Тарихтың зерттелмеген жолдары зерделенеді
Ат тұяғы сүрініп жететін ұлан-ғайыр даламызды өзіміз де әлі тани алмай келеміз. Қаншама құнды жәдігер құпиясын ішіне бүгіп жатыр. Әзірге сол құпияның сырын аша алмай жүрміз. Одан қалды өзге жұрт таңдай қағатын сан алуан тамаша табиғи байлығымыз бар. Осының барлығы бізді қызықтыра түседі. Өкінішке қарай, бұл бағытта бүгінгі күнге дейін тыңғылықты істер атқарылған жоқ. Соның салдарынан қаншама құндылық көзден таса қалып қойды. Өз алдымызға түтін түтетіп отырған қазіргі кезеңде сол олқылықтың орнын толтыруға көңіл бөлгеніміз артық емес.
Елімізге белгілі саясаткер Ерлан Қариннің бастамасымен Kazakhstan–Terra Incognita кешенді жобасы қолға алынып отыр. Ол жоба Қазақстанның тарихы мен мәдениетін насихаттауға арналған. Сондай-ақ аймақтардың туристік әлеуетін танытуға бағытталған. Оны жүзеге асыруға Қазақ географиялық қоғамы атсалысуға ниет білдірді. Жобаны жүзеге асыру барысында тарихи-мәдени, археологиялық, этнографиялық, экологиялық және өзге де зерттеулер жүргізіледі. Осының арқасында аталмыш салаларда ғылыми ізденістерді қайта жандандыруға мүмкіндік туады. Потенциалды туристік маршруттар анықталады. Осының арқасында туристік атластар қалыптастырылады. Аймақтардың мәдени, әлеуметтік-экономикалық әлеуетін анықтауға мән беріледі.
Аталмыш мақсатта құрылған арнайы экспедиция алғашқы сапарын Сыр өңірінен бастауды жөн көрген. Жобаны ұйымдастырушы азаматтардың бірі – Е.Қарин оның жай-жапсарын түсіндіріп өтті. Қазақ тарихының дамуында Сыр өңірінің айтарлықтай орны бар екені белгілі. Қашаннан да дария бойы ұлтымыз ұлық тұтқан аймақ қатарында саналады. Тіпті түбі бір түркі жұртының кіндігі кесіліп, ат жалын тартып мінген туған топырағы осы бір қасиетті мекен екенін ғалымдар жиі қозғап келеді. Былайша айтқанда, бұл өңірде тамырын тереңге тартқан тарихымыз бар. Түп-төркінімізді түгендейміз десек, сол құндылықты қайта зерделеу – негізгі міндетіміз. Қарт Қаратау мен айбынды Арал теңізі арасындағы аймақта қаншама тарихи шаһарлар, сан алуан мәдени нысандар жетіп-артылады. Экспедиция мүшелері апта бойына сондай орындарға ат шалдырып, қаншама құндылықтарды таразыға тартатын болады.
Ерлан ҚАРИН, жобаны ұйымдастырушы:
– Біз шетелдегі талай құндылық жөнінде жан-жақты білеміз. Өкінішке қарай, сондай орындар өзімізде де баршылық. Алайда олардың басым бөлігін біле бермейміз. Оны өзіміз тани алмай отырып, өзгеге қалай насихаттай аламыз? Бір сөзбен айтқанда, шетелдіктер үшін Қазақстан әлі күнге дейін белгісіз мекен саналып келеді. Біздің елімізде тұратын азаматтар әлемнің жеті кереметін жатқа айтып шығуы әбден мүмкін. Дегенмен Қазақстанның 7-10 кереметі түгіл, оның бір-екеуін де есіне түсіре алмайтыны ақиқат. Тіпті әрбір өңірде тұратын жұрттың өзі сол маңдағы тарихи орындар мен табиғат ескерткіштерін тап басып санамалап бере алмасы бесенеден белгілі. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі күнге дейін төл тарихымыз бен табиғи тамашаларды насихаттауға қол қысқа болып келді. Экспедиция барысында сол олқылықтың орнын толтырсақ деген ойдамыз. Сыр өңіріндегі сапарымызға облыс басшылығы қолдау білдірді. Соның нәтижесінде жалпы аумағы 3 мыңнан астам шақырымды қамтитын аймақтағы құндылықтарды көзбен көріп, көкейге түйіп қайтуға мүмкіндік туып отырғаны қуантады. Мәселен, бір ғана ауданның өзінде төрт күй мектебі өрендерге тәлім беріп келеді екен. Осының өзі біздің халқымыз үшін үлкен байлық емес пе? Біз экспедиция барысында соларды жазып алып, мұрағат қорын жасауды жоспарлап отырмыз. Жалпы, аталмыш шара бойынша жинақталған материалдар негізінде альбом-кітап, деректі фильм, туристік атлас, күйтаспаға жазылған фольклор туындылары, фотосуреттердің электронды жинағын шығаруды ойластырудамыз.
Сыр топырағы талай құпияны қойнауына жасырып жатыр. Жақында ғалымдар ертеде сақ тайпаларының мекені болған Шірік Рабат қаласын зерттеген болатын. Соның нәтижесінде сан алуан тарихи деректер қолға ілікті. Олар ескі қаланы зерттеу барысында абыз-ақсүйектер жерленген қабірлерді тапқан. Ғалымдардың айтуынша, олар семсермен жатқан кісіні тапқан. Оның киімі өте қымбат болғаны көрініп тұр. Ол паршаға оралып жерленген. Бұл мүрденің бас жағынан табылған ыдыста «Бұл – Тир құдайының шапағатына ие болған адам» деген көне жазу бар екен. Жалпы, Тир құдайы дегеніміз әскер, қару-жарақ құдайы дегенді білдіреді.
Сәдуақас АҒЫТАЕВ, «Қазқайтажөндеу» РМК ғылыми-зерттеу жобалау филиалының директоры:
– Сыр өңірін әрбір зерттегенде талай көмбенің бетін ашамыз. Бір сөзбен айтқанда, бұл аймақта түрен тимеген құндылық саны жетерлік. Сол себепті осы мақсатта көбірек жұмыс жасағанымыз артық емес. Біз Шірік Рабат қаласын зерттеу барысында жер бетіндегі ең көне күмбезді құрылысты көзіміз көрді. Академик Толстов өзінің еңбектерінде алғашқы күмбезді архитектураны Рим архитектурасына жатқызады. Оны шамамен біздің дәуірімізге дейінгі бірінші ғасыр деп айтамыз. Ал Арал теңізі аймағын мекен еткен сақ тайпалары оған дейін 400 жыл бұрын керемет күмбезді архитектураның үлгілерін көрсеткен деген пікірлер ғалымдар аузында жиі айтылып жүр. Атап өтерлігі, Сыр өңірі құнды жәдігерлерге өте бай. Сондықтан осындай игілікті шаралар арқылы қаншама құндылықты дәріптеуге жол ашылады деп санаймын.
Археолог ғалымдар бүгінгі күнге дейін Сыр өңірінің тиянақты зерттеу жүргізіле қоймағанын тілге тиек етеді. 1946-1990 жылдар аралығында Хорезм экспедициясы зерттеулер жүргізген. Олар өз жұмыстарын жүргізгеннен кейін өз елдеріне қайтып кетіп отырған. Соның салдарынан бүгінгі күні біздің қолымызда туған өлке тарихы жайындағы деректер аз кездеседі.
Әзілхан ТӘЖІКЕЕВ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің археология және этнография ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі:
– Қазіргі таңда сондай олқылықтың зардабын тартып келеміз. Кейбір ғалымдар біздің өлкедегі өркениетті Хорезм өркениетінің әсерінен пайда болған деп санайды. Шындығына келгенде, бұл тұрғыда терең зерттеу жүргізгеніміз артық емес. Ұлттық тарихымызды жазуда осы экспедицияның алатын орны ерекше деп үміттенеміз.
Арнайы жабдықталған экспедиция құрамында тарихшылар, мәдениеттанушылар, этнографтар, экологтер, әлеуметтанушылар және фото-бейне материалды түсіру үшін кәсіби фотографтар мен бейнеоператорлар қатысуда. Олар ерекше тарихи нысандарды, тарихи-мәдени ескерткіштерді, заманауи көрнекті жерлерді аралайды.