Тоқтарбай Мақатаев: Мұқағалида мейірім мол еді...
Мұқағали Мақатаевтың туған інісі Тоқтарбай Сүлейменұлы Мақатаевқа жолығып, бауыры, әйгілі ақын – Мұқаң туралы аз-кем әңгіме өрбіткен едік.
Осы күні радиодан немесе теледидардан Мұқағали ағамның дауысы саңқылдай естілгенде бауырым тіріліп кеткендей, ол өлмегендей, ерекше әсерде боламын. Осыған да жеткізген Аллаға шүкіршілігімді айтамын ылғи. Сонда да өлген адам қайдан тіріле қойсын?!.. Бердібек Соқпақбаев aғамыз айтқандай, өлгендер қайтып келмейді ғой.
Мұқаш ағамның балалық кезеңі Ұлы Отан соғысының отты жылдарында өтті. Сол жылдары ол онға енді толса, мен ол кезде төрт жастамын. Әкеміз Сүлейменнің майданға қашан, қалай аттанғанын, сол кездегі ауылдың жағдайын, шынымды айтсам, мен анық білмеймін де. Ес кіре келе аңғарғаным: әкеміз соғыста шаһит болыпты, шешеміз Нағиман қиындыққа қыңбайтын, көнбіс, еңбекқор адам еді. Мұқағали ағам:
– Менің шешем – Тиын апам. Сен – жеңгемсің ғой, – деп анамызға еркелеп, қалжыңын айтып отыратыны есімде.
Ағам тұңғышы болған соң, әжесінің тәрбиесінде өскен ғой. Одан кейін Қалимахан деген әкпем үш жасында, одан кейінгі Қалибек деген ағам екі жасында шетінеп кеткен соң 1937 жылы дүниеге мен келіппін де, сосын 1939 жылы інім Көрпеш туыпты. Тағдыр ғой... Солардың бәрі о дүниелік болып кетті де, жарымжан болсам да Сүлейменнің кіндігінен жалғыз мен қалып отырмын. Қанша өміpiм қалғанын қайдан білейін. 14 жасымда Шибұт деген жердегі Жанұзақ сайында ауыл балаларымен бірге отын дайындап жүргенде қолымды қарағай жаншып қап, бip қолдан айырылдым.
1974 жылға дейін Қарасазда күзетші болдым. Сол жылдары ауруы асқынып, өзі де қиналып жүрсе де Мұқағали ағам:
– Не де болса көрерміз. Тәуекел етіп көш Алматыға. Төңірегімде жүрші, – деп көшіріп алды. Бірнеше ай опера театрының артындағы пәтерінде бірге тұрдық. Ол кici де – балалы-шағалы. Бip мектептен күзетшілік жұмыс тауып алдым да, пәтер жалдап, шешем және отбасыммен өзімізше күн кештік. Әкем Сүлейменнің Ұлы Отан соғысында қаза тапқанына байланысты және майдангердің мүгедек баласы ретінде маған Алматыдан eкі бөлмелі пәтер тиіп, шешеміз Нағиман және менің отбасым бip мәре-сәре болдық. Оған да қаузап, арызын жазып, табанынан таусылып жүгірген жеңгем Лашын мен Мұқағали ағам болды, әрине.
Бұл күнде бүкіл қазақ халқы ақындығын соншалықты жоғары бағалап отырған бауырым бар-жоғы 45 жыл өмір сүрді. Өз күшімен екі рет жоғары оқу орнына түсті. 1948 жылы мен 11 жастамын. Ұмытпасам, сол жылы ол ҚазҰУ-дің филология факультетіне оқуға түсіпті. Артынан келер көмек болмаған соң және шешеміз бен Көрпеш екеуміздің жайымызды ойлап оқуын тастап, ауылға қайтып келді. Шибұт деген жерде ауылдық кеңесте хатшы болды. Өзі сауатты болмаса, ол кезде еш сүйеуі жоқ Мұқағалиды кім жұмысқа ала қояды?
Ауылдық кеңесте қызметте жүргенде көркемөнерпаздар үйірмесінің жұмысын жандандырып, шағын концерттер, кішігірім спектакльдер қоюға атсалысатын. Сөйтіп жүріп өмірлік жары Лашын жеңгемізбен үйленіп, жас отау болды.
... Бала кезім. 1949 жылы ғой деймін. Бір күні аудандық «Советтік шекара» газетіне ағамның «Қырман басында», «Қойшы бала – Әкітай» деген екі өлеңі шықты. Сондағы қуанғаны әлі есімде. Нағиман шешеміз де, бүкіл ауылдағы туыстарымыз да арқа-жарқа болды-ау бір. Мұқаш ағамның жазу-сызудағы алғаш рет тасқа басылған дүниесі сол екі өлең шығар деп ойлаймын.
Ақын ағам екінші мәрте Алматыға тағы да ат басын бұрып, Шет тілдері институтының неміс тілі факультетіне өз күшімен түсті. Оқуын жарымдап қалғанда сол баяғы отбасының жағдайымен амалсыздан институттан қол үзіп, ауылға оралды.
Арнайы оқу орнын бітірмесе де өзінің алғырлығы, сауаттылығының арқасында Қарасаздағы сегіз жылдық мектепте орыс тілінен сабақ берді. Бұл шамамен, 1954 жылдар ғой деймін. Осы жылы Алматыда шығатын «Әдебиет және искусство» деген журналда ағамның үш өлеңі жарық көрді. Әлгінде айтқан екі өлеңі 1949 жылы аудандық газетте шықса, мына дүниелері бүкіл Қазақстанға тарайтын әдеби басылымға шығып, есімі алғаш рет күллі қазаққа танымал болатынын айтып мектепте ұстазы болған Жалғас Келдібекова әпкеміз бен ақын бауыры Еркін Ібітанов ағамның қуанышына ортақтасып, шын қуанғаны да әлі есімде. Мен болсам денсаулығыма байланысты көп оқу оқымаған адаммын.
Ағам қуатты ақын ғана емес, көркемсөзді нәшіне келтіре оқудың да шебері еді. Дауысы да зор болатын. Қазір радиодан, теледидардан өзі оқыған өлеңдері жиі беріліп жүр ғой. Мұрағатта сақталып қалған – өз даусы. Айтпақшы, ол 1957 жылдары осы Қазақ радиосында диктор болып та қызмет атқарған. Атақты Әнуарбек Байжанбаев, Марат Тоғатаев секілді ағаларымызбен етене жақын жүрген дейді жұрт. Ол кісілердің дауысын естігенім болмаса, өзін көрген емеспін. Атақты диктор Әнуар ағамыз шешеміз Нағиманға арнайы келіп, амандасқан кезі болған. Әнуар аға шешемізге:
– Нағиман апа, сенің мына Мұқағалиың менен де мықты диктор болайын деп тұр. Таудың баласы ғой, дауысы ерекше таза. Қазақ сөзінің қадірін біледі, – деп мақтайды екен.
Несін айтайын, Мұқаш ағам қысқа ғұмырында оттай жанып, басын тауға да, тасқа да ұрып, өзін-өзі сүйреп, тек алға ұмтылып өмір сүрді. Бәріміз де пендеміз ғой. Мүмкін, кемшіліктері де болған шығар... Ол еліне, болашағына, бүгінгі ұрпағына ерекше сеніп өтіп еді. Міне, сол сенімі ақталды. Тәубе деймін. 80 жылдық мерейтойы бүкіл Қазақстан бойынша аталып, небір тамаша шаралар ұйымдастырылды. Халқыма, ел тізгінін ұстаған бауырларыма алғыстан басқа айтарым жоқ. Ұлы ақынның рухы қолдасын бәрін. Кітаптары, ақын ағам туралы естеліктер, тіпті суретті күнтізбе де шықты. Осының бәрі елдің талантқа деген тағзымы ғой деп ойлаймын.
Аллаға шүкір, деп айтайын, артында өркенді ұрпағы – ұл-қыздары, келіні мен немерелері бар. Баласы Жұлдыз қалалық прокуратурада қызмет істейді. Айбары, Алмагүл мен Шолпаны да – Алматыда. Ағам тірі болса, шөбере де көріп қалар еді, амал не? Жаратқан ием осы балаларымның жолын ашып, жақсылығын молынан берсе екен, – деймін.