Тік тұрып, қошемет көрсетейік: Ұстаз келеді!

Тік тұрып, қошемет көрсетейік: Ұстаз келеді!

Қараңғылықты қақ тіліп, айналасына жарық нұр шашу арқылы сананы сәулелендіру ұстаздықтың ұлы миссиясы десек, онда «Менің атым Қожадағы» Рахманов ағайдың «Мен Сұлтанның шамшырағын жаға алмадым-ау...» деген кейісін терең түсінер едік. Осы тұрғыдан алғанда, шәкірттерінің өзі Нұрқанат Жақыпбай, Мәлік Сапаров, Мәулен Әшімбай, Дархан Қыдырәлі, Тоқтар Серіков, Танакөз Ілиясова т.б. қазақтың қадау-қадау тұлғаларына айналған Орынша Қарабалинаны ұлағатты ұстаз деп тайсалмай айтуға болады. Талай-талай шәкірттердің шамын жағып, үміт шоғын үрлеген ұлағатты ұстаз, аяулы ана, Ұзақбай Құлымбетовтей ұлтымыздың ардақты тұлғасының ұрпағы Орынша Қарабалина биыл 80 жастың сеңгіріне шықты.

Бала жанының инженері
«Әліпті таяқ деп білмейтін сәбиден саналы азамат шығарған ұстазды ұмытып, өзін осы күйде туыла салғандай сезіну пенде біткенге тән тірлік пе екен?.. Менің әлі өз үйімнен басқа жер көрмей, атамнан басқа адамның қасында қала алмайтын жабайы, жылауық кезімді көрген, біріне-бірі үйлеспейтін қисық-қыңыр таңба­ла­рымды ерінбей әріпке айналдырған ал­ғашқы ұстазым қайда, қандай тірлік кешіп жүр екен?.. Сәт сайын құбылған дүниенің бір қиырында бар ма, әлде?.. – осындай ой­дың тұңғиығына батып кетсем керек, көлігіміз Орынша апайдың қақпасының алдына келіп тоқтағанда, әлдекім ұйқым­нан оятып жібергендей селк ете түсіппін. Алыстан алты жасар бала келе жатса да ал­дынан шығатын ұстаз дегеннің ұлылығы сонда болса керек. Есік алдында күлімсірей күтіп тұрған адамды көргенде, жүрегім ту­лап қоя берді, себебі қарсы алдымда Ор­ын­ша Қарабалина емес, өзімнің бір кездегі алғашқы ұстазым тұрғандай болды.
 – Мұғалім деген көп болуы мүмкін, балам, бірақ нағыз ұстаздар өте аз, – деп бас­тады әңгімесін ұстаз, – кей мұғалімдер бар, өз пәнін жақсы біледі, бірақ оны оқу­шыға жеткізе алмайды. Баламен арада бай­ланыс жоқ. Өзі тоқтамай сөйлей беріп, тек арасында «қозғалмай, тыныш отыр» не­месе «тақтаға шық» деген сияқты сөздер баламен байланыс орнату деген сөз емес. Ғабит Мүсіреповтің айтқаны бар ғой: «жазуды тоқтатқан күн – жазушының өл­ге­ні» деп, сол айтқандай, оқуды тоқтатқан күн – ұстаздың өлген күні дер едім мен. Ке­зінде біз тіпті оқулықта жоқ деректерді архивтен іздеп табатынбыз, сағаттап сол жерде отыратынбыз. Себебі ол кезде баспа­сөз де жұтаң болды, әсіресе қазақ тари­хы жайлы оқулықта тым аз еді, қайдан ала­мыз? Архивтен. «Жазушы – адам жа­ны­ның инженері» десе, мұғалім – бала жа­нының инженері. Баланы түсіну керек, ұғу керек, алдыңда бала отыр, ол сені ба­ғып отыр ғой. Ал оған «ой, бала ғой» деп қа­раған ұстазда бедел қалмайды.
Десе дейтіндей-ақ орны бар, себебі Ор­ынша Қарабалина – осы салаға өзінің 57 жылын арнаған ардагер ұстаз. Қазақ КСР оқу-ағарту ісінің үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері. Педагогтер өмірінен сыр шертетін «Ұстаз бақыты», «Ұс­таз жүгі қашанда ауыр» секілді кітаптар мен өз өмірі, қилы кезеңдерде көрген қи­ын­дықтары жайлы жазған «Тағдыр» және «Жүрек сыры» кітаптарының авторы. Сон­дық­тан осы бір аяулы жанның аузынан педагогтік шеберлік жайлы бірауыз сөз шықса, ұстаз біткен қағып алса керек-ті, – «45 жыл мектеп табалдырығын әрі-бері аттап жүрсе де, 45 минуттық сабақ бере алмайтын мұғалімдер бар» деп жазды бір кездері Орынша апай. Сол ойын әрі қарай былай сабақтады: «Шеберлік – өз алдына, педагогикалық әдеп керек, ол – оқушыны сыйлау деген сөз. Сөз сап­та­уың, дауыс ырғағың, қас-қабағың, жүріс-тұрысың – бәрі оқушыға үлгі. Ал егер өзің тарс-тұрс етіп жүріп келе жатып, алдыңнан дәл сондай жүріспен шыға келген балаға «жайлап жүр, бұл мектеп қой» десең, сен­де қадір қала ма? Неге қазір балалар ара­сын­да суицид деген көбейіп кетті? Бұған педагогтердің де кінәсі бар дер едім мен. Өйткені мектептерде мұғалім мен баланың арасында диалог жоқ. Қандай қиқар болма­­сын, бала – еліктегіш жан, ендеше, елік­тіру керек, «мен де сондай болғым келеді» дейтін кейіпкер тауып берейік біз оған. Ата-ана да баласымен сөйлесе алмайды қа­зір, содан келіп суицид немесе кәме­лет­ке жетпей аяғы ауырлап қалу деген сияқты оқиғалар көбейіп кетті. Ата-ана өз баласын танымайды қазір. Кешке дейін жұмыста, сол аралықта баласының немен айналы­сып, нендей жағдайларға ұшырап жатқан­ды­ғынан бейхабар. Тұрмыс қиын дейді, бірақ мен онымен келіспеймін, біз нағыз аш­тықты да көрдік, соғысты да көрдік, бі­рақ жаман болдық па? Бір тілім нанға зар болдық. Ал қазір, шүкір, ондай жоқ қой?!»

Баукеңнің жанарынан табылған әке рухы
Біз тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы деп адамның шығу тегіне мән беретін ха­лық­пыз. Тек деген дүние, расында, тегін емес. Осы жағынан келгенде Орынша Қа­ра­балинаның тегінен тапқаны да, тартқан азабы да аз емес. Әкесі Ұзақбай Құлым­бе­тов ХХ ғасыр басындағы қазақтың көзі ашық, көкірегі ояу үркердей тобымен бір­ге ұлт қамын жеді, Қазақ КСР Орталық ат­қару комитетінің төрағасы болып тұрғанда қолынан келгенше елге шарапатын көр­сеткен сол бір азамат та 1937 жылғы қия­наттың кесіріне тап болған арыстардың қа­тарында айдалды да кетті. Не өліде, не ті­рі­де жоқ әке рухына ең құрығанда Құран бағыштарлық қабір де таппай жан жары Әйеш пен әлі ес білмеген балалары қала берді. Ал ең қиын соққаны – алдында ғана «Ұзекеңнің балалары» болып жүрген бала­лар­ға аяқ астынан тағдыр тостағаны аунап түскен соң, «халық жауының бөлті­рік­тері» деп ел-жұрттың көзге шұқуы еді. Сондай, тіпті одан да басқа сөзбен айтып жеткізгісіз қиындықтарды көзбен көрген Орынша апайдың сонда да тағдырына нала ай­тып отырғанын көрмедім.
– Жалпы, өмірде мен өзімді бақытты адамдардың қатарына жатқыза аламын. Өйткені өмірде қателеспеу керек екі нәрсе болса: бірі – мамандық таңдау, екіншісі – жар табу, мен солардың екеуінен де қате­лес­пеген жанмын, шүкір. Өмірлік жарым қазақтың біртуар азаматы, журналист, қа­лам­гер, қайраткер Кәкімжан Қазыбаевты елі ұмыта қойған жоқ деп ойлаймын. Ұс­таз болуыма, сондай-ақ қолыма қалам алып, білім мәселесін, ел мәселесін жа­зуы­ма, жалпы, бүгінде абыройлы бір адам болсам, сол жолда жолдасымның көп кө­ме­гі тигенін мақтанышпен айта аламын. Қазақтың арқа тұтар қаһарманы Бауыржан Момышұлының үйіне келін болып түстім. Өз ұлын «сары балам» десе, Баукең Кәкең­ді «қара балам» деп, екеуін теңдей жақсы көр­ді. Нәргүлім, Нұртасым, Батырым ту­ған­да да бізбен бірдей қуанып, жалпы, өле-өлгенше бізден өзінің Алатаудай ата­лық мейірімін аяған жоқ. Баукеңмен бірге бір жерге барсақ, кеудемізді керемет мақ­та­ныш кернеп тұратын. Әскери киімін киіп шыға келгенде, паһ, шіркін, артына бұры­лып қарамайтын адам қалмайтын шығар, сірә! Жазушылар, журналистер, тіпті мек­теп оқушылары шақырса да, кездесуден қал­май баратын. Бізге сондай үлкен көрі­ну­ші еді, сонда небәрі 40-тың қырқасынан жаңа асқан азамат екен ғой. Мен келін боп түскенде өзі – 47-де, кемпірі Жамал апа­мыз небары 42-ақ жаста екен. Әділет­сіздікті жаратпайтын, ойы таза емес адам­ды бірден танып, сондай адамға мінезін көрсететін ол кісі. Ол жайлы Кәкең өзінің «Най­зағайдай жарқылдап» деген мақала­сында «Баукеңнің сұқ қолын көрсеткені – есікті емес, төрді нұсқағаны, ол кісінің ай­ғай­лағаны – еркелеткені» деп жазды ғой. Себебі «Баукең айғайлайды» деген пасық сөз­дер көбейіп кеткен-ді бір кездері. Сон­дықтан менің өмірім Кәкеңнің арқасында, шүкір, бақытты өтті.

Қошқарбайдың Рақымжаны және соңғы аманат
Екі сағаттай әңгімелесіппіз ұстазбен, бірақ бұл уақыт бір деммен өте шыққан­дай. Әсері де сонша, тіпті қоштасып шық­сам да, көз алдымда әлгінде айтылған жайт­тар әлі тұрды. Тұтас кино дерсіз... Ала­сапыран дүние. Қып-қызыл қанға бөк­кен далада қыбыр еткен тіршілік белгісі білінбейді. Бұл 1945 жылғы Берлин еді. Қол созым жерде – неміс Рейхстагы. Бұл тағ­дыр дегенді қойсаңшы, сол иек астын­дағы жерге жету де алдырмас асуға айна­латын кез болады екен. Әсіресе ол шешуші кезең болса... Төрт жылға созылған қан­тө­гіс соғыстың соңғы нүктесі қойылуға таяу, бірақ төрт жыл шайқасқа жеткен күш ең соңына келгенде... «Жо-жоқ, мүмкін емес, Кеңес әскері мұншалық күйреуік емес, тіпті соңғы тұяқ серпу болса да, туды тігіп, сосын барып жантәсілім ету керек!» Бұл – өрімдей жас қазақ баласы Рақымжанның ойы еді. Жанып жатқан от пен өрттің, то­лас­сыз төпелеген оқтың ортасында өлім­мен бірме-бір айқаса жүріп, Рейхстагқа ту тіккен қазақ батыры Қошқарбайдың Ра­қым­жаны жайлы Орынша Қарабалина осы сұхбатта біраз ой толғаған болатын.
– Баукең арқылы Рақымжан Қошқар­баевпен танысып, етене жақын араластық, – деді ұстаз, сосын біраз кідірді. Ойға бат­қан жанарынан өткен күннің елесін іздеп мен отырдым. – Негізі, Рақымжан Қошқар­баевтың Рейхстагқа ту тіккендігі жайлы 1946 жылы айтылған да, сол күйде қалған ғой. «Мен батырмын, маған неге атақ беріл­мейді» деген былай тұрсын, Рақым­жан ағамыз соғыс біткен соң Мойынтыға қайтып, теміржолда қара жұмысшы болып қана істеген, ешкім оны қаһарман деп ойламаған, ол кісі де ешкімге барып кеуде кермеген. Бертінде ғана, ел біраз бейбіт өмірге үйрене бастағанда ол кісі Алматыға Баукеңе сәлем беруге арнайы келеді. Ол 1957 жыл еді. Ал батыр атамыз қара ба­ла­сын шақырып алып: «Кәкімжан, осы сен журналиспін дейсің ә, олай болса неге Рақымжандай азаматты білмейсің? Мен де соғысқа қатыстым, дивизия бас­қар­дым, бірақ дәл Рақымжан көрген то­зақ­ты мен көрген жоқпын. Ол жанып жат­қан от­тың ішінен жанын шүберекке түйіп, Рейхс­таг­тың терезесіне алғашқы туды тік­кен қазақ баласы, сен сол жайлы деректі тап, жаз», – деді. Жай жаза салған жоқ, Кә­кең архивті ақтарып, әр сөзін дәлелдей­тін де­рек тауып, ақыры ақиқатты жарыққа шы­ғар­ды. Бір кездері Қазақстанның Ре­сей­ге қосылуының 250 жылдығын тойла­дық қой. Сонда Кәкең хатшы еді, өзі басқарды. Димекең мен Брежнев үстел басында қатар отырғанда, Димекең Р.Қошқарбаев жайлы әлгі жайтты айтқан. Сон­да Леонид Ильич «Тарихты қайта қо­пар­май-ақ қояйық» деп, сол жерде әңгі­мені жауып қоя салған. Одан кейін Кәкең де қайтыс болды. Бірақ Кәкең өзі кететін соңғы сәтіне дейін Рақымжан Қошқарбаев­тың атына бір емес, бірнеше қаладан көше бергізіп, тұратын үйіне ескерткіш тақта ор­нату туралы Орталық комитеттің қаулысын шығартып кетті. Дәл қайтыс болатын күні маған ауруханадан қоңырау шалып, осы бір қуанышты хабармен бөліскен болатын. Артынша арыстай азаматымның қаралы хабары жеткенде, жаңа ғана тілдескен оның мына өмірде жоқтығына сене алмай, есеңгіредім де қалдым, аяқ астымдағы жер шыр айналғандай болды...

Түйін
Осылай дегенімен, құрыштай төзімді, болаттай берік Орынша Қарабалинаны тағдырдың мұндай сынағы да күйрете алмаған еді. Қайғырды, бірақ қайта қайраттанды. Өз бойындағы бар күші мен мейірім, махаббатын өз балаларына ғана емес, ұстаздық жолдағы шәкірттеріне беруді жалғастыра берді. Бүгінде ұл-қыздарын ұясы мен қиясына қондырса, шәкірттерін өмірдің сан тарауына қанат қақтырды. Ұстаз өз кітабында жазған академик М.А.Лаврентьевтің «Сіздердің алдарыңызда ертеңгі Курчатовтар, Королевтер отырған шығар. Солардан көз жазып, соларды аңғара алмай қалып жүрмейік» деген қағидасын жасынан өз көкейіне түйіп, тәжірибе барысында берік ұстанған сыңайлы. Орынша апайдың әңгімені тамамдар тұста айтқан «Менің емханам – мектеп, дәрігерім оқушылар болды. Қаншалықты қатты ауырып тұрғанымда да мектепке барсам, жазылып кететінмін» деген сөзі санамда қалып қойғандай... Ұстаздар-ай, неткен асыл жан едіңіздер?! Бар даусыммен күллі әлемге: «Тік тұрып, қошемет көрсетейік, ұстаз келеді!» деп жар салғым келеді.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста