«Тендерге түскен келіншек»

Бір ғана жағдай кейде күллі дүниенің күл-талқанын шығаруы әбден мүмкін. Айталық, көлік апаты. Сүттей ұйыған отбасы ұл өсіріп, үйлендіріп, немере сүйіп отырған шағында тағдырдың тәлкегіне ұшырарын білді дейсіз бе? Бір-ақ сәтте... көлігімен зулап келе жатып сол жалғыз ұл кісі қағып кетті. Сынақ: не ата-ана бір тәулікте 100 мың доллар пара беруі керек, не жалғыз ұл темір тордың ар жағынан бір-ақ шығады. Бір айлыққа қарап отырған қарапайым жандар ондай ақшаны қайдан таппақ?
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры өзінің биылғы маусымжабары тұсында осындай жаңа туындының тұсауын кесті. «Тендерге түскен келіншек» деп аталатын шығарманың аты қалай еліктірерлік болса, заты да сондай, яғни қызықты да қиын шытырман оқиғаға толы.
Арлыны ақшалының алдында бас идірген қу заман... Қырықтың қырқасына шыққан шағында отағасы мен жұбайының ортасына сына қағатын таңдау тастап отыр. 100 мың доллардың құны – бірін-бірі шексіз сүйетін, сыйлайтын, отыз жылдан астам отасқанда шәй деспеген ерлі-зайыптылардың заңды некесін бұзу. Құрсағын жарып шыққан ұл үшін ана да, ұрпағы үшін әке де еріксіз көнді. Нәтижесінде адам қағып өлтірген ұл бостандыққа шықты, отанасы өзіне баяғыдан ғашық бай мырзаның жарына айналды. Ал бұл жерде ең сорлаған – барынан айырылып, намыстан елдің бетіне қарай алмай, ел кезіп кеткен қайран әке. Бұл рөлді (Таубай) екі құрамда театрдың актерлері, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Бақтияр Қожа мен Бекжан Тұрыс сомдаса, «тендерге түскен келіншек» Сағила рөлінде – Дария Жүсіп, Данагүл Темірсұлтанова, ара-ағайын, адвокат Жорабекті белгілі әртіс Азат Сейтметовтер сомдады. Әрине, актерлік ойындардың шеберлігі өз алдына, яғни әр кейіпкердің тағдырын, жай-күйін көрерменнің жүрегіне жеткізе ойнаған актер еңбегі бір төбе, ал шығарманың өзектілігі, драматургияның мықтылығы, мына заманның шындығын тап басуы қойылым соңында егілген жанарлар мен қошеметке толы қол шапалақтаудан аңғарылды. Қаумалаған көрермен ортаға қойылым авторы Медеу Сәрсекені, режиссері Оразхан Кенебаевты, композиторы Арман Дүйсеновті шақырды. Сөйтіп, олардың құшағын гүлге толтырып, зор ризашылықпен үздіксіз қол шапалақтап, ортадан жібермей ұзақ тұрды.
Медеу СӘРСЕКЕ, жазушы, қойылымның авторы:
– Мен кәсіби драматург емеспін. Тек 25 жыл бойы ішіме сыймай, ұйқымды бұзған нәрсені жаздым. Осыдан бірнеше жыл бұрын аулада демалып отырғанымда, қоқыс жәшігінің маңын торуылдаған бір жақсы адаммен сөйлесіп қалдым. Қоғам оларды БОМЖ деп, жалпы, адам қатарынан әлдеқайда шығарып тастаған, ал олардың ішінде қандай дерт жатқанын білмейді ғой. Тіпті ішінен мықты кәсіби мамандар да табылуы мүмкін, аңдасаңыз. Эпизодтағы кейіпкер Сергей де бір кездері Алматының ең керемет ғимаратының жобасын жасаған архитектор еді, қазір БОМЖ. Мен осы кейіпкерді жайдан-жай қосқаным жоқ, ол, шынында да, бар адам. Басты кейіпкер Таубай секілді ол да – таза адам. Өкініштісі, тағдыр екеуін архитектор жобалаған еңселі ғимаратта не бір дастарқан басында емес, қоқыс жәшігінің түбінде ұшыратып отыр. Міне, менің сол кезде қоқыс маңындағы адамнан естіген бірауыз әңгімемнен қандай мәселе туындап, заманның ащы шындығы ашылып отыр. Кез келген адамды ақша бұзады. Тіпті отыз жыл отасқан жұбайының өзі қарапайым күйден бірден байлыққа күмп беріп еді, қайыршы халге түскен күйеуіне қайта айналып келгісі келмей қалды емес пе? Жарының жанын түсініп тұр, қимай тұр, бірақ бай тұрмысынан айырылғысы келмейді. Кім неден айырылды? Кім таза? Әрине, өмір бойы тек адамгершілікті басты орынға қойып келген отағасы. Барынан айырылып, барын беріп, нәтижесінде жалғыз қалған ізгі жанға, демек, мына қоғамда орын жоқ деген сөз ғой? Себебі бұл заманда қоғам үшін басты құндылық – адамгершілік емес, ақша.
Екінші перде ашылғанда – БОМЖ-ға айналған Таубай мен жұбайы Сағила кездесіп тұр. Бірі – қайыршы, екіншісі – аппақ джип мінген бай ханым. Екеуі азғана жылдар бұрын бір шаңырақ астында әй-шәй деспеген жұбайлар еді десе, кім сенеді? Бұрынғы күйеуіне жаны ашыған әйелі сөмке толы тамағымен қоса, «мына күйіңнен қайтшы, саған құрдасың Мырзекең (қазіргі күйеуі) бір бөлмелі пәтер әперем деп отыр» деп білдіріп тұр. Оған намысты жан көне қойсын ба, бір шарт қояды: «Сен сол бір бөлмелі үйге келесің бе, мен сенің бар кінәңді кешірейін, сенен басқа әйел етегін көтергенім жоқ, адалмын саған, сол адал қалпымда кетемін», – дейді. Не жауап алды дейсіз ғой? Сенбессіз, бірақ өз жары өзін жатырқап шыға келіпті, кілт бұрылды. Пьесаның бүкіл философиясы, түйіні, міне, осы тұста жатыр еді. Адал адамдар тіпті қазіргідей қоғамда да бар. Бірақ, бірақ... Қысқасы, құрметті көрермен, заман шындығын бір қоспасыз баяндаған туындыны өз көзіңізбен көріңіз.
Әлия БӨПЕЖАНОВА, сыншы:
– Қойылымда бүгінгі замандағы құндылықтың өзгеруі, адамдардың соншалықты мейірімсіздігі, тіпті адам тағдырын пара шешетінін, бай мен кедей өмірінің айырмасы тұп-тура, қаз-қалпында көрсетілген. Ең бастысы, бұл жерде көзге ұрмайтын, бірақ түйсігі мол жан сезетін бір идея бар: сахна ашылғанда – әткеншекте бала отырды, екі жақтан әке-шешесі тербетіп тұрды, жабылғанда да – сол әткеншек, бірақ онда шашы ағарған, өлі жанарлы ұл отыр, екі жағынан сұп-сұр киінген біреулер әлдилеп тұр. Мұнда айтып-жеткізгісіз трагедия жатыр. Қайырымсыз ұрпақ! Баланы жөнсіз, шектен тыс әлпештеу дегеннің үлкен қателікке ұрындыратынын, нәтижесінде, мінеки, барын тосқан әке-шешеге ұлдың қайырыла қарамауына әкеп тірейтінін көрсетіп отыр. Бала өмірдің тәттісін ғана емес, ащысын да көруі шарт.





