Техникалық университеттегі толымды істер
Биылғы оқу жылы Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ студенттері үшін жақсылыққа толы болды. Жыл басынан бері оқу орнында көптеген іс-шара өтті. Сол атқарылған игілікті істердің барлығы да университеттің тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Г.Ә.Сәрсенбекованың тікелей басқаруымен жүзеге асты.
Қандай күрмеуі қиын мәселе болса да, «сары майдан қыл суырғандай» іскерлікпен шеше білетін басшының ұйымдастыруында жыл бойы жаңа форматтағы кездесулердің, берері мол мерекелік кештердің, тың бастамалардың куәсі болдық. Сол жиындардың барлығында да жатақханада тұратын студенттер белсенділік танытты. Студенттердің басын біріктіріп, әрбір жастың талантын танып, жұғымды істерге жұмылдыра білген жастар ұйымдарымен жұмыс жөніндегі бөлімнің бастығы Арайлым Өмірбекованың да еңбегі ерен.
Бірінші курс студенттеріне арналған тұсаукесер кеші естен кетпес ерекше оқиға болды десек, артық айтқандық болмас. Кеш барысында жүз мыңнан аса инженер-мамандар даярлап шығарған оқу орнының 78 жылдық тарихы кино таспасындай көз алдымыздан өтті. 1934 жылдың қыркүйегінен бастап күні бүгінге дейінгі университеттің бағындырған белестері мен алған асулары жіпке тізгендей көрсетілді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында өткізілген «Еңбегім – елім үшін» форумы да біз үшін тың жаңалық болды.
Жаңа жыл басында университет ректорының жастармен кездесуі өтті. Кездесу барысында ректор мен студенттер Skype арқылы сұхбаттасты. Оқу ғимараттары мен жатақханаларда отырған студенттер тікелей телекөпір барысында университет ректоры Жексенбек Мәкейұлына өзекті сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алып жатты. Тың идеялар да тыңдалды.
Университетімізде өткен ғасырдың 60-жылдары құрылып, Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарында білім алып жүрген бірнеше дарынды жастың басын қосқан «Бәйшешек» әдеби бірлестігінің тұңғыш студенттік альманағы жарық көрді. Қазақ әдеби өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар Медеу Сәрсеке, Ұлықпан Сыдықов, Иран-Ғайып, Қасымхан Бегманов, Бауыржан Қарабек, секілді таланттарды ұшырған бірлестіктің жұмысы үстіміздегі жылы жаңа қарқын алды. Шығармашыл жастарға шабыт берер студенттік альманах алдағы уақытта жүйелі түрде шығарылып тұрмақ.
Университет техникалық білім беретін оқу орны болса да, студенттер арасында әдебиетке, өнерге жақын жастар аз емес. Сол жастардың рухани сұранысын қанағаттандыру мақсатында барлық жатақханада кітап бұрыштары ұйымдастырылды. Сөрелерде қазақ классиктерімен қатар, әлем әдебиетінің де озық туындылары орын алды. Сонымен бірге қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлына арналған «Абай оқулары», Мұқағали Мақатаевқа арналған «Бүгін – менің туған күнім» атты мерекелік кештері жырсүйер студенттерді бір серпілтіп тастады.
«Машина жасау» мамандығының 4-курс студенті Боранбеков Алтынбектің ұйытқы болуымен Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) өнегелі өмірін жастарға таныстыру мақсатында «Адамзаттың ардақтысы» атты діни кеш өткізілді.
Елбасы атап өткен бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында жатақханада тұратын қыз-жігіттер арасында спартакиада ұйымдастырылды. Спорттың бірнеше түрінен өткізілген сайысқа екі мыңнан аса студент қатысты.
Биылғы 8 Наурыз мерекесі де жылдағыдан ерекше болды. Университеттің қоғамдық-мәдени өміріне белсене араласып жүрген 21 студенттің анасына ректор Ж.М.Әділовтің алғысхаттары жолданды.
Сондай-ақ тұңғыш рет өткізілген «ҚазҰТУ Оскары» студенттік байқауы оқу, спорт, өнер секілді түрлі салада топ жарып жүрген жүйріктердің ішінен мықтыларын анықтады. Жеті номинация бойынша өткен жарыста оза шауып, бәйге алғандарға бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Қазіргі кезде оқу орнымызда Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне қызу дайындық жүріп жатыр. Қазақ ұғымында жаңа жылдың басы саналатын бұл күн біздің университетіміз үшін игі істерге толы болғалы тұр.
Гүлнәр ХАСЕНОВА, Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ қызметкері