Телеарна – ел мүддесін қорғап отырған ұжымдардың бірі
Раукен Отыншин, «Қазақстан-Ақтөбе» телекомпаниясының директоры:
– Раукен Сағызбайұлы, телевизияның әлемдік дәстүрлері жаһанданудың ағым-бағыттарымен бірге күнбе-күн құбылып келеді. Аймақтық телеарна осы ағынға қалай ілесіп отыр?
– Аймақтық телеарналар алдымен сол өңірдің халқына қызмет етеді. Сондықтан да осы жердегі көрермен мүддесінің басты орында тұруы – заңдылық. Әлемдік тәжірибенің өзі жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына деген сенімнің жоғары болатынын көрсетеді. Бұл – аймақтық телеарналар сіз айтып отырған жаһанданудың ағым-бағыттарынан қалып келеді деген сөз емес. Себебі қазіргідей бәсекелестік жағдайының өзі ол көштен қалмауды талап етеді. Біздің телеарнаның материалдық-техникалық базасы республикалық арналардікіндей болмағанымен, өркениет көшінен қалмай, заманауи қондырғылар алып, сапалы хабарлар тарату ісіне мән береміз. Біз көрермендерімізге не қажет екендігін де білеміз. Олардың сұранысына сай жұмыс жасауға тырысамыз. Соңғы жылдары тек біз ғана емес, барлық республикалық арналарда серпіліс пайда болды. Бұрынырақта халық ресейлік өнімдерге телміріп отыратын болса, бүгінде олармен бәсекелесе алатын отандық хабарлар көбейді. «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасы да алдымен көрермендер талғамынан шығу бағытында жұмыс жасайды. Алыс ауылдардың жай-күйі, олардың тұрмыс-тіршіліктері де – біздің назарымызда. Олар да облыстық арнаның хабарларын асыға күтіп отырады. Жоғарыда айтып өткенімдей, техника саласында ауыз толтырып айтатындай жақсы жаңалықтарымыз баршылық. «Кателко» спутниктік стансысы арқылы маңызды оқиғаларды, ауқымды жиындарды тікелей эфирде таратып, жауапкершілігі мол жұмыстарды жүзеге асырып келеміз. Бұған мысал ретінде Елбасы мен Премьер-министр, мәдениет министрі қатысқан тікелей эфирдегі телекөпірлер, 2008 жылғы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведевтің қатысумен өткен екі елдің шекаралас аймақтарының V форумын айтуға болады. Телекомпания ұжымы 2009 жылы корпорацияның қолдау көрсетуі арқылы тасымалдау телевизиялық спутниктік стансысына (ТТСС) қол жеткізді. Сол арқылы тек облыс аумағынан ғана емес, республиканың кез келген нүктесінен спутниктік байланыс арқылы жедел түрде телехабар тарату мүмкіндігіне ие болдық. Соңғы кездері көгілдір экраннан әсіресе өңірлік телеарналар үшін қиындау саналатын ток-шоу түріндегі хабарлар да көріне бастады. Телекөрермендер бұрынғыдай орталық, республикалық және облыстық телеарнаны ғана көріп қоймайды. Қазір олардың телебағдарламаларды таңдап көруіне мүмкіндігі мол.
– Ақтөбе өңірінде облыстық телеарнаның мерейтойы кең көлемде тойланғанынан хабардармыз. Бұл тойдың өткізілуін, оның мәнін қалың жұртшылық қалай қабылдады?
– «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының да тарихы мен тағылымы тереңде жатыр. 50 жыл – тарих үшін аз уақыт болғанымен, отандық телевизия үшін үлкен белес. Батыс өңірінде алғаш болып Ақтөбе телевизиясы 1960 жылы шаңырақ көтерді. Әрине, алғашқы кезде телевизия жұмысын бір жүйеге келтіру, бағдарламалар тарату оңайға соқпаған. Өйткені тек өңір үшін ғана емес, бүкіл ел үшін телевизия өркениеттің соңғы жаңалықтарының бірі болатын. Арнаның қалыптасуына қаланың көптеген кәсіпорындары мен қоғамдық ұйымдары, жекелеген тұлғалар көп көмек көрсеткен. Нәтижесі де жаман болмағанға ұқсайды. «Апта жаңалықтары», «Жаңарған өлке», «Жақсы істер, жалынды жастар» атты алғашқы хабарлардың облыс, республика, тіпті Мәскеудегі орталық телевизиядан көрсетілуі – соған дәлел. «50 жылда – ел жаңа». Айтуға оңай, дегенмен осы жылдар ішінде ұжым талай қиындықтарды жеңіп, көрермендеріне сапалы хабарлар ұсынды, халық мүддесіне жұмыс жасады. Телеарна құрылғалы бері өңіріміз бен қалада болып жатқан басты жаңалықтарды халыққа жеткізіп, ел мен жердің тарихын жазып, мәдениеті мен әлеуметтік жағдайын жақсарту жолында қызмет етіп келеді. «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасы өзінің 50 жылдық мерейтойына дайындықты былтыр жыл басында-ақ бастап кетті. Арнада жаңадан қазақ және орыс тілдерінде жүретін «50 жыл Сіздермен біргеміз» – «50 лет вместе с Вами» атты бағдарламалар ашылып, онда аймақтық телеарнаның даму жолдары, осында ұзақ жылдар бойы нәтижелі қызмет атқарған азаматтар туралы айтылды. Жыл бойы аудандардағы көрермендерімізбен де кездесулер ұйымдастырылды. Осы жерде айта кету керек, бұл «Алтын микрофон» эстафетасы Қазақ орталық теледидарының 50 жылдық мерейтойынан бастау алады. Алдымен Қарағанды қаласында басталған «Дидар» аймақтық фестивалі Шымкент қаласында болып, соңында «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасына табысталған болатын. Сол «Алтын микрофон» арнамыздың 50 жылдығына байланысты аудандарды да аралап шықты. Ақтөбе теледидарының тарихында «Ақтөбем – алтын бесігім», «Мой город на белом холме» атты жеті сериялы тарихи-деректі фильм түсірілді. Авторы әрі режиссері – педагогика ғылымының кандидаты Гүлбану Үкітайқызы. Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерекесіне арналған «Естелік кітабы» деген атпен бірнеше бөлімді телефильм түсіріліп, көрермендер назарына ұсынылды. Ол туынды Мәскеуде өткен халықаралық кинофестивальда Артем Боровик атындағы арнайы жүлдеге ие болды. Былтыр телеарна дамуына айтарлықтай үлес қосқан Жандай Тәукебаев, алғашқы бас редакторлардың бірі, белгілі жазушы Тобық Жармағамбетов, қазақтардың арасында алғаш шыққан телеоператор Андрей Бикешевтердің атындағы жүлделер тағайындалып, олар өз иелерін тапты. Ал негізгі қорытынды шара жыл соңында өтті.
– Бір жылдары «Қазақстан» ұлттық арнасында да, оның аймақтық филиалдарында да басшы тұрақтамай кеткен кездер көп болды. Бірақ соңғы жылдары бұл үрдіс тоқтағандай. Сіздің ұжыммен байланысыңыз қандай? Корпоративтік басқаруда қандай ұстанымдарға сүйенесіз?
– Басшылық қызметтің жауапкершілігі үлкен. Әсіресе, негізінен, шығармашылық адамдарынан құралған ұжымды басқару оңай емес. Мен телеарнаға директор болып 2007 жылы келдім. Иә, маған дейін облыстық телеарна басшыларының жиі ауысқандығы рас. Ал басшының жиі ауысуы ол ұжым үшін тиімді емес. Себебі оның өз ойы, жоспары, мақсаты мен жобалары толық жүзеге асып, нәтижесі көрінуі үшін уақыт пен мүмкіндік керек. Кез келген адамға жетістік еңбек пен үлкен тәжірибе арқылы келеді. Ал басшылық қызмет адамға екі есе көп жауапкершілік жүктейді. Оны мен де жете түсінемін. Сондықтан да әрқашан нақты, жақсы нәтижеге қол жеткізер жоспар бойынша жұмыс жасап, тындырылған істеріме өзімше баға беріп отыруға тырысамын. Мен де кез келген басшылық қызметтегі адам секілді осы күнге бірнеше өмір баспалдақтарынан өтіп барып келдім десем, артық айтпаған болармын. Себебі ұжымдық жұмыс жасауға үлкен тәжірибе мен ізденіс, кез келген адаммен тіл табыса алу қасиеті керек.
– Жергілікті билік пен телеарнаның саясаты арасында алшақтық байқалатын уақыт бола ма?
– Телеарна – ел мүддесін қорғап отырған ұжымдардың бірі. Сондықтан да жергілікті билікпен тізе қосып, еліміздің, өңіріміздің игілігі үшін жұмыс жасау – басты бағыттарымыздың бірі. Қазіргі күні телеарна мемлекеттік тапсырыс бойынша көптеген хабарлар дайындайды. Оның барлығының өз бағыты, тақырыбы бар. Кезінде облыстық телеарнаның мемлекеттік тапсырыс бойынша телехабарлар дайындау ісінен мүлде тыс қалған тұстары да болған. Тендерге қатысса да, жылдық қаражат көлемі 14-15 млн теңгеден аспады. Дегенмен облыс әкімдігінің қолдауымен бұл көрсеткіш 2007 жылдан кейін бірнеше есе өсіп, 2009-2010 жылдары 50 миллион теңгеге дейін жетті. Бұл, әрине, алдымен өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарына қашанда жанашырлық танытып жүретін облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың тікелей араласуымен жасалып жатқан көмек. Біз облыстағы 12 ауданның әкімдігімен де тікелей байланыстамыз. Жыл басынан бастап арнайы келісім нәтижесінде әр ауданнан белгіленген мерзімде хабарлар түсіріп отырамыз. Әсіресе Президентіміздің сындарлы саясатын, Үкіметтің жүргізіп отырған реформаларын және облыс әкімінің жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту үшін қолға алып жатқан жаңа бастамаларын халық арасында түсіндіріп, насихаттауды басты мақсат санаймыз.
– Әңгімеңізге рақмет!