Тәуелсіздік тойында айыз қандырған айтыс өтті

Тәуелсіздік тойында айыз қандырған айтыс өтті

Қазақтың әр ұланы маңдайына тәу етуі тиіс ұлық мерекеміздің қарсаңында жас мемлекетіміздің жауһарындай Астанамызда 40 ақын жиналып, Тәуелсіздік жырын жырлаған аламан айтыс өтті. Астана аспанын десек әсіреайтқандық болар, бірақ елорда төріндегі Конгресс-Холлдың шаңырағында анық үш күн қас өнеріміздің көрігін қыздырған дүлдүл ақындарымыздың бұлбұл жырларын тамсана тыңдап, айтысты сағынып қалған баршамыздың айызымыздың бір қанғаны ақиқат.

Биылғы айтыстың жаңалығы – Жәмиға!
Еліміздің Мәдениет министрлігі ұйымдас­тырып, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры қолдаған бұл айтыс биыл көршілес төрт мемлекеттен – Моңғолия, Қырғызстан, Қытай және Өз­бек­станнан ақындар келіп қатысуымен ерекшеленді. Ежелден тел өскен Алатаудың бауырындағы қырғыз бауырлар біздің тойға екі ақынын, ал Өзбекстан мен Моңғолиядағы қазақтар бір-бір ақынын қосса, Қытайдағы қалың қазақ төрт ақы­нын үкілеп жіберіпті. Сөйтіп, сырттағы ағайынның үмітін арқалап жеткен ақындарымыз атажұртқа деген сағынышын бүгінгі Қазақстанның жетістіктерімен өре жырлап, мұндағы халықты бір сүйін­діріп тастады. Әсіресе Қытайдан келген Жәмиға есімді ақын қызымызға айтыстың үшінші күнгі ақтық сынында жұрттың қошеметі ерекше болды. Жүрегінен шыққан қуатты жырларын екпіндете төгіп, ер мінезді ерекше энергиясымен баураған Жәмиғаны бірінші күннен-ақ жақсы көріп қалған жұрт оны үшінші күні де «әу» дегеннен-ақ көл-көсір қошеметіне бөледі. Айтыстың бірінші күні астаналық Иранғайып Күзембаевпен айтысқан Жәмиға финалда қызылордалық Мұхтар Ниязовпен айтысқа түскен болатын. Мұхтардан кейін кезек алған Жәмиға «ә» дегеннен қарсыласының (Жә­ми­ғаны Жансая деп) сүрінген тұстан сойып алып, сөзді бірден «Ринат Зайытовпен айтыстыр­ма­дыңдар» деген өкпесінен бастады.
...Екінші айналымға шығады дегеннен-ақ,
Кім менімен айтысады деп миым қатты,
Мен әсілі, ағайын, жұма бұрын
Айтысам деп сұрап ем Ринатты,
– деген Жәмиғаның жырынан білгеніміз, Ринат 2004 жылы Шыңжанда жаңа шыққан жас желкілдек қызбен айтысып, «шылдай бұрап, шырылдатыпты». Содан беріде «тілі ұшталып, буыны қатқан қыз» атажұртқа келгенде Ринаттан есе қайтарғысы келген екен, бірақ жұп бөлгенде Жәмиғаға Ринат бұйырмаған көрінеді.
Ринаттай мықты ақынмен айтысу
Шеттен келген бізге бұйырмапты,
Жәмиғаның ең үлкен кемшілігі
Осы Қазақстанда туылмапты,
– деп сал­ған­да, қызықтың көкесі де осы тұстан басталды. Жұрт ду етіп, «Ринат, Ринат!» деп айғайға басқаны. Сірә, өзінің де делебесі қозып тұрған болуы керек, көрермендер ортасында отырған Ринат та аты аталғасын сахнаға атып шығып, Мұхтардан орны мен домбырасын, ал Жүрсін ағасынан рұқсатын сұрап алды. Жәмиға қыз мұнысын да қағытпай қала алмады:
...Ойпырмай, намыстанып өзі келді,
Бүкіл мына қауымды шуылдатты,
Зайытов та, ағайын, жарайды екен,
Бекерге ұл болып туылмапты...

Алайда Жәмиғаның қуанышы ұзаққа созылмады, домбыраны қолға алған Ринат:
...Ринат, Ринат деп айғайлардай,
Құдай-ау, не көрінді осы қызға...
Ел аман, жұрт тынышта дәл осылай
Биікке домаласын тасыңыз да,
Айқайлап еркек іздеп жүретіндей,
Не күн туды соншама басыңызға, айхой-ахау!
– деп бір шумақ әзілін айтып, сахнадан түсіп кетті.
Осылайша қарсыластарының мүлт кеткен мүдірістерін қапысыз қалжыңмен түйреуге шеберлігін көрсеткен Жәмиға:
...Мынадай шешімге кеп мен отырмын,
Тышқақ лақ алмай-ақ, тыңдарманның,
Құлақ құрышын қандырсам деп отырмын,
– деген еді.
Десе дегендей-ақ, Жәмиға шынымен-ақ қуат­ты жырларымен, қапысыз қалжыңдарымен халықтың құлақ құрышын қандыра білді. Үздіксіз қол соққан жұрттың шексіз ықыласы – соның ай­ғағы. Жұрт пікі­рімен Мырзатай Жолдасбеков бас­таған қа­зылар алқасы да санасып, бас жүлде – 3 млн теңгені Жәмиғаның қанжығасына байлады.
Бірінші орын – Әлібек Серғалида
Ақмола облысының ақыны Әлібек Серғали, расында, болашағынан зор үміт күттірген арындап тұрған жас екен. Жырауларша төгілткенде зал толы жұрттың да делебесін қоздырғаны анық. Бірақ балалығы, әлде албырттығы, Әлібектің Бал­ғын­бекпен айтысында ағаның ініге деген көлдей көңілі мен шексіз ілтипатын көргенімізбен, інінің ізетін байқай алмадық. Таудай Балғынбек, емен­дей Бал­ғымбек иіліп тұрғанда, талдай Әлібектің тілінен «сіз» деген сөз шықпағаны ерсілеу көрінді. Әйтсе де қазылар алқасы жас ақынның ал кеуде – албырттығын, Тайбурылдай шабысын бағалап, 1-орынды және 1,5 миллион теңге жүлдесін бұ­йырт­ты. Ал екінші орын екеу болды: қызыл­ор­да­лық Мұхтар Ниязов пен астаналық Еркебұлан Қайназаровтың әрқайсысы 1 миллион теңгеден жүл­де алды. Үшінші орын үшеу: қырғыз ақыны Аалы Тұтқышев, алматылық Сара Тоқтамысова және астаналық Айнұр Тұрсынбаеваларға 500 мың теңгеден бұйырды. Мұның сыртында Қытайда омыраудағы нәрестесін тастап, осынау ұлы тойдың айтысына келген Гүлсінай ақын мен кішкене баласын Астанаға ертіп келген алматылық Сара Тоқтамысованы да құр қол қайтармай, балаларына мінгізер тайын конвертке салып ұстатты. Әлбетте, мұның бәрі айтысқа жанашырлық та­ныт­қан атымтай жомарттардың арқасында бол­ғаны анық.
Айтыстың жүлде қоры аяқасты ұлғайды
Байқағандарыңыздай, бұл айтыстың жүлде қо­ры үшінші күні аяқастынан ұлғайды. Айтыстың бұрыннан танымал жанашыры Нұртай Сабилья­нов 1 миллион теңге, ал «Алтын қыран» компа­ниялар тобының бас директоры Исламбек Сал­жа­нов «айтысқа шашуым» деп 3 миллион теңге қосқан. Осындай атымтай жомарттарға риза бол­ған Жүрсін Ерман мен қазылар алқасы жүлде қо­рын жоғарыдағыдай бөліп берді.
Алуан-алуан жүйріктер әліне қарай шапты
Осынау аламан айтысқа қатысқан 40 ақын (нақты 41 ақын) – ішінде айтыста бұ­рыннан таныл­ған сақалары да, ұлы дүрмекке жаңа қо­сылған жас талаптары да бар, қай-қай­сысы да барын салды. Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетіс­тік­терімізді де майын тамызып жырлады. Елбасы­ның ерен ерлігі де, Тәуелсіздігіміздің басты байлығы – тыныш­тығымыз да, «Үш жүздің білегімен соққан Астана» да (Еркебұлан Қайна­за­ров) ақындардың назарында болды. 20 жыл егемен ел болсақ та, тіліміздің мүшкіл халі – «99 басшының бас-басына тілмаш керектігі» де (Салтанат Өтелбаева), сыбайлас жемқорлық та, бұра тартқан діни ағымдар да, балабақша тапшылығы да сөз болмай қалмады. Қысқасы, алуан-алуан жүйріктер айтылар сөздің бәрін естір құлаққа жеткізуге тырысты. Қапысын табамыз деп, қайта-қайта Қытай мәселесін қау­зағандар да, әзілдейміз деп иектегі сақалдан шал­бардың балағына (Айнұр Тұрсынбаеваның Бал­ғынбек Имашевпен айтысы) дейін түскен айтыстар да болды. Ондайда тіпті Мырзекеңнің «Бүгінгі айтыс тақырыбы – сақал емес, Қытай да емес, Тәу­елсіздік!» деп түзетуіне тура келгенін көрдік. Бірақ бәрібір ақындар айтарын айтып қалды. Айтыс сонысымен де қызықты болған сияқты.

Р.S.
Айтпақшы, Қытайдың ресми органдары төрт ақынымызға бас қылып, Шыңжан автономиясы мәдениет министрінің орынбасары Ма Ин Шың және ҚХР Мәдениет министрлігінің Өнер басқармасының бастығы Зо Ин Шаң деген азаматтарын жіберген екен. Олар да үш күн бойы тапжылмай айтысты тыңдады. Тіпті қазақстандық ақындарымыз Қытай мәселесіне тереңдеп кетіп, тізгін тартылғанда, Жүрсін Ерман сахнада тұрып атап айтқанында, «жоқ, бұл айтыс қой, біз оған түсіністікпен қараймыз» депті. Сөйткен қытайлық делегация басшыларына да Мырзекең ризашылығын білдіріп, шапан жауып қайтарды.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста