"Тамашаның" негізін қалаған таланттар еді
Осы көктемде Марқакөл өңірінен шыққан сахна саңлақтары Марат Сақатов пен Шайқуали Есетовтің қайтыс болғанына 15 жыл толды. Марат Сақатов 2000 жылы 1 наурызда Алматыда, Шайқуали Есетов 22 наурызда Теректіде қайтыс болған. Марқакөл аудандық мәдениет үйіне жұмысқа бір жылы келген екі өнер саңлағы осылайша бір жыл, бір айда көз жұмып, жалған дүниемен, өздерін отыз жыл бойы әлдилеген өнер әлемімен, патша көңілді көрерменімен қоштасып, кете барған...
Марқакөлдің марқасқасы
Марат 1947 жылы 27 тамызда бұрынғы Марқакөл ауданының Ақбұлақ ауылында дүниеге келген. Кішкентайынан ән салуға, өнерге әуес болады. Бойында өнері бар әрбір бозбала секілді ол өзі оқыған мектептердің көркемөнерпаздар үйірмелеріне белсене қатысады, ән салады, скетчтерде ойнайды. 1966 жылы сол кездегі Ленин атындағы Боран орта мектебін бітірген соң, ішкі істер органдарына қызметке кіреді.
Мен Марат ағамен біздің сол кездегі Горный селосына учаскелік инспектор болып қызметке келген кезінде таныстым. Сөзіне әзіл-қалжыңды араластыра сөйлейтін, шуақты, мойылдай қара көздерінен күлкі есіп тұратын кең маңдайлы, төртбақтау келген қараторы жігіт екен. Танысып қана қоймай, Маратпен, Айтжамал жеңгемізбен бірге ауылдық мәдениет үйінің көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, совхоз орталығы ғана емес, бөлімше орталықтары Кәкім, Жантай, Бақай, Майтерек ауылдарына, көршілес Қарой селосына дейін барып, концерттер қойып жүрдік. Ол концерттердің ұйытқысы - Марат Сақатов, Нәбиолда Кемешов еді.
1969 жылы күзде мен Өскемен ауылшаруашылық техникумына оқуға түсіп, келесі жылы әскерге алындым. Сол 1970 жылы Марат аудандық мәдениет үйіне жұмысқа шақырылып, Алексеевкаға көшіп кетіпті. Марат пен Айтжамал Алекссевкаға көшіп барып, екеуі де аудандық мәдениет үйіне жұмысқа қабылданады. Сонда аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Зайнолда Омаров, драма театрының режиссері Ораз Кәкеев ағаларының басшылығымен Мараттың мәдениет саласындағы өмірі басталды. Марат сол жылдары Марқакөлдің байырғы өнерпазы Рахметолда Тұрабаевпен, Елхом Ниғматуллинмен, Ораз Кәкеевпен, өз замандастары Төлеухан Әбедимовпен, Әнуарбек Отарбаевпен, Шайқуали Есетов, Минутбек Шідеринов, Нәбиолда Кемешовтермен бірге қоян-қолтық жұмыс істеді. Драма театрының режиссері Ораз Кәкеев қойған қаншама спектакльдерде өзі де, Айтжамал жеңгеміз де көптеген рольдерді ойнады. Марқакөл аудандық мәдениет бөлімінде жұмыс істеген жылдары оның шеберлігі шыңдалып, актерлік, режиссерлік дарыны жарқырай ашылды.
1975 жылы Ораз аға ауданнан көшіп кеткен соң, драма театры режиссерінің тізгіні Марат Сақатовтың қолына тиді. Ол Марқакөл халықтық драма театрында режиссер болып екі жыл жұмыс істеді. Осы уақытта бұрын өзі бағалай бермейтін режиссердің жұмысының қаншалықты қиын екенін ұқты. Сөйтіп, 1976 жылы Москвадағы Щукин атындағы жоғары театр училищесінің режиссерлік бөліміне сырттай оқуға түсіп, кейін оны ойдағыдай бітіріп, диплом алды.
Мен 1976 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің үшінші курсын бітірген соң үйленіп, сырттай оқуға ауысып, аудандық «Шамшырақ» газетіне жұмысқа келгенде, Горныйда танысып-білісіп қалған Марат ағамен қайтадан кездестім. Мәкеңнің өнерпаз ретіндегі қасиетін саралайтын болсам, оның бойындағы өнер жан-жақты еді. Әнуарбектей айтпағанмен, ол да жап-жақсы ән салатын. Өзі автор болып, сахналық миниатюралар жазатын, актер ретінде сол өзі жазған сценкаларда, өзі қойған спектакльдерде ойнайтын, режиссер ретінде классикалық шығармаларды сахналайтын.
Марқакөл аудандық халықтық драма театрының режиссері болып қызмет істеген кездері Марат та аталмыш театрдың Ораз Кәкеев салып кеткен сара жолынан ауытқыған жоқ. Ол режиссер ретінде «Еңлік Кебек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Абай», «Ақан сері-Ақтоқты», «Ревизор», «Отелло» секілді классикалық шығармаларды сахнаға шығарды. Аталмыш спектакльдерде Шәйкен, Әнағаң, Рахаңдар басты рольдерде ойнаса, Мараттың өзі де ортақ істен шет қалмай, актер ретінде Дулат, Қарабай, Яго, Абай, Бобчинский сияқты бейнелерді сомдады.
Аудандық халықтық драма таетрының режиссері қызметінен кейін Марат Зәйдешұлы Марқакөл аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі болды. Одан кейін облыс орталығына көшіп барып, Өскемен мәдени-ағарту училищесінде оқытушылық қызмет атқарды, бұдан соң сол кездегі Семейдегі Абай атындағы музыкалық драма театрында жұмыс істеген кезде де өзін білімді де білікті, талантты режиссер ретінде таныта білді. Мұның бәрі - өнер тарланының өсу, өркендеу, өрлеу жолындағы баспалдақтары еді.
Кейін 1987 жылы Мәкең отбасымен сол кездегі астанамыз Алматы қаласына көшіп барып, Қазақ драма театрында редактор қызметін атқарды. 1990 жылдан бастап «Тамаша» ойын-сауық отауында, одан соң жаңадан ашылған «Бауыржан-шоуда» автор, режиссер болып қызмет атқарды.
Бүкіл марқакөлдіктер мақтан ететін өнер тарланы Марат Зәйдешұлы Сақатов 2000 жылы 1 наурызда 53 жасында дүниеден өтті.
Айтжамал жеңгеміз әлі Алматыда тұрады. Қазір Мараттың өнердегі жолын Алматы театр институтын бітірген ұлы Алмат Сақатов жалғастыруда. Ол қазір «Бауыржан-шоуда» табысты өнер көрсетіп жүр. Әнші қызы Назгүлді де осы ұжым әртістерінің қатарында теледидардан ара-тұра көріп қаламыз. Мәкең өмірден өткенімен, ол сахнаға шығарған спектакльдер әлі көрермендердің есінде. Ол жазған сахналық миниатюралар әлі де Марқакөл аудандық мәдениет үйінде, «Тамашада», «Бауыржан-шоуда» қойылып жүр.
Көрерменін күлкіге кенелтіп кетті
Ал Шайқуали Есетов Марқакөл ауданының аумағында орналасқан «Алтайзолото» тресі Алқабек кен басқармасының «Манқан» алтын кен өндірісінде сол кеніштің жұмысшысы Сәдуақас пен Бижәмила Есетовтердің отбасында 1948 жылы 4 ақпанда дүниеге келген.
- 1970 жылы Марат Сақатов, Шайқуали Есетов үшеуіміз аудандық мәдениет үйіне жұмысқа бірге келдік. Ауданнан драма театры ашылатын болып, оның режиссерлігіне келген Ораз Кәкеев үшеуімізді де театрға жұмысқа шақырып алған еді. Сол кездегі аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Зайнолда Омаров бұйрығын жазып, бізді жұмысқа қабылдады. Оған дейін Марат Горныйда учаскелік милиционер, мен «Қарой» совхозында шопан болып істейтін әкем Сағдолдада көмекші, Шайқуали Қарашілікте қара жұмысшы болып жүрген едік. Содан былай өнердің ыстық-суығын үшеуіміз бірге көрдік, - деп еске алады сахна саңлағы Әнуарбек Отарбаев.
Зайнолда мен Ораз ағалардың жүрегінде өнердің оты лаулап жанған осы үш азаматты мәдениет саласына жұмысқа тартқаны дұрыс болғандығын кейін уақыт көрсетті. Осылардың қатысуымен Марқакөл аудандық драма театры кейін халықтық атағын алды, бұлардың үшеуі де Марқакөлдің маңдайына басқан өнер жұлдыздарына айналды.
Марқакөлде сол жылдары халықтық драма театрынан басқа да халықтық атағы бар екі өнер ұжымы болды. Олар - «Ақтолқын» ән-би ансамблі мен «Сәуле» үгіт театры, халықтық драма театрына Ораз Кәкеев жетекшілік етсе, үгіт театрын Әнуарбек Отарбаев басқарды, «Ақтолқынға» Алексеевканың орыс-қазағы Толя, Анатолий деп атап кеткен әуесқой сазгер, әйгілі «Ертісім» әнінің авторы Төлеухан Әбедимов жетекшілік ететін. Марқакөл ауданының осы үш халықтық ұжымы аудан, облыс, республика көлемінде ғана табысты өнер көрсетіп қоймай, өз өнерімен Мәскеудің, Германияның, Болгарияның көрермендерін тәнті етті. Осы ұжымдардың қатарында Шәйкен аға да өнер көрсеткені мәлім.
Шайқуали Есетовтің өзі кішігірім бір театр болатын. Бұл жағынан ол ресейлік Никулин, Вицин, Моргунов секілді комедиялық рөлдерді орындауға туған актер болатын. Сахнада скетчтерді бірге ойнайтын Әнағаң екеуі бірі қара плащ пен елде жоқ мыжырайған ескі шляпа, екіншісі ескі күпәйке мен бір құлағы төмен түсіріліп, екінші құлағы шошайып тұрған қалпақ киіп шыға келгендегі түрі, әр қимыл, қозғалысы, мимикасының өзі күлкі шақыратын.
Шәйкен аға Марқакөл аудандық мәдениет үйінде табан аудармай отыз жыл еңбек етті. Күлкі театрында ойнаған ондаған сценкалардан басқа, сахна саңлағы халықтық драма театрының актері ретінде «Қозы-Көрпеш - Баян сұлу» спектаклінде Қозы, «Қыз Жібекте» Төлеген, «Қаракөз» спектаклінде Сырым, Шекспирдің «Оттелосында» Яго рөлдерін сомдады. «Жоғалған адамда» да Шәйкен аға сомдаған роль көрермен көңілінен шықты. Бір айта кететін нәрсе, Марқакөл аудандық драма театры «халықтық» деген атақты осы «Қарагөз» спектаклімен алған болатын. Амал не, өнердің көкжиегінде жарқ етіп қатар көрінген Марат пен Шәйкеннің ғұмырлары ұзақ болмай, құйрықты жұлдыздай соңына ақжолақ із тастап, ағып түсті.
Қашан, қай ұжымда болсын, негізгі салмақ ұжымның қаңқасы, алтын тіреуі іспетті азаматтарға түсетіні белгілі. Марқакөлдің өнер саңлақтары драмалық шығарманы дайындай ма, жоқ әлде, комедиялық туындыны қоюды шеше ме, бәрібір алдыңғы лекте Рахаң, Әнағаң, Шәкеңдер жүретін.
- Олар драма театрының актерлері ретінде әрбір спектаклін дайындаған сайын оны алдымен Қарашілікке әкеліп, обкаткадан өткізетін. Сонда осы Әнуарбек Отарбаев екеуі алдымен біздің үйге келіп шай ішіп отырғанда, Шәйкен: «Тағы да концертпен келіп қалдық, бүгін сендердікіне қонамыз, жанымызда тағы бір жас жігітіміз бар дейтін», -жымыңдап. Сонда оның жас жігіт деп отырғаны сол кезде жасы егделеп, қартаң тартып қалған Марқакөлдің байырғы өнерпазы Рахметолда Тұрабаев болып шығатын. Спектакльден кейін үшеуі келіп қонып, бұйырған астарын ішіп, риза-хош болып аттанушы еді. Қазір ортамызда жаны жайсаң ағамыз Рахаң да, өлген кісіні де күлдіретін Шәйкен құрдасым да жоқ. Зулап бара жатқан уақыт-ай, шіркін! -деген сөздерді айтқанда, бұрынғы «Марқакөл» кеңшары Қарашілік бөлімшесінің байырғы жүргізушісі, қазір Өскеменде тұрып жатқан зейнеткер Шәкен ағаның қабағына мұң ілінеді.
Шәйкен, Әнуарбек, Рахаңдар күрделі драмалық, комедиялық шығармалармен қатар, сол кездері Марат Сақатов жазған сценкаларды да сахнаға шығарып, халықты әзіл-сықаққа батырып, күлкіге кенелткен. Шәйкен мен Әнағаң сахнаға шығарған «Нағашы мен жиен», «Желін» секілді сценкалар ауданда «Тамаша» атты күлкі театрын құруға негіз болған. Бұл бүгінгі күнгі атақты республикалық телевизиялық «Тамаша» ойын-сауық отауының бастауы болатын. Марат сол кезде сценкаларын аты аталған жігіттерге ғана ойнатып қоймай, Алматыға да жіберіп, оларын Тұңғышбай Жаманқұлов пен Құдайберген Сұлтанбаевтар ойнай бастаған. Ақыры республикалық теледидарда «Тамаша» ойын-сауық отауы құрылып, Мараттың өзі сонда шақырылып, Алматыға кетіп қалды. Бірақ «Тамашаны» республика көлемінде құрушылар содан бері қаншама жыл өтсе де, оның кезінде Марқакөл жерінен бастау алғаны туралы ләм деп ауыздарын ашқан жоқ. Ал негізінде оның қайнар көзінде Марат Сақатов, Шәйкен Есетов, Әнуарбек Отарбаев секілді Марқаның сахна саңлақтары тұрғаны шындық.
Көпен Ерқасов,
ақын, журналист, аудармашы.