Төрт атауы бар ауылдың тағдырын кім шешеді?
Баянаула дуанының оңтүстігіндегі Қарағанды облысының Егіндібұлақ, Қарқаралы аудандарының жерлерімен шектесіп жатқан аумақ Күркелі ауылдық округі деп аталады. Ертеректе Большевик, кеңестік шаруашылық тұсында Южный аталған ауылдық округ орталығы – Қапар ауылы. Бұл жер – «Күркелінің бауыры – күнде дауыл» деп жырлаған Көтеш ақынды, аспандағы аққуға ән қосқан Жарылғапбердіні, Ілияс Жансүгіров «Құлагер» поэмасында «таутан Жақып» атаған Жақып палуанды, Алаштың ардақты ұлдары Қошке Кемеңгеров пен Жұмат Шанинді, Екібастұз көмірін ашқан кенші Қосым Пішенбаевты дүниеге әкелген ардақты мекен.
Бір қызығы, осы ауыл ел аузында қазір төрт түрлі аталып жүр: Южный, Жұмат Шанин ауылы, Күркелі, Қапар. Ауылдық округтің Күркелі атануы сол жерде Күркелі тауының болуына байланысты. Тарихи атау болғандықтан, округтің олайша аталуына ешкімнің таласы жоқ. Жұмат Шанин болса – халықтың көңілі қалағанымен, қағазда бекітілмеген атау. Ал ойдағысы орындалмаған соң, округ орталығына жапсырылған Қапар атауын қаламағандар орысша Южный дей салуға дағдыланған. Қапар деген кім, оны ешкім білмейді. Тек ауыл шетіндегі Қапаркөл деп аталатын көл жағасында Қапар атты байдың бейіті бар. Бұрын басында белгі жоқ еді, бертініректе «сол кісінің ұрпағымыз» деген біреулер зират басына құлпытас орнатып кетіпті.
Кеңшарлар тараған аумалы-төкпелі уақытта ауылдық округ – Күркелі, ал орталығы Қапар ауылы атанып кете барған. Кім атады, не себепті олай атады, ол жағы да көпшілікке беймәлім. Осы өңірдегі жер-су атауларын зерттеуге тырысқан жылдарда ел аузынан тіпті бірде-бір рет «Қапар бай сөйтіпті» деген ауызекі әңгіме де ести алмадық.
Жалпы, халқы қалаған атауынан айырылып, рухани жапа шегіп қалған ауыл жалғыз Қапар емес. Сол жылдары аудан халқы қастерлей, көтермелей айтатын Мәшһүр Жүсіп, Жаяу Мұса, Зейін Шашкин, Бұқар жырау бабаларымыздың құрметіне қойылған ауыл атаулары да ойламаған жерден «тақтарынан түсіп қалды». Мәселен, Жүсіпбек Аймауытов ауылы қазір Жуантөбе деп аталады. Бұл жайттарға қалың халық наразы. Наразы болғандықтан да, журналистерге жолыға қалса: «Әй, айналайын, ауыл атауын түзеуге неге атсалыспайсыңдар?» – деп жағаға жармасады.
Саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған қарт математик, шежіреші Қабдолла Смағұлов былай дейді:
– Бірер жыл бұрын Жұмат Шанин атын қайтарып аламыз деп көпшілік қол қойып, тиісті органдарға хат жолдадық. Бірақ республикада бір адамның атымен аталатын нысан саны үшеуден аспауы керек екен. Оңтүстік Қазақстанда Жұмат Шанин атындағы облыстық театр, тағы басқа жерлерде көше, ауыл бар деген желеумен өтінішіміз қанағаттандырылмады.
Күркелі ауылдық округінің қазіргі әкімі Ерғанат Ысқақовтан мән-жайды сұрағанымызда, ол да Қабдолла қарияның айтқанын растап, өзінен келер қайран жоғын білдірді. Заңның аты – заң, десек те, ауылдың аты жөнделмей, тұрғындар тыншыр емес. «Жұмат Шанин деп толық атамай-ақ, ең болмаса Жұмат ауылы деуге болмас па? Жұматтың кім екенін елдің бәрі біледі ғой» деген сауалмен отыр ауыл жұрты.
Айтты-айтпады, ұлттық театрымыздың негізін қалаушы тұңғыш режиссер, драматург, Алаштың арда ұлы Жұматтың жанында ешкім білмейтін Қапар кім?!
2013 жылы Күркелі ауылдық округі шаруашылық іргесі қаланғанына 50 жыл толуын атап өтпек. Осынау датадан дәл 20 жыл бұрын ауылдың кіреберісіне Жұмат Шаниннің бейнесі салынған, кешқұрым уақытта келе жатқан көліктің жарығына шағылысып жанып тұратын биік тұғыр орнатылған-ды. Жетім тұғырдың еңсесі көтеріліп, 50 жылдықта ауыл Жұмат есімімен қайта қауышып жатса, нағыз той сол болар еді-ау!
Нығмет Жәмінұлы, ауыл ақсақалы:
– Қожамберді батырдың немересі Шананың Тұрғынбайынан Жұмат, Әкіш есімді екі ер бала туады. Жұмат Шанин 1892 жылы ауылымыздағы Желтау бауырында өмірге келіп, 1938 жылы 26 ақпанда түрмеде «халық жауы» делінген жаламен атылды. Жұматтың әкесі Тұрғынбай сүйегі берік, қайратты, мінезі тура, әділ адам болған. Ол ән-күйге, домбыраға қырсыз адам екен. Есесіне, әйелі Қалия және оның төркін жұрты әнші, күйші, мейлінше өнерпаз жандар болыпты. Жұматтың бірбеткей, қайтпайтын ер мінезі қанында болса, нағашы жұртынан өнерге деген құштарлық дарыған ол өзі өлсе де (небәрі 46 жас), артында өлмес мұра қалдырған.
Төлеухан Темірханов, тарихшы, ауылдың тумасы:
– Мен Баянауыл ауданындағы барлық ауылдың тұлғаларымыздың есімдерінен жұрдай болғанына түбегейлі қарсымын. Ауылдарды ұсақ-түйек, мағынасыз атаулармен атай салғаннан не ұттық? Біле-білсек, осындай салғырттықтың салдарынан Жұматтай, Зейін Шашкиндей ардақтылардың есімдері сирек аталатын болып барады. Тұрғылықты халық та, әкімдер де бұл туралы ойланғаны жөн.
Мәулен Аханов, Павлодар облыстық ономастикалық комиссия хатшысы:
– Қазір облыстық ономастика комиссиясының қарауына Баянауыл ауданынан төрт ұсыныс түсті. Соның бірі Қызылтау ауылдық округіндегі Жуантөбе ауылын Жүсіпбек Аймауытов атындағы ауыл деп атау туралы болып отыр. Бұл – аудандық әкімдік пен жергілікті ономастикалық комиссиядан шешімін тауып, енді бізге жетіп отырған мәселе. Меніңше, Қапар ауылына Жұмат Шаниннің есімін қайтару қиынға түспес. Заң бойынша, республикамызда Жұмат Шанин атымен аталатын ауыл саны үшеуден аспауы керек. Ал білуімше, біздің елде Жұматтың атымен қайталанып аталған ауылдар көп емес. Ал Павлодар облысында тіпті жоқ десе де болады. Жалпы, ауыл халқына әбден күдер үзуге себеп жоқ. Халық жиылып, мәселені округ әкімдігінде көтеріп, біржақты шешімге келулері керек. Сосын ұсыныстарын аудандық ономастикалық комиссияға берулері керек.