«Тартынбай сөйлер асылмын...»

«Тартынбай сөйлер асылмын...»

Биыл төртінші мәрте Атырау аспаны алдаспан жырмен асқақтады. Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен, облыстық білім беру басқармасы ұйымдастырған республикалық Махамбет оқулары еліміздің түкпір-түкпіріндегі талантты мектеп оқушыларын Жайық жағасына жинады. Жас ұрпақ бойына елжандылық, отансүйгіштік қасиеттерді дарытып, жігерлі болуға тәрбиелейтін, рух беретін Махамбет жырларын жатқа оқып, күйлерін төгілтіп, өздері де өлең шығаратын оқушыларды көргенде еріксіз сүйінесің. Байқаудың бас жүлдесін жеңіп алған қарағандылық Оразгүл Еркебаева өзінің топтан озған жүйрік екенін дәлелдей алды. Ол бұл сайысқа 290 өлең жаттап келіпті.
– Махамбет жырларын жаттау арқылы балаларымыздың рухы биік болады. Рухы, мінезі жоқ елдің болашағы бұлың­ғыр. Қазіргі ақпараттық ағындар қаптаған заманда қазығымызды қағып, сол орны­мыздан айырылып қалмау үшін бүгінгі ұрпақтың бойына патриоттық сезімді ұялата білу керек. Бұл байқау соның үдесінен шығып отыр деп ой­лаймын, – дей келе облыс әкімінің орын­басары Шыңғыс Мұқан барлық қатысу­шыларға сәттілік тіледі.
Мектеп оқушылары арасындағы республикалық Махамбет оқуларының негізін қалаушылардың бірі ҚР Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім департаментінің бас сарапшысы Роза Баттал да шараның маңызына тоқ­талды. «Баршаңызды да Махамбеттің асқақ поэзиясының мерекесімен құттық­таймын, – деді Роза Мұхамеджанқызы. – Халқы үшін қапа болып, қайғылы ғұмыр кешкен қайталанбас тұлғалардың бі­регейі, дулығалы батыр, дауылпаз ақын Махам­беттің рухани мұрасын жас ұрпақ бойына сіңіруді, ақынның жасын жыр­ларын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуді мұрат тұтқан Махамбет оқулары бүгінде дәстүрлі білім сайысы, өнер жарысы ретінде республи­калық деңгейде төртінші рет өткізілуде. «Еділдің бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едім. Жағалай жатқан сол елге мал тол­тырсам деп едім» деген Махамбеттің ұлы арманы, елдің кеше­гісімен, бүгінімен, ертеңгі болашағымен астасқан асыл мұрат. Соны жүрегімен терең бойлап ұғыну, біртуар биік тұлғаның асылдығын, батыр­лығын бағалай білу – бүгінгі жас өскіннің міндеті».
Биылғы Махамбет оқуларының ерек­шелігі – сайысқа қатысушы оқушыларға Махамбет өлеңдерімен қатар Мұрат Мөңкеұлы, Шернияз Жарылғасұлы, Фариза Оңғарсынова сынды біртуар ақындар шығармаларын жатқа оқу талабы қойылды. Байқау туы сахна төрінен орын алғаннан кейін еліміздің барлық облыс­тары мен Астана, Алматы қалаларынан келген өнерпаздар шеруі өтті. Филология ғылымының докторы, профессор Қадір Жүсіп төрағалық еткен қазылар алқасы қатысушылардың өнерін үш кезең бойынша сарапқа салды. Ал­ғашқы кезең – «Ел құтқарар ер едім», Ма­хамбет өлеңдерін жатқа оқушылар сайы­сы. Жоғарыда атап өткеніміздей, Ма­­хам­­бетпен қоса Мұрат, Шернияз, Фариза ақындардың 300-ге жуық өлеңін жатқа білетін, қай жерінен тоқтатып сұрасаң да, мүдірмей жауап беретін Қара­ғанды қаласындағы №61 орта мектептің 10-сынып оқушысы Ерке­баева Оразгүл бас бәйгені қан­жы­ғасына байлады. Жалпы, байқау қоры­тын­дысымен бір ғана бас жүлде тағайын­далған. Ал бірінші орынды Ақтөбе қаласы №21 мектеп-гимназияның 9-сынып оқу­шысы Әлім Аяпберген иемденді. Махамбет тек ақын ғана емес, дүлдүл домбырашы да болған. Сайыстың екінші бөлімі «Ұлы ар­ман» деп аталды. Мұнда оқушылар Ма­хам­­бет күйлері мен Фариза Оңғар­сы­нованың сөзіне жазылған әндер­ді орын­даудан сынға түсті. Алматы қала­сын­дағы А.Жұ­банов атындағы дарынды балаларға арналған респуб­ликалық қазақ маман­дан­дырылған музыка мектеп-интер­натының оқушысы Мұратбек Раман­құлов Махамбет күйлерін шебер орын­дауымен ерекше­леніп, бірінші орынды иеленді.
«Тартынбай сөйлер асылмын» деп атал­ған байқаудың үшінші кезеңінде оқу­шылар шығармашылығы сарапқа түсті. Бұл сында Алматы қаласынан келген Ғаламат Бейсеқожаевтың өнері ерекше көрінді. Ол «Махамбет» атты күй шыға­рыпты. Өз күйін домбыраның қоңыр үні­мен көрерменге жеткізе білген Ғаламат бірінші орынға лайық деп танылды.
Махамбет оқуларының екінші күні ба­тыр атындағы ауданда жалғасын тапты. Мұнда қатысушылар Сарайшық мемо­риал­ды кешенін, Махамбет аудандық өл­кетану мұражайын аралап, Е.Ағелеуов атындағы орта мектепте кездесу өткізді.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста