Тауға айналды Табыл да...

Тауға айналды Табыл да...

...Қалың қа­зақ сенбіден бе­рі Табылын жоқ­тау үстінде. Атыраудан естілген қа­ралы хабар Ар­қа төсін көктей өтіп, бір басына ақын­дық пен ком­пози­тор­лық, ән­­шілік қасиет қа­тар қонған аяу­лы азаматтың жа­лын­ды жастығы өткен Алатау бөктеріндегі ару Алматыға да демде жетіп үлгерді.

Өнерсүйер елінің еркесіндей, топ бастар серкесіндей осы бір сом тұлғаны өмірден өтті деуге аузымыз барар емес. Өйткені Табылдың өзіне ғана тән майда қоңыр үні, назы да, сазы да бөлек мінез­ді әндері бірдің емес, мыңның, тіпті мил­лиондар жү­ре­гінің ажырамас бөлі­гіне айнал­ған еді. Өкінішке қарай, оның ба­тыс­тың бұйра жал­ды құмдарындай біре­гей бейнесі, өзі айтпақшы, ас­пан­ға ғана қол созатын қыр бала­сы­на тән бекзат бол­мысы – жақ­сы­ның қадірін көбі­не кеш түсінетін аңғал жұрты үшін енді тек қана арман. Жанары мәң­г­і­лікке жұмылған нұрлы дидарын то­пырақ жасырар-жасырмастан, Та­был әндерін біз қазірдің өзінде қай­­та-қайта тыңдап, оның сияға емес, жүрегінің қанына ма­лып жаз­ған­дай әсер беретін шы­найы шы­ғар­маларымен жылап көріскен күй­деміз. Мұ­ның себебі – сезімге еліт­кен бала ғашықтан бас­тап, туған елін, жерін пер­зенттік кө­ңіл­мен риясыз сүйген отаншыл ұлан­ның, сондай-ақ ұлты­ның бүгі­ніне, бо­лашағына көңілі алаң шексіз пат­риот пен тарих саба­ғы­нан ой түю­ге тал­пынған дара тұлғаның да Та­был­дың өлеңдері мен ән­дерінен өзін таба алатындығында. Шынымен де, Табыл миллиондардың көкейіндегі ащы шын­дық пен сан алуан сырды жыр ғып өріп, «Замани зар» төкті, күн астындағы «Кү­ні­кей қызға» құмартып, «Биіктікке» ұм­сын­ды, «Мен сені ұнатамын» деп, «Ал­ма­тыда қалған қызды» аңсады, «Мен қа­зақпын» деп жаңаша жырлап, «Та­был­дың әнін» салды, соңдарынан өзінің де ертерек жөнеліп кетерін білгендей, Ма­рат Отаралиев, Бауыржан Үсенов секілді рухтас достарымен сырласып, түсінде ылғи «Сәйгүлікке» қол созды. Енді бір мезетте «Өмірзая» екендігін сезінді. Сөйтіп,
«Тірлікті мынау, жаным-ай,
мәңгілік деме,
Ұйықтап кетсем бір күні,
оянбай қалам...
Оянбай қалам, бұл – шындық,
ұрыспа, қалқам,
Шөлмек-тірліктің белгілі
құлай сынары.
Гитарамды алып, елеусіз
бұрышта қалған,
Бауырыңа басып, егіліп
жылайсың әлі...»,

