Театртанудың тың жолдары
Жуырда Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Ғылыми кеңесінің мақұлдауымен «Классикалық зерттеулер» көптомдығы сериясының алғашқы 11 томы «Әдебиет әлемі» баспасынан жарыққа шығып, оқырман мен ізденушілердің қолына тиді.
Осы көптомдықтың «Қазақ театртану ғылымы (қалыптасу кезеңі)» атты 8-томында қазақ театртану ғылымындағы түйткілдер қамтылып, аталған сала жан-жақты зерделенген. 380 беттен тұратын қалың томға енген әрбір мақала мәтіндеріне арнайы жазылған түсініктеме, мақала авторлары жайлы деректер, мәтіндерде кездесетін есімдерге анықтама, мәтіндегі түсінік беруді қажет ететін сөздерге арналған сөздік, жиі қолданыста болған шартты қысқартуларға анықтамалар, арнайы театр терминдері, пайдаланылған әдебиеттер және орыс, ағылшын тілдерінде түйін дегендей көп жұмыстар атқарылған. Кітапты баспаға дайындауға институттың Г.Жұмасейітова, А.Еркебай, З.Исламбаева, М.Тәшімова, А.Мұратқызы сынды ғылыми қызметкерлер мен мамандар атсалысқан.
Біз осы ғылыми жинақтың негізгі құрастырушысы, алғысөзін жазып, жауапты редакторы болған аталған институттың Театр және кино бөлімінің меңгерушісі, белгілі өнертану кандидаты, театртанушы Амангелді Оразбайұлы Мұқанды аз-кем сөзге тартқан едік.
– Бүгінде Әдебиет және өнер институты іргелі зерттеулермен, тұжырымды талдаулармен айналысып келеді. Осы орайда «Классикалық зерттеулер» атты ғылыми жоба жайымен және еліміздегі театр саласының зерттелу бағыттарымен таныстыра кетсеңіз?
– Бұл еңбек – еліміздің Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті жариялаған «Ғылыми қазына» мақсатты бағдарламасы бойынша орындалған ғылыми басылым. Қазақ өнертануы бойынша жазылған таңдаулы ғылыми еңбектердің көп томдық сериясы дайындалып, театртану саласы бойынша енді тағы үш кітап жарық көрмек. Бұл кітаптардың ғылыми жаңалығы – қазақ театртану саласы бойынша жазылған зерттеу еңбектерінің тұңғыш рет бір сериямен басылып отырғандығында. Ұлттық руханияттың дамуына қомақты үлес қосқан М.Әуезов, Ж.Шанин, С.Сәдуақасұлы, Т.Жүргеновтермен бірге ұлт театртану ғылымын кәсіби белеске көтерген Қ.Қуандықов, Қ.Мұхамеджанов, Б.Құндақбайұлы, Л.Богатенкова сынды т.б. ғалымдардың шығармашылық мұралары тұңғыш рет бүгінгі күн тұрғысынан жаңаша зерделеніп, арнайы серияда қамтылуда.
– Қазақ театртану ғылымының өткені дегенде кімдердің есімі ерекше аталады?
– Ұлтымыздың өнертану ғылымының ішінде жеке сала болып дамыған театр өнерінің қыр-сырын зерттеп жазған, теориялық және практикалық тұрғыдан ашып көрсеткен, бүгінде тарихқа айналған беттеріне қайта тірілтетін қазақ театртану ғылымы ұлттық сахна өнерінің алғашқы қадамдарымен бірге басталған. Қазақстанда тарихын өткен ғасырдың 20-жылдарынан бастайтын 60-тан астам театрлар бар. Бұл театрлардың бастау көзіндегі шығармашылық жолы, жүріп өткен тарихы, көрсеткен спектакльдері, көтерген мәселелері бүгінде тарих қойнауына кетіп үлгерді. Десек те, кезінде газет бетіндегі жазылып қалған, бүгінде бағалы рухани құндылығымызға айналған театрдың жанды хатындай болған бұл дүниелер, сағымдай болған дәуірдің тынысын жаңаша көзқараспен оқуды, бүгінгі күн тұрғысынан ой қорытуды қажет етеді. Театры жаңадан пайда болған, кәсіби мамандары жеткіліксіз, мүлдем жоқ қазақ театрының алғашқы театртанушылар қашан пайда болды және олар кімдер болды және оларды қандай мәселелер толғандырды?
Ұлттық театрдың алғашқы қадамынан бастап қалыптасу жылдарында жаңа сахналық өнердің бағыт-бағдарын түзеуге, дамуына соны серпіліс беруге көрермен талқысына ұсынылған спектакльдер жайлы жазылған сын пікірлер мен рецензиялық мақалалардың жазылуына Алаштың қайраткерлерінің қосқан үлесі зор болды. Жинаққа енген: С.Сейфуллин, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, О.Беков, С.Садуақасұлы, Ж.Шанин, Т.Жүргенов, І.Жансүгіров, Ғ.Тоғжанов, Ғ.Мүсірепов, Е.Ысмайылов, Б.Майлин, Ш.Хұсайнов, Ы.Дүйсенбаевтар т.б. секілді тұлғалардың еңбектерінде өткен ғасырдың ортасына дейінгі қазақ театр өнерінің тынысы, теориялық және практикалық мәселелері сараланды. Театртанушы, театр сыны бойынша арнайы білім алған маман атымен болмаған кездегі қазақ театрының спектакльдері жайлы баспасөз бетінде жарияланған, айтылған пікірлерді қазір оқи отырып жаңа өнердің табиғатын, оның қазақ топырағында тамыр жаюындағы жетістіктері мен кемшіліктері жайлы жазылған материалдардан мол мағлұмат аламыз. Өнерпаздар үшін өте қажетті мұндай ой-пікірлер, жарияланған мақалалар, сыни көзқарастардың сол уақытта құнды болғандығы белгілі. Олардың кейінгі ұрпаққа қалдырып кеткен ой-толғамдары бүгінгі мамандар үшін де өзіндік құндылығын жойған жоқ.
– Бір кездері ұлт театрының бастау көзіне, кәсіби театрдың дүниеге келуіне байланысты екіұшты пікірлер көрініс берген еді. Сол мәселе бүгінде ғылыми тұрғыда қалай қарастырылып келеді?
– Қазақ кәсіби театрының пайда болу тарихына байланысты екі ұшты ойлар айтылып жүргені және әлі толық шешімін таппағаны мамандар арасында белгілі. Осы төңіректе ойлана келе біз, өнертану докторы Б.Құндақбайұлының Тәуелсіздік жылдарындағы ұсынған пікіріне тоқтап, қазақ театр тарихын кеңестік дәуірде қалыптасқан ұғымға сай 1926 жылдан емес, одан әріден бастау жөніндегі ойын жалғастыруды дұрыс деп таптық. Себебі қазақ топырағында жергілікті тақырыпқа жазыла бастаған алғашқы драмалық шығармалар азын-аулақ жазылса да 1914 жылы «Айқап» пен «Қазақ» газеттерінде жарияланған А.Лихановтың «Манап» драмасының жариялануы және ол жайлы баспасөз бетіндегі қызу пікірталас, немесе 1915 жылы Уфа қаласында басылып шыққан К.Тоғысовтың «Надандық құрбаны» үш перделі драмалық шығармалары дүниеге келген уақыты – ұлт театр ұрығының бүршік жарған кезі. Дәл осы кезеңде баспасөз бетінде қала қазақтарының арасында кең өріс алған «Шығыс кештері» атанған ойын-сауық отауы белсенді жұмыс істеп, Біржан мен Сара айтысының сахналық нұсқасы 1915 жылдан Семейде көрсетілгендігі туралы қызу жазыла бастады. Осы пьесалардың жариялануы мен алғашқы сахналық қойылымның орындалуы жайлы жазылған мақалалар баспа бетіндегі алғашқы дереккөзі болып есептеледі.
– Театртану ғылымына арналған жаңа еңбектің қолданыс аясы қалай болмақ?
– Жоба нәтижелерінің ғылыми-практикалық құндылығына келсек, біздің бұл еңбегіміз барлық қазақ сахна өнері жайлы мәселелердің басын толық қамтыды деп айтуға әлі ерте. Театрдың тарихы мен теориясына байланысты көптеген құнды материалдар кітапқа енгенімен әлі де жарияланбай жатқандары жеткілікті болғандықтан, алдымызда атқарылар істер, зерттелер тақырыптар баршылық. Ал осы жұмыстың нәтижелерін театртанушылық ғылыми зерттеулерде, арнайы өнер университеттері мен академияларында, консерватория оқу-зерттеу бағдарламалары мен арнайы орта білім беретін колледждер пән мазмұндарын толықтырып, жаңартуда пайдалануға әбден болады. Жарық көрген материалдар отандық театртану ғылыми қазына қорын молайтуға қосылған үлес, ұмытылып бара жатқан құнды мұрамызды қайта айналымға енгізу болып табылады.
Сонымен бірге бұл еңбек ұлттық театр өнерін зерттейтін мамандарға, Р&D докторанттары мен магистранттарына, жоғары және арнайы орта өнер оқу орындарының студенттеріне, қазақ сахна өнерінің тарихы мен теориясына қызығушылық танытқан көпшілік қауымға арналған.
Әңгімеңізге рақмет. Еңбектеріңізге жеміс тілейміз.