Тарихқа жаңа көзқарас керек
Тарихшылар жүрер жол мен барар жердің бағытын тағы бір бағамдады. Кеше Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Қазақстан тарихшыларының ұлттық конгресі «Қазақстан тарихы: инновациялық тұжырымдамалар мен дәуірлеу ғылыми танымының басым бағыты» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Конференцияға еліміздегі және алыс-жақын шетелдерден келген тарихшы ғалымдар қатысып, баяндамалар жасады.
Светлана СМАҒҰЛОВА, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институы директорының орынбасары, тарих ғылымының докторы:
– Біздің бұл конференцияны өткізудегі басты мақсатымыз – Қазақстан тарихын көптомдық ретінде қарастырып, оның әрбір кезеңіне тоқталу. Қазақ хандығы, қазақ халқының қалыптасуы, оның этнотерриториясының мәселелері, мемлекеттің құрылуы, тіл мәселелері және осы тіл мәселесі кешегі кеңес кезеңінде қандай болды, Тәуелсіздік қалай келді? Осы сұрақтардың барлығы бүгінгі конференцияда кеңінен талқылануда. Алдағы уақытта Қазақстан тарихының 20 кітаптан тұратын 10 томдығы жарық көрейін деп жатыр. Біз сол 10 томдықта бұрынғы шыққан 5 томда кеткен қателерді жіберіп алмауымыз керек. Бұрмаланған, жазылмаған тарихтарды жаңаша көзқараста сараптауға тиіспіз. Осы тұрғыда бұл конференцияның атқарар рөлі ерекше.
Қайдар АЛДАЖҰМАНОВ, тарих ғылымының кандидаты:
– Бүгінгі талқыланатын негізгі мәселе ұлттық тарихымызды қалай зерделеу керек, қандай кезеңдерге бөлеміз деген сұрақтарға жауап іздеу болып табылады. Бұл конференцияға шетелдік ғалымдардың келуін тарихқа біржақты қарамай, жан-жақты талқылауға жасалған алғышарт деп түсінуіміз керек. Соңғы үш жылға дейін Ресей тарихшылары Қазақстанда ашаршылық болды деп ешқашан айтқан емес. Украин ғалымдары өздеріне жасалған зұлматты Біріккен Ұлттар Ұйымына дейін жеткізді. Содан кейін барып қана еріксіз мойындауларына тура келді. «Ашаршылық тек Украинада ғана емес, өзімізде де, Солтүстік Кавказда да, Қазақстанда да болды» деп мойындады. Бүгін сол мәселелер тағы да көтеріліп жатыр.
Оразақ СМАҒҰЛОВ, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымының докторы:
– Бүгінгі жиналып жатқан конференция өте орынды болып тұр. Тарихқа деген жаңаша көзқарас – уақыттың тудырып отырған талабы. Мен бір мәселеге баса назар аударуды ұсынар едім. Бізде тарихшылардың көбі орысша жазады. Ал орыс тіліндегі терминдер мен қазақ тіліндегі терминдер арасында айырмашылықтар бар. Мысалға «Казахская степь» дейді. Степь дегеніңізде не географиялық, не этнотерминдік ұғым жоқ. Бұл жерде тек қана қазақтың тарихы болатын болса, біз оны көне қазақ жұрты дейік. Осындай мәселелерді қозғап, бір ізге түсіріп алуымыз керек. Бүгінгі жеткен жетістіктерімізді пайдалана отырып, тарихымызды жаңаша танып, осындай олқылықтардың орнын толтырсақ, бүгінгі конференция өз мақсатына жетеді деп ойлаймын.