Танымал әншілердің тойға қанша ақша сұрайтыны белгілі болды
Еліміздегі кейбір шоу-бизнес өкілдері тойда фонограммамен шырқайтын бір-екі әні үшін тіпті 1 млн теңгенің өзін місе тұтпайды екен, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Экспресс К"-ға сілтеме жасап.
"Жаңа қадам" бағдарламасының журналистері эстрада жұлдыздарының менеджерлеріне қоңырау шалып, олардың тойда қанша теңгеге өнер көрсететіндерін сұрап көрген.
Мәселен Ерке Есмахан қуанышыңызға келіп 7-8 ән шырқағаны үшін бақандай 2 млн теңге сұрайды. Одан бөлек әншінің ұшаққа билетін де той иесі алып беруге міндетті. Ал Музарт тобының әншісі Сәкен Майғазиевтің тойдағы гонорары Еркеден сәл-пәл арзандау. Ол той сахнасына екі рет шыққаны үшін 1,5 млн теңге алады. Майғазиев пен көмекшісіне де ұшақ билеті мен жайлы қонақ үйі той иесінің қалтасынан шығады.
Мөлдір Әуелбекованың да тойдағы ақысы 1,5 млн теңге. Бірақ бұл әнші өзінің жол шығындарын той иесінен сұрамайды. Барлығы осы соманың ішіне кіреді. Ал жас әнші Ернар Айдар тойда айтатын 8 әні мен жол шығыны, қонақ үйіне 2 млн теңге сұрап жүр.
Соңғы кезде жақсы танылып келе жатқан Тұрар есімді әншінің жас болса да, тойдағы гонорары басқалардан тым қымбат. Ол думанды кештерде тек ән айтқаны үшін ғана 2 млн теңге сұрайды. Басқа шығындарын да той иесі көтереді екен.
Ал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовты тойға шақыруға әркімнің қолы жете бермейді. Оның көмекшісі өнерпаздың тойдағы гонорарын бақандай 10 мың долларға бағалап отыр. Бұл қаржыны теңгеге шаққанда шамамен 5 млн теңгеге жетіп жығылады.
Әлеуметтік желі қолданушылары танымал әншілердің тойдағы қызметі үшін алатын ақысының өте қымбат екенін айтады.
"Фонограммамен айтып, мынадай ақша алады. Тірі дауыста ән шырқаса, не істер екен?","Бұларға осынша ақша бергенше, басқа керегімді алар ем","Бұлар қарапайым халықты ойламайды. Тек байларға арналған әншілер ғой", — деп жазды пікір білдірушілер.