегі жақындарынан гөрі жақынырақ адамдардың жанына, өз еліне кетті.
Мен бақытты әйелмін. Өзінің екінші жартысын кездестірмеген көптеген әйелдер бар. Мен кездестірдім, Таласпен бақандай 18 жыл бір шаңырақ астында тұрдым, екі тамаша баламыз бар. Менің көз алдымда Таласбек шығармашылыққа қайтып келді, өзін мойындатты. Жүрегімді балаларымның әкелерінен ерте айырылып қалғаны мен Таласбектің ойына алған дүниелерінің бестен бірін де орындай алмай кеткені ауыртады.
anyzadam.kz