Талдықорғанның тың бастамасы
Еліміз егемендік алғалы бері қаладағы Алматы облысының орталығы – Талдықорған қаласының көшелерінің көбі дерлік орысша атауынан ада болды. Кеңестік дәуірдің үстем идеологиясымен аталған көшелер мен мектептер ұлтымыздың біртуар азаматтарының, қоғам қайраткерлерінің есімдерімен өзгертіліп, қолданысқа енді.
Тарихи атауларды қалпына келтіру мақсатында соңғы үш жыл ішінде бір ауылдық округ, үш елді мекен, 47 көше атаулары қазақшаланған. Өткен 2009 жылдың өзінде-ақ қалалық тіл комиссиясы мен қалалық мәслихат шешімімен 39 көшенің есімдері жаңартылса, 47 жаңа көше қазақ халқының Тәуелсіздігі жолында тер төккен арыстардың есіміне ие болған. Осы тұста тың бастама көтерген Талдықорған қалалық мәслихаты мен қалалық әкімдіктің игі істерін айта кеткен жөн. Талдықорған қаласы мен Еркін ауылының орысша аталып келген 39 көшесіне әдеттегідей кісі есімдері емес, Жазиралы, Сұлутөр, Қызылқайың, Қарашоқы сияқты жермен, табиғатпен байланысты атаулар қою ұсынылған. Бүгінде шешімі шығып, қолданысқа енген атауларды жергілікті тұрғындар да қуана қолдауда. Бұл жоба, біріншіден, айтылуы оңай, естілуі әсем болса, екіншіден, бизнесмен баласының әкесіне көше атын әперуі сияқты әпербақандыққа тосқауыл қояды дейді мамандар.
Жәния Серікбаева, Талдықорған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы:
– Кейде көшеге есімі халыққа таныс емес, қоғамға еңбегі сіңбеген азаматтардың атын беру туралы ұсыныстар да біздің комиссияның қарауына түседі. Әрине, мұның артында «қазақбайшылықтың» тұрғаны айдан анық. Сондықтан да біз табиғи атауларды енгізуді жөн көрдік. Дегенмен көшенің қазақ тіліндегі нұсқасы бола тұра, ескі атауларды қолданыстан шығару әлі толықтай жойылмай келеді. Сонымен бірге қоғамдық көліктерде аялдамалар бұрынғы орысша атаулармен хабарланатындығы да көңілге қаяу түсіреді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қоғамдық көліктерге отырып, халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отырады.
Бұл игі дәстүр биылғы жылы да жалғасын тауып отыр. Жыл басынан бері 20-ға жуық көшенің атын өзгерту туралы ұсыныс – бүгінде сараптама комиссиясының қарауында.