Толғақты қалам иесі
Иә, құлашы ұзын, қарымы қуатты қаламгер Қали Сәрсенбайдың «Тұлға – тағдыр» кітабын оқып шыққанда адам жанының тереңін қозғап, толқытып жіберетін толғаулар оқып шыққандай күй кешетінің рас. Оқысаң-ақ кілең бір тербелістер мен тебіреністердің әлеміне кіріп кеткендей боласың. Ертеректе қазақ әдебиетіндегі тосын талант Оралхан Бөкеевтің тасып-төгіліп, құйылып, нөсерлеген «Қара сөзбен жырлаймын» деген топтамаларын оқып, таңданып, тамсанғандай ек. Енді, міне, Қали Сәрсенбайдың жаңа кітабыменен танысқан біз дәл сондай халде отырмыз.
Қан қызуың мен жан жылуыңды еселеп төгіп, ыстық махаббатыңды сарқып құя алсаң, қарапайым қарасөзің де жырлап қоя береді екен-ау! Содан ба, кітапты қолыңа алып, оқи бастасаң, оны бір деммен бітіріп тастағаныңды өзің де сезбей қаласың. Бір тақырыптан соң екінші тақырып өзіне тартып, жетелеп ала жөнеледі...
Кітап қазақ ғылымына, мәдениеті мен өнеріне өлшеусіз олжа салған, әрқайсысы рухани тірлігіміздегі бір-бір ұстындар деуге лайық, ұлттық құндылықтарымызды жан-жақты байытқан, есімдері ел аузынан түспейтін, кескекті ердің сойындай дерлік тұлғаларға арналыпты.
Бірден айта кетейік, Қали Сәрсенбай ол тарихи тұлғалар туралы толғаныстарында, мақтап-марапаттағанның жөні осы екен деп сөздерді күбі піскендей күмпілдетпей немесе кебек суырғандай бұрқыратпай, елпілдетіп-желпілдетпей, бірақ ентелеген екпінінен де айырылып қалмай, адам жанының қатпар-қатпар қойнауларын адақтап, олардың ішкі иірімдеріне үңіліп қана қоймай, сол тарихи тұлғалар өмір сүрген заман келбеті мен уақыт кескінін де, мейлі, бірер штрихпен болсын, көз алдыңа келтіріп кетеді. Өйткені автор адам тағдыры, әсіресе тарихи тұлғалар тағдыры, ол өмір сүрген заман мен уақыттың мінез-құлқынсыз ашыла қоюы екіталай деп ұғады.
Қысталаң, қиын кездердің құрсаулы қыспағында өмір сүрген ол тұлғалардың кей кездерде өз-өздерінен пұшайман болып, «мынаны бітіре алмадым-ау», «ананы қолға алуға дәтім жетпеді-ау» деген өкініші мен наласы, күйініші мен назасы болмады дейсіз бе?! Болғанда қандай! Міне, осы бір ойлар «Әбаға» деген эссесінде көрініс тауыпты. «Әбаға» деп отырғанымыз – бір бойына әлденеше өнер жинақтаған, яғни белгілі суретші, актер, әнші, биші, тарихшы, әңгімеші Әубәкір Ысмайылов. Әрине, ол – ең алдымен суретші.
Ал бұл эссе орыстың нағыз шовинистік көзқарастағы суретшісі Илья Глазуновтың бір баспасөзде жарияланған сұхбатын оқығаннан кейін туған ғой. Әрине, Илья Глазунов, шындығын айту керек, аса талантты суретші. Оған ешкімнің де дауы жоқ. Бірақ әңгіме – басқада. Ол, не болғанда да, күні кешеге дейін жарты әлемді билеп-төстеп келген, билеп-төстеуге әлі де ұмтылып отырған Ресей империясының өкілі. Сондықтан да ол шектен шығып, асып та, кемерден шығып, тасып та сөйлеуге әбден үйренген. Тіпті Глазунов «Римді біздің бабаларымыз тұрғызған» деп соқса да, оған ешкім ештеңе демейді.
Ал біздің суретшілеріміз кезінде ол құсап ірі, кесек сөйлемек түгіл, өз халқының өткен тарихын, хандары мен батырларын, билері мен байларын көрсетуге бара алмады. Бара алмады емес-ау, барғызбады. Содан да Әубәкір ағамыз: «Біз тарихқа есеміз кеткен халықпыз», –деп күйінумен өтті.
Осы бір сәттерді Қали Сәрсенбай Әубәкір ағасының күйініштеріне өзінің де өзек өртер өкініштерін қосып, баппен өріп шығыпты. Оны оқып отырып өз-өзіңнен көңілің әлденеге алағызып, көкірек тұсың ашып, қамыға мұңданып налисың. Сол бір кесірлі де кесапатты кезеңде кеткен еселеріңді ойлап, еріксіз «әттеген-ай» дейсің...
Қазақта басыңды шайқатып, бармағыңды шайнататын «әттеген-айлар» тым көп қой. Ол «әттеген-айлардың» бірі, орыны ерек тұлға, заманымыздың ірі заңгері Салық Зиманов туралы оқығанда алдыңнан тағы шыға келеді.
Қали «Мені ең алдымен қызықтырғаны – ұлы адамның тірі бейнесі. Дананың дидары. Неткен биік адам. Әр қимылы, қозғалысы тектілікке тұнып тұр» деп алады да, оның шын мәніндегі азаматтық болмысының тұтастығын, ерен өрлігін көрсететін нақты мағлұматқа қарай бет бұрады. Қали ол кісінің Желтоқсан көтерілісі кезінде, қалың жұртшылық көп біле бермейтін Соломенцов пен Колбиннің алдында сөйлеген сөзін түгелдей келтіріпті. Мұнысы оңды болған. Жұртшылық біле жүрсін деген ниет қой.
Салық Зиманов сол жиналыста қазақ халқының көрген зорлық-зомбылығы мен тәшпішін тізбектеп айта келіп: «Мысалы, 1987 жылдың бас кезінде Алматы қаласында 372 мектеп жасына дейінгі балалар мекемесі болған еді. Соның небәрі алтауында ғана қазақ тілінде балалар тәрбиеленді», – деп тіке тартады да, «осы жерде бұл мәселенің о баста қойылу тарихына қайта оралу қажет. Алматыда ата-аналардың қазақ балалар бақшаларын ашу туралы табандарынан тозып, талай мекемелер есігін ашқан «азапты сапарлары» сонау 60-жылдары басталған еді» – деп, көтерілістің шыққан себеп-салдарын тым әріден, яғни әлеуметтік теңсіздіктен іздестіріп, ашына сөйлеуі қазірдің өзінде оқыған жұрттың зығырданын қайнатары сөзсіз. Қазақ біткеннің бәріне жауар бұлттай түйіліп қарап, сыртына түгі шығып, түтігіп тұрған ол заманда осылай сөйлеу оңай болып па?! Тиісерге қара таппай отырған соломенцевтер «іздегеніміз сен едің» деп, шап беріп ұстап, бордай үгіп, жүндей түтіп жіберуі мүмкін ғой. Оны Салық ағамыз білмеді дейсің бе? Білген. Бірақ ұлтының кеткен есесі үшін, тағы бір «әттеген-айы» үшін басын бәйгеге тігіп тұрып айтқан. Сондықтан да Қалидың «Мұндайда тәңірдің берген дарыны өз алдына, кісіге керегі жүрек қой. Егер терең бағамдасаңыз, осы бір баяндамаға бергісіз бекзат баянның әр жолын жүрегіңіз қан жыламай оқу мүмкін бе? Жылдар бойы бесігінде тұншыққан ұлт мұратын, бір халықтың арманын жалғанның жарығына шығарып, жарқылдап сөйлеу үшін де қаншалықты төзім, табандылық керек десеңізші» деген сөздеріне имандай ұйып иланасыз.
Салық Зимановтың кісілік келбетін, адамгершілік дидарын, ұстаздық ажарын ашатын шағын-шағын детальдар да оқырман қауымның оған деген ықылас-ылтипаты мен құрметін арттыра түседі.
Мені әсіресе Қали Сәрсенбайдың күні кеше ғана арамызда жүрген, киіктің асығындай қалпымен-ақ тау қопарып, тас жарған, аса мол асыл қазына қалдырған Қадыр Мырза Әли туралы тебіреністері қатты толқытты. Өйткені ол кісіні біз де бірқыдыру біліп қалдық қой. Кездескен кезде құшақ жая қауыштық, емен-жарқын әңгіме-дүкен құрдық, алыс-алыс жолдарда сапарлас, дәмдес, табақтас болдық. Ол кісінің кілең бір ондыққа тигізетін мірдің оғындай сөздері қандай еді?! Небір дөкей-дәулеріңізді қозының құмалағындай ғана бір сөзбен тоңқалаң асырып жүре беруші еді. Әсіресе маған ол кісінің бойындағы туабітті демократиясы қатты ұнайтын. Асқақтамайтын. Астам сөз айтпайтын. Өңмендемейтін. Өрекпімейтін. Кім-кіммен де мынау кіші екен, мынау кісі екен деп жатпастан, сөзбен қағысып, сөзбен қауышып жүре беретін. Бүгінде енді сағынасың...
