Тойдың құны қанша?
«Үйлену оңай, үй болу қиын» деуші еді бұрынғылар. Қарын тоқ, бәсеке жоқ, өкімет өлтірмейтін заманда солай болғаны да рас. Қазіргі жастар той десе кәдімгідей ой кешеді. Алдымен ата-ана қиналады. «Пәленшенің тойына түгенше адам келіпті, мұнша ақша жұмсапты, шашу түсіпті» деген гу-гу әңгіме кейде екі жастың бақытын тілеген батаны басып кетеді. «Қарыз алсам да баламның тойын дүрілдетіп өткіземін» деп жүргендерге осы күні таң қалмайтын боп алдық. Әрине, «той десе қу бас домалайды». Дәулетің жетсе жақсылап тойлатқанға не жетсін. Дегенмен, аттылының аяңына ілесемін деп жаяулап-жалпылап жолда қалғанның несі мәз. Қалай болғанда да қазақтың қазынасы – тойды топырға айналдырмау жағындамыз. Тойдан кейін де тірлік бар. Осы орайда «Алаш айнасы» сайты Қазақстанның әр аймағындағы үйлену тойларына жұмсалатын шығынды салыстырып көрген еді.
Ең қымбаты Алматы, ең арзаны Қызылжар
Бірден айтайық, «байдың асын байғұс қызғанады» дегендей, біреудің қалтасын қарап, пұлын санаудан аулақпыз. Біздің мақсат – той тақырыбын көтере отырып, оқырманға ой тастау. Сонымен, ең қымбат, ең бәсі жоғары тойлар Алматыда өтеді. Мұнда етек-жеңіңізді барынша жинақтағанның өзінде ақшаңыз 10 мың «көк қағаздан» кем болмауы шарт. Әйгілі әншілер мен Тұрсынбек (мысалы) секілді танымал асабалардың қызметі қосымша қаражатты қажет қылатынын түсініп отырған шығарсыз. Яғни, 40-50 мың доллар жетіп қалуы мүмкін...
Той деген тек ішіп-жемнен тұрса жақсы ғой. Оның сыртында қаншама көзге көрінбейтін шығындар бар. Бұл тұрғыда, әсіресе, оңтүстік өңірдің көші озық. Шымкентте тұратын бір жеңгеміздің «әңгімесі» былай дейді: «Баламды үйлендіруге көп қаражат кеткелі тұр. Қалыңмалға кем дегенде 1 мың доллар керек. Бір қой мен бір ірі қара тағы бар. Құдаларға 5 мың долларға киіт, құда және жігіт қоржынға 500 доллардан саламыз. Ресторан жалдау 15 мың доллар. Қалыңдық көйлегі мен туфлиі - 120 мың, костюм - 45 мың теңге. Тойбастарға 1 500 доллар, үлкен тортыңыз 500 доллар, оған қоса АХАЖ-ға тіркелу, асаба, фото, бейнеоператорлардың жұмысы, жас жұбайларды шетелдік лимузинмен қыдырту және т.б. көптеген шығындарды қосқанда шаш жетпейін деп тұр» дейді ол кісі.
Тойға кететін шығындар жөнінен солтүстік пен батыста жағдай басқаша. Бұл өңірлерде жекелеген облыстарды қоспағанда (Атырау мен Маңғыстау) тойға жұмсалатын қаржы мөлшері едәуір аз. Мысалы Орал мен Қызылжарда 350-500 долларға «арзан» асаба табуға болады. Фото-бейнеоператор, әнші-бишінің барлығын 1 – 1,5 мың АҚШ ақшасына жалдауға мүмкіндік бар. Ресторан-кафенің бағасы әркімнің қалтасына қарай 7-10 мың доллар аралығында. Лимузин мініп, қала аралау құны да аса қымбат емес. Әрине, бұл қатып қалған жағдай емес, салыстырмалы дүние. Әлеуеті жеткендер аспандағы айға қол созамын десе өз еріктері.
Асаба жақсы болса ас сіңімді
Кей тойларға көңілді барып, шаршап қайтатын болдық. Себебі, арзан сөз, пәтуасыз күлкі көбейді. Тіпті күлдіремін деп анайы анекдот айтып, бетіңнің отын жандыратын бүлдіргі асабаларды көріп жүрміз. «Өткенде бір тойға бардық, «ішпегеннің іші кепсін», «алып қоймаған албасты болсын» деп жатып кеп араққа зорлайтын асабаны бірінші рет көрдім. Тойдың жақсы өткені тойшы қауымның жаппай мас болғаны деп ұқса керек, асаба «көңіл орта болмасын, тілек қабыл болсын, алып қойыңыз» деп ауыз жаппады. Сосын «атасының сақалымен ойнайтын келін» туралы анекдот айтып бәрімізді жерге қаратты. Бүйткен тойы бар болсын!» – дейді бір досымыз.
Сосын тойға келген бар қазақтың «ауруы»міндетті түрде тост сөйлеу. «Не айтайын енді?» деп аламыз да, бұрынғылардың салып кеткен ізімен: «Бақытты болыңдар! Аспандарың ашық болсын! Үй толы бала болсын, екі жаққа да жақсы болыңдары!» деп зуылдатып шығамыз. Айтылар тілектің сарыны осы. Ерекше тілек жоқ. Қала берді үлкендер жағы: «сен кішкентай кезінде...» деп күйеу жігіт не қалыңдықтың, одан асып әкесі мен шешесінің, арғы аталарының тарихын айтып кеткенін көргенде шаршамағанда нең қалады?..Бір сөзбен айтқанда тойдың сәнді де, мәнді өтуіне көңіл аудаарайық, ағайын.