Тілге құрмет – мектептен
Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие ана тілімізге құрмет мектептен басталады. Алматыдағы №60 мектеп-гимназияда «Тілге құрмет – елге құрмет» атты қазақ тілінің онкүндігі салтанатты түрде ашылды. Бұл шара еліміз Тәуелсіздігіне 20 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр.
Онкүндіктің алғашқы қадамы «Алатау» күйімен басталды. Бұдан кейін оқушылар «Көңілашар», «Секіртпе», «Адай» күйлерін ойнап, «Қара жорға» биін биледі. Шараға қала әкімдігі де қолдау білдіріп, арнайы қатысқан екен. Өнер көрсеткен ұлты орыс, башқұрт, шешен, украин балалары бұл шараға ерекше дайындықпен келген екен. Олар қазақ тілінде патриоттық өлеңдер оқып, қазақ тілінде ән айтты. 1973 жылы ашылған мектеп-гимназия көптеген білім сайысында олжа еншілепті. Мектеп әкімшілігі оқушылардың жан-жақты білім алуына барлық жағдай жасалғанын айтады. Мәселен, 1500 оқушысы бар мектеп-гимназия – қазірде «Алматы қаласының бәсекеге қабілетті 50 мектебі» конкурсының қатысушысы. Мектеп мынадай бес бағытта білім береді: физика-математикалық, экономикалық, гуманитарлық, жаратылыстану ғылымдары және музыкалық білім беру.
Шарапат Ізбасарова, №60 мектеп-гимназияның директоры:
– Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне 20 жыл толып отыр. Осыған байланысты бүгін тіл онкүндігі ашылып жатыр. Бұл шараны қолдап көптеген қонақтар келді. Балалар 10 күн бойы қазақша сөйлейді. Концерт өткізіп, өз өнерлерін көрсетті. Ата-аналар да келіп, тілектерін білдіріп жатыр. Алдағы уақытта ана тіліміз туралы көптеген диспут, дебат, дөңгелек үстел, ашық сабақтар өткізуді жоспарлап отырмыз. Түлектеріміз Ұлттық бірыңғай тесті бір пәннен 21 деген орташа балмен тапсырды. Бұл – біз үшін өте жақсы көрсеткіш.