Әдетте, жұрт онша көп біле бермейтін адамды жазғаннан гөрі, жұрттың бәрі жақсы білетін адам туралы жазу әлдеқайда қиын. Өйткені жұрттың бәрі жақсы білетін адам туралы жазғаныңда шамалы бір ақау, болар-болмас ауытқу, сәл ғана бір ағаттық кетсе, онда бүкіл еңбегіңнің зая кеткені. Білетін жұрт ондайды кешірмейді. Кешірмегені былай тұрсын, «қой, пәлекет» деп жазғаныңды ысырып қоя салуы мүмкін.
Ал Қалидың толғанысынан ондай мүлт кеткен жерлерді көрмедік. Қайта жұрт білетін оның мінезі мен болмысын одан сайын сендіре тереңдетіп, одан сайын ұлғайта, қомақтандыра сомдапты... Әйтеуір, жайраңдап күліп, жарқылдап жүретін, қашан көрсең де қасыңда көп аялдамай, тағы бір жұмысқа асығыс кетіп бара жататын, ширақ та шымыр Қадыр ағамызбен қайта қауышқандай болдық.
Қадыр ағамыздың, бәріміз жақсы білеміз, ең басты қасиеті – еңбекқорлығы мен уақытты бағалай білетіндігі ғой. Қали оның сол қастерлі қасиетін ашатын мына бір детальды келтіре кетеді. «Уақыттың қадірін білу» дегеннен шығады, жасы бізбен қатар белгілі бір әріптес: «Бірде ағамен сұхбат алуға келісіп, бір-екі сағатқа кешігіп бардым. Сонда аға: «Айналайын, сұхбатыңа рақмет, әрине, сен жассың ғой, ең алдымен біреудің уақытын бағалай білуді үйренуің керек» дегенде, кірерге тесік таппадым», – деп еді. Міне, осыдан-ақ оның бүкіл болмыс-бітімі көрініп тұрған жоқ па?! Біз білетін Қадыр Мырза Әлидің тап өзі ғой.
Шіркін-ай, жұрттың бәрі Қадыр ағамыздай уақытты бағалап, сол уақытын дәл сол кісідей еңбекке, пайдалы іске жұмсаса ғой, онда мына қазақ жері баяғыда-ақ жұмақ боп кетер еді-ау...
Сондықтан да Қали Қадыр ағасының «Осы жұрт қазаққа қандай ескерткіш қою керек екенін білмейді. Қазақтың асқазанына ескерткіш қою керек» деген ұтқыр сөзін келтіреді де: «Әзіл көрінгенімен, астары терең ғой, ал енді Қадырдың өзіне қандай ескерткіш қоюға болар еді? Әйтеуір, бір ертелі-кеш бір ескерткіш тұрғызылатынына сенемін. Меніңше, сол ескерткішке «Уақыт» деп жазып, ағаның жастық үстінде жатқан блокноты мен қарындашын салса, жетіп жатыр ғой деп ойлаймын», – деп қайырыпты.
Әрине, бүкіл күш-қайратын, бар уақытын тек шығармашылыққа арнаған Қадыр ағамыздың, айта берсек, басқа да толып жатқан қырлары бар. Бірақ сол қырларының бәрінің тамыр салған топырағы – еңбекқорлық пен уақытты қадірлей білуінде. Әлбетте, алдымен – Құдай берген талант. Бірақ талантты уақытқа жегіп қойып жұмыс істетпесең, оны оңды-солды шашып, рәсуа етсең, онда бәрі бекер. Барыңнан да, базарыңнан да айырыласың. Қали Сәрсенбай Қадыр Мырза Әлидің осы қасиетін ашып, көрсете біліпті. Зор тағылым. Үлкен үлгі мен өнеге!
Жан-жағымызға бажайлап қарасақ, уақыттың қадіріне жеткен жан тек Қадыр аға ғана емес екен. Оған да Құдайға шүкір. Оның қатарында, сөз жоқ, бүкіл қазақ жұртшылығы ең бір рухани жақын туысындай көретін, есімін қай кезде де ілтипат-ықыласпен атайтын, қадірлеп-құрметтейтін Герольд Бельгер де бар.
Гер-ағаң – жазғандарынан ұққанымыздай, әр күні мен сағатын ең бір асыл қазына-байлығындай көретін жан. Ол кісі өзінің сол әр күні мен әр сағатын, біздің түсінігімізше, құр жібермей, қақтап сауып алатын сияқты. Сонан кейін ол өнімдер біздің рухани игілігіміздің айдынына толассыз құйылып жатады. Ішіп, мейір қандырасың...
Оның заман мен уақыттың тыныс-тіршілігін тамыршыдай дөп басып айтатын, іші тұнып тұрған ілім мен білімге, дәйек пен дәлелге, фактілер мен мысалдарға, парасат пен пайымға, мысқыл мен ажуаға, күдік пен күманға, сергектік пен бәйектікке толы күнделіктерінің қалың оқырмандар үшін алар орны ерекше. Олардың бәрін мен Гер-ағаңның қазаққа деген ұлы сүйіспеншілігі мен ұлы махаббатынан туған дер едім. Ол кісінің осы қасиетіне Қали да дәл баға беріпті: «Г.Бельгердің бүгінге дейінгі әр тақырыптағы кітаптарын былай қойғанда, ол күнделіктердің өзімен-ақ тарихта қалған болар еді», – депті. Шынында да, солай.
Гер-ағаңның бүгінгі қоғамды аздырып-тоздырып бара жатқан дүмшелік пен дүмбілездікке, жәдігөйлік пен жалбақайлыққа, бос мақтан мен марапатшылдыққа, тұтас елдің бойы мен ойын қатар меңдеп алған салғырттық пен немқұрайдылыққа, ештеңе көргісі келмейтін көрмедік соқырлық пен ештеңе естігісі келмейтін тас керең тосаңдыққа, қайырымы мен мейірімі жоқ астамкөкіректікке, имансыздық пен ынсапсыздыққа қарсы жазылған ашутастай ащы ойлары мен кекіредей кермек ой-пікірлерін қадірлі бір бұйымындай қаттап, мұқият құнттап жинап жүретін, оларды келген-кеткен адамдарға зор ықыласпен оқып беретін жандарды, мен өз басым көп кездестірдім. Осыдан-ақ Гер-ағаның қазақ үшін кім екенін біле беріңіз. Яғни Гер-аға қазақты қалай сүйсе, қазақ та Гер-ағаны солай сүйеді. Қали Сәрсенбайдың жазуында да сол сүйіспеншіліктің ыстық табы жатыр.
Қали Сәрсенбайдың бұл кітабын түгел қамтып сөйлейміз десек, онда біз тым ұзаққа кетіп қалатын түріміз бар. Оның үстіне, бұл кітап туралы айтқаннан гөрі, оны оқыған жөн. Біздің ойымызша, сол әлдеқайда тиімді, әлдеқайда пайдалы болмақ.
«Тұлға-тағдырдың» тағы бір ерекшелігі – оның кейіпкерлерінің әр салада жұмыс істеген немесе жұмыс істеп жүрген кейіпкерлер екендігі. Біреуі – суретші, біреуі – ақын, біреуі – ғалым, біреуі – актер, енді біреуі – әнші... Бір таңғалғаным, Қали солардың бәрімен таныс-біліс... Тағы да солардың бәрінің бойынан ең керегін ала білген де, іштей қорыту-сұрыптаудан өткізіп, оқырман қауымға сыйға тартқан...
Қалидың шемен боп қатқан шеріңді қозғап кететін «Шешемді шығарып салған «Құстар» әні немесе нұрдан жаралған Нұрғиса» туралы тебіренісін, бүгінгі таңдағы сахнадағы әрі абызға, әрі аңызға айналып кеткен Сәбит Оразбаев туралы «Тазалық туралы» толғанысын, музыка өнерінің әрі білгірі, әрі дүлдүлі Илья Жақанов туралы «Даниярдың әнін», беделі зор, бедері мол, берері әлі де көп Иманғали Тасмағамбетов туралы «Уызында жарыған ұлын», кескіндеме өнеріне құбылыс болып келген Салахетдин Айтбаев туралы «Қалыпқа сыймаған Қалжанын», рухани әлеміміздегі орны бөлек Ақселеу Сейдімбеков туралы «Қайран Ахаңын», «ол сахнаға шыға келгенде бір шетте жұлдыз жанғандай болатын» деп басталып, ішкі дүниеңді аласапыран күйге түсіретін «Сембинді сағынғандағысын», күншілдіктің құрбаны боп кете жаздаған Тынышбай Рахимов туралы «Боз орамалын», ірі мінезді Мереке Құлкенов туралы «Бүтін бітімін», қаламы қуатты, ойы суатты Нұртөре Жүсіп туралы толғамын және басқаларын оқып отырып, оның білгірлігіне, кең тыныстылығына шешен тілі мен шеберлігіне тәнті боласың. Ол эсселердің қай-қайсысы да, оқыған сайын сенің етіңе еніп, сүйегіңе сіңіп, бойыңды да, ойыңды да баурап алады. Үлкен бір тағдырлы толғаулар оқығандай боласың. Жан толқытар толғаулар.
Сондай-ақ кітаптың екінші бөлімін құрайтын сұхбаттар да тартымды. Даңқты ағамыз Асанәлі Әшімов бастап әңгіме ағытқан ол сұхбаттардан алар тағылым мен тәлім аз емес.
Темірхан МЕДЕТБЕК, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты