Тамадалық таланттың жауы, Тука!
Жұрт Нұржан сахнаға шықса қол соғады. Оны жақсы көреді. Жақсы көретіндіктен сөйтеді. Ол тума талант. Бірақ, айтайық дегеніміз бұл емес…
Бүгінгі заманның «геройы» әртістер. Сондықтан маңдайға басқан «геройымыздың» өзін-өзі жетілдіріп, биік белестерді бағындыруы тиіс-ақ. Нұржан өнер өлкесіне қазығын тереңірек қағып, қалың қазақтың мақтанышына айналғанын қалаймыз.
Қазіргі шоу-бизнесті өнер деп айтуға аузың бармайды. Аға буын «өнер құрбандықты қажет етеді» деп жиі айтады ғой (жиі айтқан соң бұл сөздің мәні кетіп қалғандай ма?..). Шындығында бұл сөздің түбінде ақиқат жатыр.
Кез келген талант иесі өнердің биік шыңына шыққанда алдынан тарам-тарам жол шығатыны ақиқат. Соның біреуін таңдайды. Бүгінде әртістердің – тамада, саясаткер, молда-қожа болып кеткенін көріп жүрміз. Айтпақшы, кейбір саясаткерлер өнерді халыққа танылудың төте жолы деп түсініп, ән айтып, хабар жүргізіп кетті емес пе? Енді олардың жасаған дүниесін өнер деп қабылдау қиын.
Біз тұтас өнер жайында әңгіме айтудан аулақпыз. Тек Қазақстандағы сатиралық театрлар мен сахна тарланбозы Нұржан Төлендиев жайындағы ойымызды ортаға салғанды жөн санап отырмыз. Соңғы уақыттары шоу-бизнесте сатиралық театрлар қаптап кетті. Таяқ лақтырсаң, соларға барып тиеді. Олардың бәрі бірдей жұрттың көзайымына айналып кетпегені анық. Қазір сатира – прикол, сатирик – аузына келгенін айтатын сайқымазаққа айналған заман болды.
Тек «Шаншар» мен «Алдараспан» ғана қазақы әзілдің еңсесін тік ұстап жүр.
Бүгінде студент кезінде КВН ойнағандардың бәрі өздерін сатирик санайды. Бірақ бұл салада Тұрсынбектей сәтті өнер көрсеткен басқа адамды көрмедік. Қалғандарының әрекеті ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүріп, ақша табудың амалы болып тұр. Олар көше приколдарын үлкен сахнаға алып шығып, елдің ығырын шығарғанын өздері де білмейді.
Ал «Алдараспанның» негізін қалаған өнер иесінің айрықша атап өтетін қасиеті – ол әзіл-сықақ скечтеріне тұтас жанр, кесек дүние ретінде қарайды. Көше приколдарын олпы-солпы, қарабайыр күйінде алып шыққанын көрген емеспіз. Иә, Нұржан өзіне қажетті материалды халықтың ортасынан, яғни шынайы өмірден алады.
Кейіпкерлерін көп ішінен іздейді. Оның кейіпкерлерін кең байтақ еліміздің кез келген қаласы мен ауылынан кездестіруге болады. «Алдараспанның» әр қойылымын тамашалғанда өзімізді, қасымызда жүрген әпенділерді танып, мәз болып жататынымыз, сондықтан.
Ол КВН-шиктер сияқты шикі дүниені сахна төріне сүйреп шыққан емес. Ұстазы Райымбек Сейтметовтың үйреткен машығына салып, өңдеп, екшеп, жасандырып, құлпыртып сахнаға алып шығады. Ол өмірдің өзінен алған тақырыптарын қанша жерден өңдесе де шынайылығын сақтайтынымен ерекшеленеді. Бұдан Нұржанның актерлік көрегенділігі мен шеберлігін байқаймыз. Осы тұрғыдан алғанда «Алдараспан» театры өзге шығармашылық ұжымдардан оқ бойы озық тұр.
«Тамаша», «Терісқақпай» сынды театрларды жұрт неліктен қарамайды? Өйткені ондағы актерлер бәрін ойдан шығарады. Олардың қойған әзіл-қалжыңдары кеңес заманындағы қалып кеткен ескі көріністерді еске түсіреді. Бүгінгі күннің аурасы, қым-қуыт тірлігі мүлде байқалмайды.
«Әпитөктің байының» әңгімесі мен Қ.Демесіннің шаңқылдаған даусы шыққанда телеарнаны басқа арнаға бұрып жібересің. Біздің бұл сөзімізге «Тамаша» мен «Терісқақпайдың» әртістері ренжи қоймас. Заман көшінен ілесе алмаған бұл буын пойыздың соңғы вагонында қашанға дейін отыратыны әзірше бір Құдайға ғана аян.
Әңгімемізді ары қарай жалғасақ.
Қазірде әнші-актердің екінші мамандығы – тамада болып тұр. Көптеген өнер иелері (арасында ақындар да бар) талантын тамадалыққа пұлдап жүр. Той жағалап, жел соққан қаңбақтай жүйткіп жүрген адам – өзін қалай жетілдіріп, өнерін қалай ұштайды? Өнерін өркендетуге ешқашан уақыт таба алмайды. Әншілерге той жағалап, ән салған жарасатын шығар? Ал актерлерге бұл мүлде жараспасы анық. Актер интеллектуалдық күш-жігерді қажетсінетін мамандық. Кез келген актер өзін шыңдап, білімін жетілдіруі керек. Олар сахнада көрермендерге нұр шашып тұруы тиіс.
Ал біздің актерлерді бүгін үлкен сахнадан көрсең, ертесі тойдан болмайтын анекдот айтып тұрғанын көріп, өнерге деген құрметің кемиді.
Біз әңгіме етіп отырған Нұржан Төлендиев де асабалықпен айналысатынын білеміз. Өнер көгінде самғап, жұрттың көзайымына айналған Нұржан қазір жолайрықта тұрғандай…
Ол Құдай берген өнерін сақтап қалғысы келсе, тамадалықты тастап, өнерін дамытуға күш салуы керек-ақ. Біз бұл «ақылымызды» кез келген әртіске қаратып айтуға болар еді.
Бірақ олардың бәрі Нұржандай көпшіліктің ықыласына бөленген емес. Халық Нұржанның асабалығын емес, актерлік шеберлігін жыр қылып әңгімелейді. Әңгіме басында «өнер құрбандықты қажет етеді» деген үлкендердің сөзін бекер айтқан жоқпыз. Дәл қазір Нұржан Төлендиев өнері үшін асабалығын құрбандыққа шалуы тиіс.
Бүгінде әнші-әртістің әңгімесіне құлақ ассаң, өнер адамдары үшін жанбағыстың жалғыз жолы асабалық па деп қаласың. Бәрі концерттерінен ешқандай табыс таппайтынын айтып, мұң шаққанда етектері жасқа толады. Өз басымыз асабалық қазақ өнерінің төрдегі басын есікке сүйреген кәсіп болды деп есептейміз. Сондықтан шоу-бизнесте жүрген әнші-әртістер үшін асабалық нан табудың жалғыз жолы десек, қатты қателескен болар едік.
Біздің сөзімізге Баян Есентаваның шоу-бизнестегі табысты жұмысы айқын дәлел болады.
Егер өнер адамдары Баяндай еңбек ететін болса, Қазақстан Ресейдің әнші-әртістерінің май шелпегіне айналмас еді. Осы жайттарды сараптағанда біздің отандық шоу-бизнес нарықта бәсекеге қабілетсіз екені байқалып қалады.
Нұрлан ӘУБӘКІР