Театрлар техникаға зәру
Бүгін Алматы қаласында үш күнге созылған «Қазақстан театрларындағы өзекті мәселелер» атты IX республикалық практикум аяқталды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен өткен бұл ғылыми-тәжірибелік конференцияға шетел мамандары, облыстық театр басшылары қатысты.
Қазақтың мемлекеттік Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында басталған ғылыми-практикалық коференция жұмысына театр саласының 200-ден аса маманы қатысты. Алматы мен Астанадан, облыстық театрлардан және шетелдерден келген мамандар театр қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын көтеру және жаңа театрлар ашу қажеттігін жиындағы әңгіменің өзегіне айналдырды. Осы орайда мәдениет және ақпарат вице-министрі Асқар Бөрібаев театр саласындағы қордаланған мәселелерді көпшілік бірігіп шешуі қажеттігін алға тартты.
Бүгінде театрларда бас режиссерлер жетіспейді. Еліміздегі 50 театрдың жетеуінде қойылымға бояу беріп, жарыққа шығаратын режиссерлар жоқтың қасы. Бұл мәселеге қатысты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әшірбек Сығай театр қойылымдарының көркемдік және жарықпен безендіру технологиясы басты назарда болуы қажеттігін тілге тиек етті.
Практикумға арнайы келген қонақтар, театр мамандары тәжірибе алмасуды Лермонтов атындағы орыс драма театрында жалғастырды. Мұнда шетелдік мамандар шеберлік сабақтарын өткізді. Ресей Үлкен театры жарық беру саласының бас технологы Елена Древалева қойылымның көркемдік безендірілу технологиясы жайлы семинар өткізді. Үш күн бойы қонақтар Алматы театрларындағы қойылымдарды тамашалады.