Тоғыз қырлы Тоқбай ақын

Тоғыз қырлы Тоқбай ақын

Көзінің тірісінде-ақ «тоғыз қырлы Тоқбай» атанған ақын Тоқбай Исабековтің 80 жылдық мерейтойын Жаркент жұртшылығы жақында лайықты атап өтті.

Бітпей жатқан шаруаларым көп менің,
Жаңа көктеп келе жатыр еккенім.
Содан болар, байқамай да қаламын,
Әр күнімнің қалай жылжып өткенін...

– деп кезінде өзі жырлағандай, ақын Тоқбай Исабеков бұл пәни жалғаннан өмір­ге тек қана тамсанумен және өзі сезін­ген, түйсінген сол жақсылық пен ізгілік атау­лының сәулесін өзгенің де санасына сіңіруге тырысумен өткендей көрінеді ма­ған. Бір өзінің басында ақындық, жазу­шылық, журналистік, сазгерлік, драматург­тік, ұстаздық сияқты тамам өнер тоғысқан Тоқбай ағаның, шын мәнісінде, жараты­лысы бөлек болатын. Ал тоғызыншы қыры қайсы десеңіз, ақынның қаламгер інісі, жазушы Бексұлтан Нұржекеевтің сөзімен айтқанда, ол – Тоқбай Исабековтің өнерге деген өлшеусіз жанашырлығы.
Көңілі көктем, жаны жаз, жайсаң аға зама­нында Алматы асып кетсе де, кез келген ортаны мүлтіксіз мойындатуға дарыны мен қарымы толық жететін. Бірақ ол өзі тауы мен тасын, топырағын шексіз сүйген және өмір бойы жырына арқау етуден танбаған жазиралы Жаркентін қиып кеткен жоқ. Әдебиет пен өнердің үлкен орта­сынан жырақта жүріп-ақ өзін мойын­датты, сол себепті де ақын-жазушылардың басқасын былай қойғанда, қазақ поэзия­сының Қадыр Мырзалиев, Тұманбай  Молдағалиев, Мұзафар Әлімбаев секілді көптеген көрнекті өкілдерінің өзі Тоқбай Исабековті қарымды қаламгер ретінде таныды және ол кісімен үлкен сыйластықта, достықта болды. Сыры да, жыры да туған жұртымен біте қайнасып кеткен Тоқбай аға Жаркенттің нағыз бұлбұлы, бойтұмары іспетті еді. Яғни бұл өңірде ол жырға қоспаған жер-су, өзен-көл, тау-тас әсте кемде-кем.

Жаркентім – жәннатсың,
                                  гүлдей боп ашылған,
Көркіңе күннен нұр күніне шашылған.
Жоңғардан құлаған
                                мөп-мөлдір бұлақтар,
Еркелеп, назданып, мойныңа асылған.
Тасыған байлыққа қарайды
                                                  ақ бас шың,
Ағады жөңкіліп толқынды ақ тасқын.
Аралап әлемді кезіп мен кетсем де,
Өзіңдей бақшалы жайсаң жер таппаспын,

– деп жырлаған Тоқбай аға өзі шексіз сүйген сол Жаркентіне ән-жырдан мәңгілікке ескерткіш қойып кетті. Сондай адал перзентінің аңқылдаған жүрегінен туған осынау «Жаркент вальсі» күні бүгінге дейін күллі өңірдің символындай, бәлкім, төлқұжатындай әсер тудыратыны анық.
Тоқбай Исабековті ақын ретінде ай­шықтай түсетін тағы бір қасиет – ол кісінің ел ішіндегі өзімен қатар жүрген еңбек адамдарын дәріптеуі, даңқты жерлес­терінің мерейін өсірерліктей тұшымды туындылар жазуы. Мәселен, Әбілхан Қас­теев атамыздай біртуар талантқа арналған «Туған жердің түлегі», атақты жерлесіміз, Еңбек Ері Күләш Айтжанова туралы «Жоң­ғар жұлдызы», халық мұғалімі Зағира Нүсіпбекова жайындағы «Ұстаз жолы», Рақымжан Қошқарбаев жайлы «Күткен күн» дастандары мен жезтаңдай әнші досы Дәнеш Рақышевқа арналған «Бұлбұл» поэмасы мен «Әнші Дәнеш» деректі рома­ны ешқашан маңызын жоймақ емес. Осы тұрғыдан алғанда, Тоқбай Исабековтің ту­ған жерінің айбынын асырардай және ел-жұртының мерейін, мәртебесін өсірердей тақырыптарды қозғауы – қаламгер іні-қа­рындастарына үлгі боларлық жайт. Өйткені ақын – қай кезде де елінің айнасы. Ал Тоқбай ағаның «Мөлдір бұлақ», «Жердегі жазулар», «Тау гүлі», «Сырлы дүние», «Жүректегі жұлдыздар» атты жинақтарына енген жырлардың қай-қайсысы болсын, бұл талап үдесінен шығатын туындылар. Сонымен қатар, Тоқбай Исабеков поэзиясы ойы анық, бояуы қанық, тілі мейлінше жа­тық әрі шұрайлы екендігімен де ерекше­ленеді. Ақынның жан баласын жатсын­байтын ашық-жарқын мінезі, риясыз көңілі оның өлеңдерінен де көрініс табады және шынайылығымен жаныңды тербейді.

Жайдары жанды көрсем, құрақ ұшып,
Орнымнан жас шәкірттей тұрам ұшып.
Төр ұсынам үлкенге, кішіге де,
Жүрегіммен сүйемін бір-ақ құшып.
Дос үшін суға түсіп, от кешемін,
Қуанам күн көңілге төкпесе мұң.
Керек болса, қанымнан қан беремін,
Керек болса, етімнен ет кесемін,

– деп ағынан жарылған Тоқбай аға таудан ескен самалдай сол аңқылдақ болмысынан танбаған күйі өмірден өтті.
Өмірбаян дерегіне үңілген жан ол кісінің тек шығармашылық тұрғыда ғана емес, нақты өмірде де үлкен із қалдыр­ғанын аңғарар еді.
«Маңына ұрық шашпаған жақсылық жапанда жалғыз өскен бәйтерекше тұл болады да қалады», – деп Мұхтар Әуезов айтпақшы, жақсылық өз басынан артыл­маған талайлардың жұрт көңілінен өшіп, ұмыт болғаны аян. Ал ақындығын ұстаз­дықпен ұштастырып, бүкіл саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге, бұлақ көзін ашуға бағыштаған Тоқбай аға кезінде өзі қанаттандырған жүздеген, мыңдаған тү­лек­тердің, таланттардың жадында мәңгілік өмір сүреді. Орыс жазушыла­рының «Го­голь­дің шинелінен шыққанбыз» дейтіні сияқты, Жаркент өңірінің өнерге титтей де болсын қатысы бар бүкіл дарынды ұл-қызы Тоқбай Исабековтен тәлім алғанын мақтан тұтады. Мәселен, алғашында бір ғана Кішішыған ауылынан «Шыған шы­рақ­тары» ретінде жалт еткен әдеби бірлес­тіктің көп ұзамай аудан, облыс көлемінде қанат жайып, «Арқас алауы» болып маздағаны көзіқарақты қауымның күні бүгін де есінде. Тек ақындық пен жазушы­лық қана емес, әншілік, сазгерлік, сурет­шілік талабы бар өнерлі жастарды да ә дегеннен жазбай танып, ұстаздық үлкен жүрегінің жылуына бөлеген Тоқбай Исабе­ков солардың әрқайсысының өз жолын адаспай табуына бірден-бір себепші әрі жанашыр болды. Сол әдеби-шығарма­шылық бірлестіктің белді мүшелері болған Исламғали Үркімбайұлы, Құсайын Бейсе­баев, Нұрәділ Бегімбет, Тұрдақын Сади­ров, Сүлеймен Керімбеков, Cәуле Ахма­дие­ва, Роза Ыстай, Ақан Оймауытов, Ха­мит Файзуллин сияқты басқа да көпте­ген шығармашылық иелері Жаркент жұртшылығын рухани жағынан байытуға, кемелдендіруге айтарлықтай себепкер болғаны даусыз. Өйткені ол уақытта Жар­кент өңірінде Тоқбай аға жетекшілік ететін және «Октябрьдің 40 жылдығы» агрофир­масы партия ұйымының хатшысы Кеңес Әкімбековтің тікелей қамқорлы­ғындағы «Шыған шырақтарының» қатысуынсыз өтетін бірде-бір әдеби-мәдени шара болмайтын. Яғни Тоқбай ағамыздың өнер­лі жастарға ұстаздық етумен қатар, аудан халқының руханиятын көтеруге, жан сара­йын кеңейтуге сіңірген еңбегі ұлан-ғайыр.
Мұның сыртында Тоқбай Исабеков Кішішыған мектебінде 40 жылдан астам еңбек етті, аталған білім ұясының негізін салудан бастап, бастауыштан сегізжыл­дық­қа, одан кейін он жылдық орта мектеп­ке айналуына тікелей ұйытқы болды, көп жылдар бойы соның директоры, кейіннен тәрбие ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Кейінгі жылдарда «Октябрьдің 40 жылдығы» агрофирмасы «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, аталған ұйымның аудандық, облыстық басқарма мүшесі болды, Жетісу өңірінің қоғамдық өміріне белсене араласты. «Туған жерім» деп, «ел-жұртым» деп қай кезде жүрегін алып жү­гір­ген осындай маңдайалды перзентіне Жаркент өңірінде қандай құрмет көрсетілсе де артықтық етпес еді. Өкінішке қарай, өзі адал терін төккен ауылдағы аты жоқ мек­теп­­тің өзіне ақын есімін беру бүгінде мұң болып тұр. Аудан орталығында да ақын есімін есте қалдырарлықтай бір айтулы нысан жоқ. Осындайда «Өз ұлын, өз ерле­рін ескермесе, Ел тегі қайдан алсын кемең­герді» деген Мағжан сөзі еске түседі... 
Негізі, өмірден өткен көрнекті тұлғалар­ды дәріптеу, мадақтау өлі үшін емес, тірі үшін керек тірлік болса керек. Былайша айтқанда, бүгінгі жас ұрпақ кімнің кім екенін танып-біліп, жақсылардың ғибрат­ты өмірінен, іс-әрекетінен үлгі-өнеге алуы үшін де Тоқбай аға тәрізді тұлғалардың лайықты құрметтелгені абзал. Өнерімен де, ұлағатты өмірімен де ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан, із қалдырған Тоқбай Исабеков – бір ғана әулеттің азаматы емес, елдің адамы, күллі Жаркент, Жетісу өңірінің сөнбес жарық жұлдызы. Тек осы­ны ұмытпасақ екен. Дегенде... Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстан оқу-ағарту ісінің үздігі, Панфилов ауданының құрметті азаматы, ақын, сазгер, жазушы, журналист, ұстаз Тоқбай Исабековтің лайықты бағасын алар уақыты алыс емес дегенге сенгіміз келеді. Лайым солай болғай...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста