Тарихымыз «тапталып» жатыр
Елімізде тарихи-археологиялық ескерткіштерді зерттеу мен зерделеу кенжелеп тұр. Мәселен, Талғардан табылған «Талқыз» археологиялық құндылығының аумағы әлі қоршалмаған. Ал көне Қойлық шаһары мен Бесшатыр қорғандарын зерделеуге тиісті көлемде қаржы жоқ.
«Алтынемел» ұлттық паркінің аумағындағы «Бесшатыр қорғандары» сонау 1924 жылы кеңес ғалымдары назарына ілікті. Ал 1956 жылы алғашқы қазба жұмыстары жүргізілді. Мұнда барлығы 31 қорған болса, соның 19-ы зерттеу аясында аршылған еді. Ал қалғандарын тоқырау жылдары талғажау іздеген жұрт заңсыз жолмен қопарып тастапты. Ел аузындағы әңгімелерге сенсек, қорғандар ішінен алтын, күміс әшекей заттар табылыпты-мыс. Ол құндылықтарды бірақ ешкім Үкіметке өткізбеген көрінеді.
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында бұл жерден ашық аспан астындағы мұражай ашу жоспарланған болатын. Үш жылдан бері қолға алынған шаруа дәл қазір қаржы жетіспеушілігінен тоқтап тұр. Әлкей Марғұлан атындағы Археологиялық институттың қызметкері, тарих ғылымының кандидаты Арнабай Нұржановтың сөзіне сенсек, мұндағы әр қорғанды қалпына келтіру үшін шамамен 10-12 миллион теңге керек. Сонда бұл қорғандар ғасырлардан сыр шертетін кейпіне енетін болады.
«Бесшатыр қорғандары» Қапшағай суқоймасының солтүстік шығысында орналасқан. «Болашақта бұл орын туристер үзілмейтін мекенге айналады» дейді «Алтынемел» ұлттық паркінің бас директоры Халық Байәділов мырза. Себебі Қапшағайда демалып жатқан саяхатшылар үшін осы орынға шағын кемелер бағытын ашу жоспарланып отыр. «Енді тезірек археологиялық ескерткішті қалпына келтіруіміз қажет. Мұнда келген саяхатшылар біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ-ІІ ғасырларға тиесілі тасқа бедерленген суреттерді де көре алады. Осы өлкені мекендеген сол замандағы қауымның тұрмысымен танысып, мәдениетінен хабардар болады», – дейді тарихшылар. Олардың анықтауынша, парк аумағында 1 мыңға тарта тасқа басылған суреттер бар. Олардың көбінде аңға шыққан адамдар, ешкі мен әлдебір белгісіз жануарлар бейнеленген.
Тарихшы Арнабай Нұржановтың айтуынша, Жетісу өлкесі – тұнған тарих. Табылған археологиялық ескерткіштермен қатар, мұнда әлі зерттелмеген орындар көп. Мәселен, жақында ғана Ескелді ауданының Н.Алдабергенов ауылының тұрғыны Еділ Тәженов ауласын қазып жатып, әлдебір қыш ыдыстардың қалдығы мен адамдікіне ұқсас өте ескі сүйектер сынығын тапқан. Моншасына суағар қазып жатқан шаруа екі метр тереңдікте жынысы өңірге жат тас жабынға тіреліпті. «Мраморға ұқсас бұл тастар мұқият қаланған екен. Оны бір-бірлеп сыртқа шығарып едік, астынан осы дүниелер табылды», – дейді Еділ Тәженов. Ауыл тұрғындарының айтуынша, Тәженовтер тұрып жатқан үйдің орны бұрындары төбешік болған. 1973-78 жылдары бұл жерлер тегістеліп, орнына совхоздың үйлері салыныпты. Соған қарағанда үй ескі қорғандардың үстінде тұрған болуы мүмкін. Бұл пікірді облыстық Тарихи, мәдени құндылықтарды қорғау орталығының директоры Есет Дәуренбаев та қолдайды. «Бұл табылған археологиялық қазбалар, пайымдауымызша, біздің дәуірімізге дейінгі заман құндылықтары. Мүмкін, бұл жерде Қойлық секілді қала болған шығар. Біз бұл туралы Әлкей Марғұлан атындағы археология институтына хабарладық. Жуырда ол жерден арнайы ғалымдар келеді. Қазір бұл орын мемлекет қорғауына алынды», – дейді маман.
Табылған қыш ыдыс сынығында әлдебір таңба бар. Ол таңбаны үй иесі Еділ Тәженов «Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі» атты кітаптағы қоныс, мекен белгісіне ұқсатады. Осы шұңқыр маңынан он шақты жыл бұрын жер астынан тағы бір таспен жабылған ұңғыма табылыпты. Бірақ ол кезде ештеңеге мән бермеген тұрғын оны көміп тастаған. Зерттеу жүргізілсе, ол да қайта аршылатын болады.
Арнабай Нұржанов, тарих ғылымының кандидаты:
– Алтынемелде 31 қорған бар. Олардың бәрі бұзылған. Бұл мекенді ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру үшін көп қаржы керек. Мәселен, бір орташа қорғанды қалпына келтіруге 10-12 миллион теңге керек. Мұнда үш жылдан бері жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазір міне, алты ай болды, қаржы жетіспеушілігінен жұмыс тоқтап тұр. Ғалымдар тегін жұмыс істеуде. Мына қорғандардың үлкен-кіші болуы ондағы көмілген адамдардың әлеуметтік дәрежесіне сай. Яғни үлкендерінде қолбасылар, бекзадалар болса, шағындарында қатардағы қызметшілер, шені төмен басшылар. Қорғанның іші ағаш бөренелермен қапталған. Оны адамдар осы таудан алған. Тастарды да мұнда арнайы тасып әкелген. Себебі дәл мына жерде қорғанды жауып тұрған тас кездеспейді.