– деп алдыңғы жайтты да дәл болжай білді.
Қалай болғанда да, Табылдың өзі жетпеген жерге сөзі жетті. Сөйтіп, оның Алматыдан шырқалған «Кешіккенің қайткенің», «Астананың аруы», «Қыз махаббаты», «Қара гүл» сияқты әндерін тек Алматының ғана емес, бүкіл Астана мен Қарағандының, Атырау мен Ақтау­дың, қысқасы, күллі Қазақстанның жастары әуелетіп алып кетті. Бір кездері орыс қауымы В.Вы­со­цкий­ді, В.Цойды қалай қадір тұтса, Алаш жұрты да Табылын дәл солай ая­ла­ды. Рас, мүмкін, ресми билік тара­пы­нан лайықты дә­реже­де дәріптелмеген шы­ғар, төбеге көтерілер тұста шетқақ­пай көріп, талай төрге оза алмаған да бо­лар. Бірақ тумысынан қарапайым, да­ладай дар­қан мінезді Табыл өр мен төр­ге, сый-сияпатқа ұмтылған да жоқ. Оның арман еткені басқа биіктік болды. Содан да ол:
Ұнатады шыңда көңіл шырқауды,
Таулары жоқ төбемізден бұлт ауды.
Толағай боп туылмадық, әттең-ай,
Атырауға әкелер ме ем бір тауды?! – деп жырлай тұра, өзінің таудай тұлғалары бар қыр ұлы екендігін жеріне жеткізе айта алды. Алайда
Қорқыттар құтылмаған бұл өлімнен,
Табылдың құтылуы қиын шығар, – деп өзінің айтқанындай, мәңгілік мекеніне ертерек аттанды. Шындығында, өзі соншалықты мақтан еткен Махамбет көкесі сияқты ол да бір тауға айналды. Табыл әнінің тірілермен бірге жасайтыны ғана – көңілге қуат...

«Ұйықтап кетсем бір күні, оянбай қалам...»
Сонау сексен екіде жаңадан оқуға түсіп, Алма­тының іргесінде алма теріп жүргенде, Табыл­мен танысып едім. Гитара­сын құшақтап, ол ауыл шаруа­шы­лығы жұмыстарына кешігіп келді. Табыл келі­сімен, студенттік орта гүлденіп сала бер­ген. Алматы­ның әдемі кештерін­де Табыл салған әндер аспанға әуелеп жата­тын. Бір қызығы, бәрі де – біз есті­ме­ген әуендер. Сөзі де бейтаныс. Курс­та­сымыздың өзі ақын, өзі сазгер, өзі әнші екен­дігін біліп, «құдай бір адамның бойы­на осынша дарын­ды қалайша бере салған» деп таңғалғанымыз да рас. Кеңес Одағы­ның адамдары Высоц­кий­мен ауыра бастаған кез. Біздің өз Вы­соц­кийі­міз бол­ды. Таланты ұқсаса да, тағдырын қайтала­маса деп едік...
Дарынды да, дарынсыз да Алматыда қалып жатқанда, Табыл Атырауына тартты. Өзі қарт әке-шешенің жалғызы еді. Түбі Алма­тыға қайта ораламын дейтін. Алматы­сын сағынып, жылына бір келгенде думан­датып кететін. «Атырауым кере­мет қой, бірақ маған жаным­ды түсінетін орта жетіспейді. Алматыға келсем, шабыт бітеді» дей­тін. Алғашқы ән жи­на­ғын «Алматыда қал­ған қыз» деп атады. Бұл да – сағыныш...
Табылдың әр өлеңінің, әр әнінің тарихын білемін. Көпшілігі студенттік шақта, «Татарка» деп аталып кеткен Алма­тының тапал тамды үйлері бар ауданын­да бірге тұрған кезде жазылды. Нарынқолға бірге барғанымыз­да, аспантауларды көріп тамсанғаны бар. «Мынадай жерде туып, ақын болмау мүмкін емес» деп алып, «біздің жақта тұрып қайтса бір жаз­дай, талай ақын кетер еді жыр жазбай» дегені де есте. Тауға тамсанса да, Атырауын мақ­та­ныш ете­тін.
Тартыспай-ақ Ғамзатовтай көкеммен,
Тау ұлы емес, қыр ұлы боп өтем мен.
Осы қырда төбешіктей аналар,
Дүниеге таудай ұлдар әкелген...

Бірге жүрген дос жайлы өткен шақта сөз айту қандай ауыр. Атыраудан суық хабар жеткенде, Табыл достың тағы бір сөзі ойыма оралды. «Тірлікті мынау жаным-ай, мәңгілік деме, ұйықтап кетсем бір күні, оянбай қалам...» Қайран дос оян­бай қалыпты. Жетім­сі­реп қалған гитара­сына қарап жоқтап жатырмыз бү­гін.
Қош, досым! Қош!..
Арман СҚАБЫЛҰЛЫ

Танылмай кеткен Табылды, таба алмай қалған жоқпыз ба?
Табылдыны Табыл деп атайтынбыз. Мінезі нағыз қазақтың мінезі болатын. Өзі өте ашық-жарқын, қолындағы соңғы нанын қасындағы бейтаныспен ойланбай бөлісе салатын адами қасиеті мол әрі сегіз қырлы, бір сырлы жігіт еді. Біреулер оған таныла алмай жүрген талантты бард деп, екіншілері аз жазса да, талғаммен жазатын нағыз ақын деп анықтама беріп жататын. Бәрі де дұрыс шығар? Мен үшін ол жай Табыл ғана. Бірақ жай ғана Табылдың бо­йын­да қаншама дарын-қабілет жасыры­нып жатты десеңізші. Көбі ашылмай кетті. Оны өзі ашқысы келмеді ме, жоқ, әлде кез келген (қазақтілді) шығармашылық адамының аяғын шырмаулап байлайтын күнделікті тұрмыстың күйбеңі аштырмады ма, білмеймін... Бұл – бөлек әңгіме.
Телевизия саласында жүргендіктен, оны Алматы студиясындағы әртүрлі түсірі­лімдерге жиі шақыратынмын. Алматы мен Атыраудың арасы аз жер емес, көбінесе келе алмай, өкініш білдіріп жататын. Ал Алматыға жолы түсе қалған кезде, міндетті түрде жоспарланған түсірілімге мүмкіндік бермейтін кедергі тауып алушы еді. Кейде сан алуан шаруасын шешумен әуре болып келмесе, кейде қасындағы қаптаған қол­паштаушыларынан шыға алмай немесе түсірілім уақытынан кешігіп қалатын. Қыс­қаша айтқанда, нағыз қазақ еді. Ойлап қоямын, ол өз болмысындағы нағыз қазақтығы арқылы өз жолына таусылмай­тын кедергілер жинап алғаны болмаса, басқа ештеңе ұтқан жоқ па деп? Кешелі бері әртүрлі телеарналардан дамылсыз қоңыраулар түсуде, бәрі Табылдың бейне­сін сұрайды. Көп шақырған соң, көп түсірді деп ойлайтын болуы керек. Оның архивтегі көріністері сирек екендігін қалай түсінді­рерім­ді білмеймін... Іздеп жатырмыз. «Ұят болмасында» екі-үш рет өнер көрсетіп, әңгімесін айтып кетіп еді. Бір-екі рет «Өлең – сөздің патшасы» жобасына қатысқан-ды. Сол кезде күштеп-қинап болса да, көптеп түсіріп алуымыз керек еді, бірақ бұлай боларын кім білген? Жамбыл телевизия­сында жүргенде де ақын досы­мыз (мар­құм) Бауыржан Үсеновтің өлеңдерін оқып тұрған ең соңғы бейнесін өзім түсіріп, өзім жоғалтып алдым. Бәріміз де қазақпыз ғой, көзі кеткен соң ғана іздей бастаймыз.
Осыдан он шақты жыл бұрын ғой деймін, Табылдың әндері бойынша үлкен концерт ұйымдастыру туралы идея пайда болды. Ол қуанып кетті. Бірақ сол жолы ешқандай сәті түспеді. «Хабардың» өмірі бітпейтін жұмыстарымен мен әуремін, ауылдағы күйбең тірлігінен ол да босаған емес. Кейінірек оның әндері негізінде музыкалық фильм түсіруді жоспарладық. Тағы да үлгермедік. Бірақ, құдай қаласа, аталмыш тележобаны жүзеге асырамыз ғой деп ойлаймын. Бірақ оны Табылдың әруағын еске алу үшін жасалған жасанды шара емес, Тәкең сияқты ұлы талант иесі жасаған дарынды шығарманың жалғасты бөлігі деп қабылдаған дұрыс.
Соңғы он жылда оны әуелі Алматыға, сосын Астанаға шақырып жүрдім. Әрине, шақыруын шақырғанмен, оған ұсына қояр пәтерім болған жоқ. Ол сол жағынан ба, басқалай себептермен бе, үлкен қалаға асыға қоймады. Сүйікті Алматысынан алшақ кеткеннен кейін Табыл да бұрын­ғыдай бұрқыратып жаза қойған жоқ. Ортаның жоқтығы ма, жоқ, әлде тұрмыстың өмірі таусылмайтын проблемалары басып тастады ма, қайдам, ол тоқтап қалды. Шынын айтсақ, аса пысықтық пен түлкі бұлаң әрекетті қажет ететін мына заманға, ерке мінез сері замандасымыздың ешқан­дай икемі болған жоқ. Ол айналасына өкпелеп кеткен сияқты. Қоғамға да, ортаға да – бәрімізге. Ешкімді еркелетпейтін, еркелікті көтермейтін уақыт қой бұл.
Табылды таныта алмадық. Тани алмадық. Оны көкке көтере алмай, шағын ауылдың ауқымында қалдырдық. Бұған ұмтылысы аз болғандықтан (көзі тірісінде), өзі де кінәлі шығар деуші едік. Енді өзіміз кінәлі сияқты сезінеміз. Қарап тұрыңыз, енді Табылды ұмытып кеткендердің бәрі кенеттен «еске түсіргіш» бола қалады. «Есте­ліктер» көбейеді. «Арнау өлеңдер» пайда болып, «көшенің атын ұсынушылар» да бас көтереді. Қазақпыз ғой. Көпті мойындату үшін тек қана көктен қарап тұру керек. Табыл енді іздегендерге көктен де, жерден табылады.
Серік Абас-Шах

Ішегі үзілген гитара
Бұл журфакта бәрі бар еді. Тек бард-ақын жоқ еді. Табыл журфакқа келді де, соның орнын толтырды. Өзі – ақын, өзі – сазгер, өзі – әнші. Оқуға бізден бір жыл кейін түсті. Томпиған қара бала еді. Сөйле­генде кәдімгідей тұтығады. Бір ғажабы, ән айтқанда жаңағы тұтыққаны мүлде білін­бей­ді. Қайта даусы ашылып, қанаттанып кетеді. Сөйтіп жүріп, әскерге кетті. Журфак­тың сол кездегі тұрақты айтыс ақыны Ерса­йын Жапақпен сөз сайыстырған жігіттердің оны:
Сендерді көңілсіздік басып кетті,
Жігері талайлардың жасып кетті.
Баянсыз, бәтуасыз курсыңнан,
Табылдар армияға қашып кетті, —

деп қажайтын кезі осы тұс. Табыл әскер­ден келген соң, қайта түледі. Жастар­дың жанын қозғайтын сыршыл өлеңдер жазып, қалашықтағы қыз-қырқын мен жігіт-же­лең­нің арасында жүретін нағыз серіге ай­нал­ды.
Қыпша белің-ай, сенің қыпша белің-ай,
Көжегіне қоянның ұқсап едің, еркем-ай.
Екі тілек бір жерден шықса дедім-ай! —

деп Табылдың қоңыр әуеніне ілескен ҚазМУ қалашығының бүкіл бозбаласы мен бойжеткені қайыңдай тербеліп тұра­тын.
Аюдай қорбаңдағанымен, тіршілікке өте епті еді. Алматыға ара-тұра келгенде, сауық-сайран құрмастан бұрын бірден базарға тартады екен. Келе сала қалтасы­нан ұзынды­ғы әртүрлі жіптерді бірінен-соң бірін суырып алып жататын көрінеді. Жолдастары: «Бұл не?» – деп сұраса, «Бала­­ларымның бой-сойының өлшемдері ғой», – дейді екен. Табылдың сол елден ала келген жібімен өлшеп, Атырауға әкет­кен киімдерін киіп өскен балалары ерже­тіп, азамат болды.
Осыдан екі ай бұрын Атырауға жолы­мыз түскенде, әйгілі ақын Мұрат Мөңке­- ұ­лының рухына тағзым ету үшін Индерге барғанбыз. Есік пен төрдей досымыз үнемі жанымызда жүрді. Ауданның мәде­ниет және тіл бөлімін басқарады екен. Түн ортасы ауғанға дейін Табылдың шаңыра­ғында қонақта болдық. Үйде бойы көк тіреген Абыл Табылұлы деген көркем жігіт жүрді. Гитараның қоңыр әуені бір сәтке толастаған жоқ. Әсіресе Бауыржан Үсе­нов­тің әндерін ерекше шабытпен шырқап еді. Табылдың саусақтары дамылсыз жор­ға­лаған сол гитараның ішегі аяқ асты­нан үзіліп кетеді деп кім ойлаған?!
Өмірден өтерінен бес күн бұрын қоңырау шалды. Жергілікті басшыларға қатты қапалы екен. «Қызметтен кет деп жатыр ғой мыналар», – деп кіжінеді. Жатып кеп жұбаттық. «Әркіммен ұрыс­саң да, әкіммен ұрыспасаңшы», – деп ағалық ақылымызды айтқан болдық. «Әжептеуір ақынсың. Едәуір беделің бар ғой, сені қызметтен кетіре қоймас», – дедік. Қызмет түгіл, өмірден кетіп қалатынын қайдан білейік...
Алпамсадай Табылдың жұмыр сау­сақ­тарына шыдас бере алмаған гита­раның ішегі бұрын да жиі үзілетін. Бұл жолы қатты үзілді... Біржолата үзілді! Қандай өкінішті!...
Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Табыл Досымов:
Өмірзая
Атыңды сенің айтамын ән қылып неге,
«Қозым-ау» деші күлімдеп
Баяндай маған.
Тірлікті мынау, жаным-ай,
мәңгілік деме,
Ұйықтап кетсем бір күні, оянбай қалам...

Оянбай қалам, бұл – шындық,
ұрыспа, қалқам,
Шөлмек-тірліктің белгілі құлай сынары.
Гитарамды алып,
елеусіз бұрышта қалған,
Бауырыңа басып, егіліп жылайсың әлі.

Жүректе – қайғы, баста – мұң,
көңілде – қырау,
Оңай ма, жаным, жаныңды
қайғы ауыртқасын.
Жүретін кезім бола ма өмірде мынау,
Шараптан емес,
шаттықтан айналып басым?!

Жанардан ұштың жасын күн –
базарым едің,
Ақ арман неге қол бұлғап
шақырмайды алдан?
Отырам сосын, тұнжырап,
сазарып өңім,
Оқтаулы мылтық секілді
атылмай қалған.

Атыңды сенің айтамын ән қылып неге,
«Қозым-ау» деші күлімдеп
Баяндай маған.
Тірлікті мынау, жаным-ай,
мәңгілік деме,
Ұйықтап кетсем бір күні, оянбай қалам...

Әулет
Атам айтты: «Ұлым ел қорғаса», – деп,
Әкем айтты: «Сұм соғыс болмаса», – деп,
Мен айттым: «Коммунизм орнаса», – деп,
Ұлым айтты: «Бәрі де – далбаса», – деп.

Атам: «Аттан, кедейін» айта күліп,
Әкем жатты: «Фашистер тойтарылып...»
Мен даурықтым:
«Жатырмыз «Қайта құрып»,
Ұлым күлді: «Кетпейік қайта құрып».

Атам айтты: «Кеңеске бағалыңмын!»
Әкем күлді: «Пірімін заманымның!»
Мен де шыңға шығуға шама қылдым,
Ұлым күлді: «Бүрі жоқ табаныңның».

Атам пісті сабасын: «Төгілді!» – деп,
Әкем күлді: «Спиртпен көңілдірек!»
Мен сырамды сімірдім, ұлым айтты:
«Нашақорлар жайлады өмірді», – деп.

Ақтады атам бидайды қауызындағы,
Ойланды әкем: «Сол қулар
сау жүр ме әлі?»
Мен газетке үңілдім, «тіфу» деді,
Ұлым «Қазақстанын» аузындағы...

Табылдың әні
Бұл дүние айналғанмен сырласыңа,
Мен кепіл мәңгі-бақи тұрмасына.
Бір күні Құдайыңнан хабар келсе,
Шығарсың сен де құрбым «қыр басына»...

Қайғырып досың түгіл, бақталасың,
Кеудеңде сағат-ғұмыр тоқтағасын,
Қалдырып мынау жалған дүниені,
Келмеске мәңгі-бақи аттанасың...

Сол жаққа аттанасың бәрі барған,
Қалады көкірегіңде алып арман.
Қалады аузыңда сары тісің,
Қалады гаражыңда сары «Волгаң».

Біреуде ақшаң қалар қарыз алған,
Мұрныңды шақшаң қалар зәрі жарған.
Он бөлме үйің қалар, қиын болар,
Өйткені бәрі жалған, бәрі жалған...

Бұл қазақ мол байлықты текке іздейді,
Ақшаңды миллионға жеткіз мейлі.
Сенімен бұл Құдайым о дүниеге,
Сом түгіл соқыр тиын өткізбейді.

Сұм ажал қайыршы емес тиын сұрар,
Бір күні қу жаныңда бұйымшылар.
Қорқыттар құтылмаған бұл өлімнен,
Табылдың құтылуы қиын шығар...

Біз түгіл құтылмаған алып Абай,
Білмедім о дүниенің халі қалай?
Бір кездегі Табылдың әні екен деп,
Соңымнан зарлап жүрсін қалың Адай...

Жігіттер, артық айтсам кінә тақпа,
Батайық күліп-ойнап рақатқа.
Өмірден кәрі де өтер, бәрі де өтер,
Берілген өмір бізге «прокатқа»...

Алматыда қалған қыз
Сен де армансың, мен де
арманмын, арманбыз,
Армандарды армандарға жалғармыз.
Саған құсым қалықтайды алыстан,
Аманбысың, Алматыда қалған қыз?!

Сен де еркесің, мен де еркемін, еркеле,
Еркеліктің елік-күні келте ме?
Күйіп, күйіп күпті болған жүректі,
Өтінемін, екінші рет өртеме...

Жанарына сағыныштан жас тола,
Өзің болып қол бұлғайды астана.
Лүпілдеген жүрегімсің сен менің,
Қалайша оны жұлып берем басқаға?!

Сен де армансың, мен де арманмын,
арманбыз,
Армандарды армандарға жалғармыз.
Саған құсым қалықтайды алыстан,
Аманбысың, Алматыда қалған қыз?!.

Бауыржан дос...
(Бауыржан Үсеновке)
Мәңгі-бақи мекенімді табу үшін
Дендерден,
Мен де бір күн кетер ме екем
бақұлдасып сендермен.
Махаббаттың жыршысымен
қалу үшін қоштасып,
Қабіріме келер талай қос ғашық...

Достар, сонда қабіріме келмеңдер,
Тірілерді танымайды өлгендер.
Достар, сонда көз тікпеңдер табытқа,
Мен сендерді күтем ылғи тамұқта...

Тауым қайтып опасы жоқ,
орындалмас арманнан,
Мен де бір күн жөнелермін мынау
фәни-жалғаннан.
Мендік жүрек сөнер ме екен,
семер ме екен мәңгілік,
Талай сеніп, талай рет алданған...

Достар, сонда қабіріме келмеңдер,
Тірілерді танымайды өлгендер.
Достар, сонда көз тікпеңдер табытқа,
Мен сендерді күтем ылғи тамұқта...
Өлмеңдер,
Ерлеңдер...

 

 Бір ауыз сөз
«Мен жастарға сенемін...»
Қай заман, қай дәуір болмасын адам сан құбылады. «Біздің заманымыздағыдай жастар неге жоқ?» деп кінәлау дұрыс емес. Өйткені өз заманында әркім өзінше өмір сүреді. Бүгінде заманға сай биік деңгейде қызмет жасап жатқан білімі бар жастардың қатары көбеюде. Шетелде білім алып жатқандар қаншама?! Олар біздің заманымыздағыдай уақытты бос өткізбеуге тырысады. Ал біздің заман жастары ештеңеге уайымдамады, дайын жұмыс, мемлекет әрбір адамға жауап берді. Бүгін – нағыз бәсекенің заманы. Әркім өз күнін өзі көреді. Жоғарыдан жәрдем күтпейді. «Қайтсем жағдайымды дұрыстаймын, қалтам қампайып жүрсе, астымда көлік болса» деп ойлайды. Бұл – дұрыс. Бізде қазіргі жастардай ұмтылыс, ондай арман болған емес. Баспанасын алып, өз тапқанына отау тігіп, той жасап жатқан жастардың ұмтылысына қуанасың. Қазір жастар тек қана өзіне сенеді деп айта аламын. Ондай жастарды сыйлау керек. Демеу керек.
Ал енді қазақылық, салт-дәстүріміздің, тектілігіміздің бояуларын жастардың бойынан таба алмай бара жатсақ, аға буынның осы тұрғыдан өкпесі орынды...
Табыл ДОСЫМОВ,
«Алаш айнасы», № 62, 2009 жыл 25 сәуір.


  

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста