Телевизия жаңалықтарының бәсекелестігі қандай?

Телевизия жаңалықтарының бәсекелестігі қандай?

Бүгінгі дамыған технологиялар дәуірінің өкілі ақпарат алу құралын өзі таңдайды, таңдау бар. Бұл жағынан ғаламдық желінің келешекте қоғамды өзіне түгел тәуелді ететін түрі бар, бірақ әзірше бұған пропорция – әлімсақтан үйреншікті болған баспасөз, теледидар мен радионың рөлі күшті. Соңғы үш саланың ішінде біздің қоғамды мейлінше тегіс қамтитын ақпараттық алмасу телевизияның күшімен іске асырылады.

Республикалық базалық телеарналар қатарының жыл санап артуы бұл салада бәсекелестікті қалыптастырады. Ал әр телеарнаның аудиторияны мейлінше көбірек тартуы оның супержобаларды өмірге әкелуіне ғана емес, көрерменге сапалы өнімдер ұсынуына, жаңалықтарды шұғыл да жан-жақты, креативті түрде жеткізуіне, тіпті арнаның бетке ұстар талантты жүргізушілерінің шеберлігіне де байланысты. Эфирде өзін жасанды ұстап, жалықтыратын, шынайылығымен көрерменді баурай алмайтын журналистің бір ғана әрекеті әп-сәтте біраз адамды өзіне тартудың орнына, керісінше, олардың басқа арнаға ауысып кетуіне себеп болуы әбден мүмкін. Медианарықтың негізгі сарапшысы болған TNS Gallup Media Asia Kazakhstan компаниясының ақпарат нарығына қатысты соңғы мониторингінің нәтижелеріне көз жүгіртсек, отандық телеарна жаңалықтары мен сараптама хабарларының рейтингінде «Жетінші арна», «КТК», «Қазақстан», «Астана» арналары алғашқы орындарға ие. Көрерменнің сұранысын «НТК» арнасындағы «Ревю» шоу-бизнес жаңалықтары, «31-арнаның» «Информбюросы» мен «Мир» телеарнасындағы «Достастық жаңалықтары» да қанағаттандырып отырған көрінеді. Жаңалықтар қызметінің көрсеткіштері – телеарналардың бұл рейтингте лайықты орындарға тұрақтауының басты кепілі. Күн сайын өзгеретін бәсекеге қабілеттілік мониторингінің өзі бүгінгі қазақстандық көрерменнің талғамы мен осы нарықтағы белсенділерді анықтап беріп отыр.

Республикалық телеарналардың ішінде эфир уақытының көп бөлігін, нақты айтқанда үштен бірін ақпараттық бағдарламаларға бөлетін – «Хабар» агенттігі. Бір кездері ақпараттық нарықтың жетекшісі болған арна әлі де болса прайм-тайм мезгілінде өзгелерден қалыспай, өз аудиториясына қызмет етіп келеді. Бірақ арна төңірегінде оның ресми хрониканың аясында қалып қойғаны туралы объективті пікір қалыптасты. Осы пікір арнаның рейтингіне кері әсерін тигізіп тұр. Расында, агенттік жаңалықтарында жаңашылдық азайып, бір кездердегі қалпында әлі тұрғандай. Күнделікті шығармашылық барысында кәсіби салаға қатысты ірілі-ұсақты олқылықтарды жою ескеріле бермейді. Тілшілердің репортаж жасауы мен дикторлардың сөйлеу мәнері өткен кезеңдерді еске салады. Бұл – бүгінгі көрерменнің талғамы емес. Дегенмен «Хабар» тым ресмиленіп, тым «ретроланып» кеткен жоқ, төтенше оқиғалар мен күннің басқа да маңызды оқиғаларын көрерменге дер кезінде жеткізіп отыр. Оны күнделікті жаңалықтарға жасаған шолуымыз барысында байқадық.

«Қазақстан» ұлттық телеарнасы да өз аудиториясына сенімді. Халықтың дені әлі де ел жаңалықтарын ұлттық арнадан ғана тыңдағысы келеді. Арнаның шығармашылық ұжымы да жаңалықтар қызметін жетілдіре түсуге қадамдар жасауда. Бірақ ақпаратты-сараптамалық бағдарламалардың бір сүрлеуге түсіп алғаны аңғарылады. Бір кездердегі «қарашаға жақындау» үрдісі қазір қайтадан ұмытыла бастаған. Жаңалықтардан тың ізденістер аса байқалмайтын болды. Үкімет пен Парламент отырысынан 5 минутқа (!) жуық репортаж берілсе, аймақтарда болған кейбір оқиғалар өзге арналардан кешігіп көрсетіліп жатады. Кешкі жаңалықтарды екі адамның жүргізуіне қандай қажеттілік болып отырғаны түсініксіз, жүргізушілер арасында үйлесім жоқ тәрізді, сол себепті олар эфирде өз әрекеттерін ақтай алмай келеді. Жаңалықтарды қарап отырғанда, студияның жұпынылығы да көзге ұрады.

«Астана» телеарнасы өзінің 20.30-дағы уақытында көрерменін ешқандай арнаға ауыстырмай ұстай біледі. Жаңалықтар қызметі еліміздің бар аймағы үшін маңызды делінген оқиғаларға, әсіресе аймақ жаңалықтарына басымдық беретіні байқалады. Кейбір тілшілердің елдің бір шетінде отырып, өзге де аймақтарды қамтитын материалдар жасауы сәтті шығып жатады. Дархан Әбдіктің «Бас тақырып» авторлық бағдарламасын көрермен, шынымен де, өзекті мәселенің мән-жайын таразылау үшін қарайды.

«КТК» – көрерменге не ұсыну қажеттігін әлдеқашан түсініп алған арна. Әлеуметтің түрлі мәселелерін ең алғаш болып байқап, оған жұртшылық назарын мейлінше аударуда арнаның өзіндік тәжірибесі бар. Бірақ асығыс-үсігіс жасалып, кәсіби тұрғыдан сәтті шықпай жататын репортаждар мұнда да көрініс беріп қалады. Бірқатар тілшілердің жаңалықты ышқынып не әсіре мәнерлеп оқуы көрерменге ұнайды деу қиын. Орыстілді жаңалықтары қазақ редакциясы әзірлейтін материалдарға қарағанда анағұрлым салмақты әрі тартымды болып жатады.

«Алматы» телеарнасы қалалық арна болғандығына қарамастан, шұғыл ақпарат жеткізуде «Таң», «СТВ», «31-арна» арналарынан әлдеқайда озық.

Былтыр жарыққа шыққан «Жетінші арна» нарықтан ойып тұрып орын алуды, ең үздіктердің қатарында болуды көздеп еді. Бір жылға жуық уақыт өтпей жатып, ұжымның ісі жігеріне сай бола бастады. TNS Gallup Media Asia Kazakhstan-ның рейтингінде жас телеарнаның күнделікті қорытынды жаңалықтарының да, ақпаратты-сараптамалық бағдарламасының да қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқаларының қатар лайықты орындарды иемденуі – осының айғағы. «Жетіншінің» жаңалықтары ықшам да бейнелі, қызықты, сөзі аз. Жаңалық жеткізуші команда үшін шалғайдағы төтенше оқиға мен жабық есік жағдайындағы отырыстың бейнесін түсіру қиындық келтіре бермейді. Ресми жаңалықты тілшілердің міндетті түрде стенд-аппен жеткізуі қарапайым көрермен алдындағы жауапкершілік деп түсінген жөн болар. Қазір «Нысана» және «Другими словами» хабарлары танымал, жұрт қызыға көретін дүниелерге айналды. Бұл екі бағдарламаны өзге бәсекелес бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де мойындайды. Мұның сыры барлық болған және болып жатқан оқиғаларға мейлінше объективті және, ең бастысы, тыңнан пайымдай қарауда шығар. Сондай-ақ шығармашылық ұжымның өзге арналардың беталысына қарап отырмай, әлемдік телевизиядағы тың, креативті, ұтымды әдіс-тәсілдерді бірден меңгеріп ала қоятыны байқалады. «Нысана» өз нысанасына қоғамның жанды жерін ала біледі және өз мақсатына қажет тамаша кейіпкерлерді іздеп таппай қоймайды. Мәселені «басқаша түсіндіретін» Александр Журавлев пен Ольга Цой – арнаның харизмасы бар тұлғалары. Ал телевизияның тарихи тәжірибесінде көп жағдайда жүргізушілердің осындай ерекшеліктері арқасында хабардың бағы ашылатыны дәлелденген.

Отандық телевизиядағы ақпаратты-сараптамалық бағдарламалар рейтингінің көгілдір экрандағы шындығы осындай. Ал тележурналистиканың ең әділ сыншысы – қашанда көрерменнің өзі.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста