Төреғали ТӘШЕНОВ: Менен жақсы журналист шықса, ол жақсы оқырман болғандығымнан шығар...

Төреғали ТӘШЕНОВ: Менен жақсы журналист шықса, ол жақсы оқырман болғандығымнан шығар...

Қазақстан Республика­сының Мәдениет қайрат­кері, Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшесі Төреғали Тәшеннің есімі елге кеңінен танымал. Қаламы ұшқыр журналист, сондай-ақ азулы ақын ретінде де. 1962 жылдың ақпан айында туылған, биыл ердің жасы – 50-ге толып отырған ақынның 24 ақпан күні Қазақстан Жазушылар одағында «Жауратқан – жапырақтың көлеңкесі» атты шығармашылық кеші өтеді. Осыған орай біз Төреғали Әліпұлын әңгімеге тартқан едік.

– Сіз жайлы, сіздің журналистік қырыңыз жайлы әріптес, қаламдаста­рыңыз «көптің көзі шала бермес, көп назары ауа бермес мәселелер мен тыл­сым дүниелердің сырын ашып, жіліктеп шағып жазатын журналист» деп айтады. Аға, шынында, сіз тылсым тақы­рыпты іздеп жүріп жазасыз ба, әлде тылсымның өзі сіздің қаламыңыз­ға үйірсек пе?
– Мен журналистикаға кенже келген адаммын. Негізі, өзім филологпын, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет істедім талай жыл. Ал енді ел «түрлі қызық тақырыптарды тауып жазады» дейтін баға беріп жатса, оның ең бірінші құ­пия­сы менің жақсы оқырман болған­ды­ғым­нан деп топшылаймын өзім. Кішкента­йым­нан әкем «Жұлдыз» журналынан бас­тап, орталық, яғни осы Алматыдан шық­қан бүкіл газет-журналды жаздырып ала­тын. Қойшыларға дейін бас­па­сөзге жаздырушы еді ғой. Соның арқа­сын­да қойнауда жатқан қойшының баласы, мына біз кітап пен газет-журнал кеміріп өс­тік. Оқи-оқи, тіпті кейбір мақалаларға неге мынадай жағын жазбады екен деп көңі­ліміз толмай отыратын. Сондықтан ег­ер ме­нен жақсы журналист шыққан болса, ол жақ­сы оқырман болғандығымнан шы­ғар.
– Осы тұста аз-кем балалық шаққа ойыссақ, қайда туылдыңыз, қандай ортада өстіңіз дегендей...
– Оңтүстік Қазақстан облысындағы Со­зақ ауданының орталығы – Шолаққор­ған­ға қарасты «Қарабұлақ» деп аталатын ауыл­да туып-өстім. Қаратаудың бауырында орналасқан аядай ауыл. Әке-шешем он бала тәрбиелеп өсірген қарапайым кісілер болды. Өлеңді 13 жасымнан бастап жаза бас­тадым. 1975 жылдың қаңтарынан бастап бір айдың ішінде бір дәптерді өлеңге тол­тырып тастадым. Сиыр туралы жазсам, қа­сына сиырдың суретін, бүркіт туралы жазсам, қасына бүркіттің суретін салып қоя­мын. «Томаға» деген сөзді сен қайдан білесің?» – деп таңырқайды өлеңдерімді оқы­ған әкем. Оның бәрін маған, әрине, кітап үйретті. Ең қызығы, осы ең алғаш өлең жазып бастаған дәптерім сол қалпын­да менде әлі күнге сақтаулы. Егер балаларға арналған кітапша шығаратын болсам, кей жерін түзетіп жіберсем, дап-дайын түрған дүние деуге де болады.
– «Ақынға қара сөзден өлең оңай» де­мекші, сіздің болмысыңыз ақын ғой, сон­дықтан кей тақырыпқа мақала жаз­ған­нан гөрі, өлең жазғыңыз келмей ме?
– Негізі, журналистер өсіп, жазушы болып жатады. Ал менің өмірім кереғар өрбі­ді, яғни ақындық жолда өсіп, өз жолымды салған кезде журналистикаға келдім. Алматыға 2001 жылы көшіп келдім. 39 жа­сым­да. Бірі кем 40 жасымда үш баламен өмір бойы арман болған Алматыға кө­шіп келу мен үшін ұлы ерлік жасағанмен бірдей еді. Бұл кезде Алатаудың етегіндегі алып шаһар бұрынғы мен аңсап келген Алматы болудан қалыпты. Әлде біз бе екен қалып қойған? Баяғы жастық кеудемен желігіп жүрудің дәурені өтіп кеткен екен. Эстафета кейінгі жастарға тиіпті. Қасым Аман­жолов­тың майданнан елге келе жатып: «Үстімде – сұр шинелім, ақсаңдай ба­сып келемін. Ұмыт­са да достарым, ұмы­тар ма мені елім?!» – деп жазған өлеңі бар. Мен де сол ер Қа­сымның кебін киіп, қата­рымның ең соңында көштен қалып қойған көңіл күйде едім. Бірақ көп ұзамай ақын­дық сүрлеуді бірге бастаған ескі достарым­ның тұрмысы көшілгері кеткенімен, шы­ғар­машылық жағы­нан пәлендей артта қа­ла қоймаға­ным­ды сезіп, көңілім орнына түс­ті. Марқұм Қай­­рат Әлім­бек мені: «Қазақ поэ­зия­сына жымиып келген ақын», – дейтін. «Жымиып келгенім рас, тек жымсиып кетпесем болғаны», – дейтінмін оған.
– Қасым ақын, Қайрат Әлім­беков­терді ауызға алып қал­дыңыз, жалпы ақындық жолда кімді өзіңізге жақын санап, қай ақынның жырынан жаны­ңызға азық іздеуші едіңіз?
– Алғаш өлең жазғанда ақын­дардың қай-қайсысы болсын, шы­ны керек, өзін ұлы санайды ғой. Бірақ солардың барлығы күндердің күнін­де нағыз ақынды оқығанда, не өлең­ді тастап кетеді, не өсуге ұм­тылады. Сол сияқты алғаш Шы­ғыс ақында­ры­на еліктеп, өзімше өлең жазып жүрген кезімде мені күрт таңғал­дырған Төлеген Айбергенов болды. 8-сыныпта оқып жүрген ке­зім, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ бере­тін ұста­зымыздың үстелінің бетінде бір кітап жатыр екен. Өзіміз оқыма­ған бейтаныс кітап көрсек, парақтағанша асыға­тын­быз, сол әдетпен әлгіні қолыма алып, қа­ра­дым. Ашып, алғашқы жыр жолдарын оқыған­нан-ақ Төлеген ақынның поэзиясы мені өзіне баурап әкетті де, бас ала алмай қал­дым әлгі кітаптан. Мұның жақсы жағы да, жаман жағы да болады екен. Жаман жағы: мен өлең жаза алмай және ұзақ уақыт сол Төлегеннің шырмауынан шыға алмай қал­дым. Қандай өлең жаз­сам да, Төлегендікіне ұқсап кете беретін сияқтанып тұрады. Бұл енді – ұлы ақын­дардың әсері. Мысалы, көп ақын Мұқаға­лидың шеңбе­рі­нен шыға алмай қалды. Әйтпесе ол кісімен тұстас, тіпті одан бұрын да жазып жүр­ген қаншама мықты ақындар болды,бірақ Мұқаң оларды жұтып қойды.
– Балқан түбегіндегі Косово Республикасында өткен Бүкіл түркі дүниесі ақындарының 9-фестиваліне Қазақ­стан атынан өзіңіз ғана қатысып, арна­йы жүлдеге ие болып қайттыңыз. Осы­ны таратып айтып беріңізші.
– Мехмет Акиф Ерсойдың құрметіне өт­кізілген бұл фестивальді ұйымдастырған – Анкарадағы Түркия Жазушылар одағы. Оған 22 елден ақындар қатысты. Чувашия, Ирак, Иран, Германия, Голландия, Қыр­ғыз­стан, Әзірбайжан, Кипр, Македония, Түркия, Гагаузия, Болгария сынды елдер­ден қатысқан ақындармен танысып, әр елдің поэзиясындағы ерекшеліктерін ба­ғам­дадық. Бұл өзі – әр екі жыл сайын өткі­зіліп тұратын фестиваль. 2009 жылы мұн­дай шара Әзірбайжан астанасы Бакуда өтіп­ті. Енді 2013 жылы Кипрде өтпек. Тү­рік­тер осы арқылы Түркия мәдениетімен, өнерімен танысып, түрік тілін үйренушілерге қолайлы жағдай туғызып отыр. Біз де осы­ған ұқсас Абай орталығын әр мемлекетте ашсақ, одан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық.
– «Айқынға» дейін «Жас қазақ үні», «Қазақстан-Заман», «Қазақ елі» секілді газеттерде тер төктіңіз. Журналистика ақындығыңызға кедергі келтірмей ме?
– Газеттің уақытымды ғана емес, өмі­рімді жұтып жатқаны рас. Бірақ, Темірхан ақын айтқандай, мені асырап келе жатқан – ақындық емес, журналистика. Соның ішінде «Айқын» газеті елге танытты. Екінші «Жауратқан – жапырақтың көлеңкесі» дей­тін жыр жинағым алғашқы кітабымнан кейін 11 жылдан соң, 2008 жылы жарыққа шықты. Бұл арада жұрт мені ақын ретінде ұмытып та кетті-ау деймін. Осы кітап жырыма қанат бітірді. «Сарғалдақ» атты жыр жинағым 2009 жылы Мәдениет және ақ­па­рат министрлігінің арнайы бағдарла­ма­сы бойынша жарық көрді. Мен үшін бәрі­нен де 2011 жыл жемісті жыл болды. Мәде­ниет министрлігінің мәдениет қайрат­ке­рі атағына ие болдым. Жақында «Сана мен саясат» атты публицистикалық кітабым жарық көрді. Осының бәрі мен үшін аз жетістік емес. Адамға қуаныш сыйлайды, ертеңге деген үмітің оянады. Сол үміт­пен, мінекей, 50 деген жасқа да келіппіз.

Бір ой
– Қазір «тілім», «халқым» дейтіндер өте көп секілді, бірақ мен олардың бәріне сене бермеймін. Неге? Себебі тіл жөнінде айтатындардың көбінің өз балалары ана тілін білмей жатады. Өмір деген күрес қой, тек әркімнің күресу тәсілі әрқалай: біреу үнсіз күреседі, біреулер айғайлап, «мені көрдіңдер ме?» дегендей, дауысын барынша зор шығаруға тырысады. Біз көбіміз сол айғайлап жүргендерді ғана ұлтшыл деп ойлап қаламыз, ал анығында...

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста