Таңдаулы туындылар көрмесі
Алматыдағы Орталық мұражайда «XX ғасыр. Суретшілер туындыларындағы дәстүрлі қазақ мәдениеті. Мемлекеттік орталық мұражай коллекциясынан» атты көрме жүріп жатыр.
Осынау мәдени-көпшілік шараның басты мақсаты – Орталық мұражайдағы «Бейнелеу өнері» қорының негізінде тұңғыш рет ауқымды түрде этнографиялық сюжетке бай, тарихи танымдық тағылымы айрықша көркемөнер туындыларын жұртшылыққа паш ету. Көрмеде осы уақытқа дейін ел назарына ұсынылмаған ерекше туындылар жинақталған. Қазіргі уақытта бұл қорда көрнекті қылқалам шеберлері Н.Хлудовтың жұмыстарынан бастап, Ә.Қастеев, Ф. Болкоев, Б. Урманче, В.Каптерев, Қ.Телжанов, М.Қалымов, М.Кенбаев, С.Айтбаев, У.Әжиев, О.Нұржұмаев және т.б. көптеген танымал авторлардың жұмыстары қордың коллекциясының қалыптасуының өзегін құрап отыр. Көрмеге осы жоғарыда аталған қылқалам шеберлерінің дәстүрлі мәдениет тақырыбындағы еңбектері қойылған. Қазақы салт-дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға бағытталған көрме жұмысы 5-сәуірге дейін жалғасады.
Бейбітқали ҚАҚАБАЕВ, ҚР Мемлекеттік орталық мұражайы директорының бірінші орынбасары:
– Мемлекеттік орталық мұражайдың «Бейнелеу өнері» қорында халқымыздың тарихын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, материалдық мәдениетін бейнелейтін 3500-ден астам көркемсурет туындылары мен кескіндемелері сақтаулы. Мұражай топтамасында этнографиялық мәлімет көзі болып табылатын көркемөнер туындыларының мол шоғыры топтасқан. Көрмеге топтамадағы ең бірегейлері ғана іріктеліп алынды.