Тахауи тағылымы
Бүгін сағат 16:00-де Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде қазақтың көрнекті қаламгері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Халық жазушысы Тахауи Ахтановты (1923-1994) еске алуға арналған «Шырағың сөнбесін» атты әдеби-музыкалық кеш өтеді.
Қазақ әдебиетінің қалыптасып, дамуына айтарлықтай үлес қосып, проза жанрында өзіндік қолтаңба қалдырған жазушы мұрасын ұрпаққа жеткізіп, насихаттауды мұрат етіп отырған бұл кешке белгілі ақын-жазушылар, әдебиетші ғалымдар мен өнерпаздар қатысады.
Тахауи Ахтанов Ақтөбе облысының Шалқар ауданы, Шетырғыз ауылында туған. 1940 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түседі. Екінші курста оқып жүргенде өзі сұранып майданға аттанады. Алғашқы әдеби көркем шығармалары өлең, очерк түрінде майдан газеттерінің беттерінде жарияланды. 1948 жылы әскер қатарынан босағаннан кейін әдеби еңбекпен айналысады. Алғашқы өлеңдері «Жастар дауысы» деп аталатын ұжымдық жинақта жарық көрді. Осы кезде оның әдеби сын мақалалары молырақ басылып, алғашқы монографиялық зерттеу еңбегі жарияланды. Әйтсе де жазушының өнімді де жемісті еңбек еткен жанрлары – проза мен драматургия.
Жазушының баспасөз бетінде алғаш жарық көрген әңгімесі – «Күй аңызы». 1956 жылы «Қаһарлы күндер» атты романы жарық көрді. «Дала сыры» повесі үшін авторға 1966 жылы Қазақ КСР-нің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығы берілді. «Махаббат мұңы», «Күтпеген кездесу» драмалары, «Арыстанның сыбағасы», «Күшік күйеу» комедиялары қазақ, орыс және туысқан халықтар сахнасында көрінді.
А.Толстойдың «Азапты сапарда» трилогиясын, М.Горькийдің әңгімелерін қазақ тіліне аударды.
Көркем әдебиет баспасында редактор, бөлім меңгерушісі, киностудияда сценарий бөлімінің бастығы, «Әдебиет және искусство» – «Жұлдыз» журналының редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, көркемөнер бас басқармасының бастығы, Республикалық кітап палатасының директоры сияқты жауапты қызметтер атқарды. ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, екі рет «Қызыл Жұлдыз», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.