«Тәуелсіздік жемісі» – атамекенге оралған ардақтылар жайлы кітап

«Тәуелсіздік жемісі» – атамекенге оралған ардақтылар жайлы кітап

Мұратхан ШОҚАН, ақын, «Әдебиет және ізгілік» клубының жетекшісі:

Жуырда елімізде жүргізіліп отырған көші-қон саясатын қолдау мақсатында соңғы жылдары атамекенге оралып, қазақ еліне еңбегі сіңген танымал азаматтарымызды көпке таныстырып, үлгі етерлік «Тәуелсіздік жемісі» атты үлкен жинақ жарық көрді.
Тәуелсіздіктің айтулы жемістерінің бірі – алыс-жақын шетелден кел­ген 1 мил­лионға жуық қандастарымыз. Кітапта со­лардың ішіндегі өнер адамдарының, ға­лымдар мен мамандардың және кәсіп­керлікпен айна­лысатын азаматтардың қысқаша өмірбаяндары мен елге қосып отырған үлестерінің нақтылы нәтижелері көрсетілген. Көркем безен­дірілген энцик­лопедиялық жинақтың басқа басылымдардан өзгеше бір ерекшелігі – кітапқа енген адамдардың өмірбаяндарымен қо­са, үміт-тілегі, ой-пікірлері, алған алғыс­тары мен марапаттарының көшір­мелері, құжаттық маңызы бар суреттері қамтылған. Біз осы кітаптың құрастырушысы, белгілі ақын, «Әдебиет және ізгілік» клубының жетекшісі Мұратхан Шоқанды аз-кем әңгімеге тартқан едік:

– «Тәуелсіздік жемісі» кітабын шы­ғаруды қалай қолға алдыңыз? Онда неше адам қамтылған?
– Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасының қазақ тұтастығын ойлаудан туған көші-қон саясаты өз жемісін беріп үлгерді. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында еліміздің әр салада жеткен жетістіктері таразыланып, республика көлемінде тойлануда. Мен өткен жылдың шілде айынан бастап 20 жылдық тойымызға шетелден келген қандас­тары­мыздың тартуы ретінде, «осы кітапты шы­ғаруды қолға алып, ақылдастар ал­қасын құрып, жұмысқа кірістім. Бір жыл ең­бектенудің нәтижесінде он шақты мемлекеттен келген 118 адамды қамтыған «Тә­уелсіздік жемісі» кітабы жарық көрді.
– Сіз бұл кітапты еліміздің 20 жыл­дық мерейтойына тарту ретінде шы­ғардым дейсіз, шетелден келген қан­дастарымыз жайлы соңғы кезде «ор­ал­мандар не берді» деген сұрақтар ан­да-санда бой көр­сетеді. Сіз осы ең­бегіңіз арқылы соған жауап беруді көз­деген жоқсыз ба?
– Иә, ондай пікірлердің бары рас. «Сөз бұйдаланған түйе секілді, қалай жетек­тесең, солай жүреді» дейді хал­қы­мыз. Біз кейде бірер адамның айт­қан сөзінен бір ұлттың, бір ұлыстың, бір мемлекеттің көз­қарасын іздеуге құ­ма­рмыз. Соны дабырайтып көрсету ар­қылы қарапайым ха­лықтың ақ пен қараны ажыратуына қиын­дықтар тудырамыз... Былай қарасақ, оралмандар не берді деудің өзі артық. Шетелден келген қандас­тарымыздың қара басының өзі – қазына. Өйткені біздің ұлан-ғайыр даламыз бен егемендігіміздің ертеңі үшін халқымыздың жан санының артуы күн тәртібінен түспеуге тиісті мәселе. Елбасы биылғы халыққа Жол­дауында: «Біз түрлі заманда тарыдай шашылып кеткен қандастарын атамекеніне жинаған әлем­дегі үш елдің бірі болдық. Осы жылдары шетелдерден 800 мыңнан астам отандасымыз келіп, халық саны 1,5 миллионға артты», – деп мақтанышпен айт­ты. Егер Тәуелсіздік алғаннан кейін шетелден келіп, бір қазақ Қазақстан топы­рағында өсіп-өну бақытына ие болса, онда ол – Тәуелсіз­дігіміздің, Елбасымыздың көре­ген көші-қон саясатының арқасы. Бұл – дау тудырмас ақиқат. Ал шетелдерден келген мил­лионға жуық қандасымыз арасында қо­ғам­ның әр саласында жемісті еңбек етіп жатқан азаматтардың болмауы ешқандай қисынға сыймайды. Мен бұл кітаптың бірінші бетіне «20 жылдық мерейтойға арналады» деп үлкен әріппен жаздым. «Оралмандар не берді» деген сұраққа жауап іздейтіндер үшін «Тәуелсіздік жемісі» кітабы оралмандардың бетінің жарық екенінің дәлелі де болады. Қысқаша айтқанда, бұл кітапты тарихи Отанына оралған 1 миллионға жуық, заңды атауы оралман деп аталатын қандастарымыздың ішкен су, татқан дәм, жұтқан ауасы үшін Отанына берген перзенттік есебі, тойға тартуы деп қабылдаған дұрыс.
– Кітапқа кірген белгілі адамдар жайлы қысқаша тоқтала кетсеңіз...
– Қандастарымыз Отанына оралған бетте қол қусырып қарап отырмай, қай­наған өмірге белсене араласып, Қазақ­станның ауыл шаруашылығы мен өнер­кәсібіне, экономикасы мен әлеуметтік саласына, ғылымы мен біліміне, мәде­ниеті мен өнеріне, медицинасы мен әдебиетіне т.б. өз үлестерін қосуға кірісті. Бұл қандас­тарымыздың қатарында жо­ғары білімді мамандар, білікті ғалымдар, іскер кәсіп­керлер, өрнекті шеберлер, қарымды қа­лам­герлер, қайраткер азаматтар аз емес.
Мәселен, ғылым саласында — дінтанушы ғалым Халифа Алтай (Түркиядан), тарих ғылымының докторы, қоғам қайрат­кері Зардыхан Қинаятұлы (Моңғолиядан), ҚР Профилактикалық медицина академия­сы­ның академигі, Қырғыз КСР ҒА коррес­­пон­дент-мүшесі, медицина ғылымының док­торы Сейітхан Жошыбаев (Қырғыз­­станнан), тарих ғылымының докторы, про­фессор Нәбижан Мұқамет­ханұлы, (Қы­тай­дан), тарих ғылымының докторы Бақыт Еженхан (Қытайдан), шығыстанушы ға­лым, филология ғылы­мының докторы Ислам Жеменей, (Ираннан) т.б., жазушылардан – Жақсылық Сә­мит­ұлы, Оразанбай Егеу­­бай сияқтылар, әнші Майра Мұха­мед­қызы, таэквондодан V дан иегері Мұстафа Өз­түрік, олимпиада чемпионы Бақыт Сәр­сек­баев, Бейжің Олимпиадасының қо­ла жүлдегері Қанат Ислам деп тізе берсек, бар­лық саланың саңлақтары санап тауыс­қысыз. Кәсіпкерлік салада Сабыржан Мұ­қа­метханұлы, Төлеу­бай Нығарбай, Ша­ғанбек Қан­жарбайұлы, Қуанышбек Өнер­ханұлы, Қамбар Әжі­қадырұлы, Баһаргүл Төлегенқызы, Фарида Мерхамит­қызы сияқ­ты жүздеген адамға жұмыс беріп, өн­ім өндіріп отырған азаматтар жетерлік.

– Сіз кітапты шығару барысында бір жыл еңбектендім дейсіз. Сонда кім қаржыландырды және кітапты шыға­руға кімдер демеушілік жасады? Бұл жинаққа лайықты қандастары­мызды толық қамти алдым деп ойлайсыз ба? Кітапқа енбей қалғандардың өкпесі болмай ма?
– Мен бір жыл жарғақ құлағым жас­тыққа тимей жүгірдім. Маған Ақсүйрік Ізмұқанова, Гүлнар Беган, дизайнер Берлібай Мәмбети деген қыз-жігіттер кө­мектесті, оларға келісімді жалақы бердім. Өзім еңбекақысыз жұмыс істедім. Кітап шы­ғатын кезде кәсіпкерлерден көмек сұ­радым, олар лайықты қол ұшын созды. Соңында жетпеген ақшаға кітапқа кірген азаматтар – Сабыржан Мұқаметханұлы, Азат Кәрімұлы, Ержан Шәріпханұлы демеу­шілік жасады. Маған кейбір ағаларым қанша қаламақы алдың, саған түсер пайда не дейді. Мен пайда жайлы ойламадым. Осы кітаптағы жетістіктер Тәуелсіз елімізге оралған және Тәуелсіз елімізді дұғасына қосатын сырттағы 5 миллионға жуық қан­дасымыздың арманына – арман, дәр­ме­ніне дәрмен қосар, осы кітап Қазақ­стан қоғамында оралмандар жайлы оң пікір қалыптастыруға септігін тигізер деген үміттемін. Осы кітап ұлт тағдырын ойлаған кешегі Алаш зиялыларының аманатын арқау етіп тұрғандай... Десек те, ескерте кетер бір жайт, бұл кітапта кітапқа кіруге лайық қандастарымыз толық қамтылды деп айта алмаймын. Уақыттың шектеу­лілігіне байланысты кітапқа енбей қалған азаматтардан кешірім сұраймын! Бұл қазақ үшін жасалған еңбек болған­дықтан, хал­қын сүйетін, елдік мүддені жеке мүд­деден жоғары қоятын азаматтар маған ренжімейді деп ойлаймын. Алда «бұл кітаптың жалғасын құрастырсаң» деген ұсыныстар айтылуда. Бұл жоба осымен тоқтамайды. Қалып қалған азаматтар келесі кітаптарға кіре жатар.
– «Жақсыны көрмекке» демекші, кітаптың тұсаукесерін қайда және қа­шан өткізесіз?
– Кітаптың таныстырылымына байланысты тұсаукесер рәсімі үстіміздегі жыл­дың 5 қазанында сағат 17.00-де Астана қаласындағы Президенттік мәдениет орталығында осы орталықтың директоры, қазақтың үлкен зиялысы Мырзатай Жол­дасбековтің қолдауымен өтеді. Бұған қо­са, өзімнің жетекшілігімдегі «Әдебиет жә­не ізгілік» клубының ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік жемісі» атты мәдени шара өтпекші. Шараның аясында шетелден келген қандастарымыздың, ғалымдар мен ақын-жазушылардың кітап көрмесі, кә­сіпкерлік өнімдерінің көрмесі, спорт­шылардың халықпен кездесуі болып, соңы өнер жұлдыздарының қатысуымен өтетін салтанатты кешке ұласады. Кешті қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулет жүргізеді. Сіздерді де осы шараның қонағы болуға шақырамын. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойы құтты, ел іргесі тыныш, көшіміз байсалды болғай!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста