Түнгі тойлар балалардың табыс табатын орны ма?
Біз – өнерлі халықпыз. Дүниеден өткен ойшыл ақын Қадыр Мырза-Әлінің «Өнерсіз адам болса да, өнерсіз қазақ болмайды» деп толғап кеткені тектен-тек болмаса керек. Ән айтып, би билеудің алғашқы қадамын бүлдіршіндеріміз балабақшадан бастайды. Мектепке барған соң бойындағы осындай қабілеттерін ұштай түсу мүмкіндіктері де мол. Сахнасына шығып, әуелете ән салып, күмбірлете күй төгіп, мың бұрала билеп жүрген ұл-қыздарымызды көз алдыңызға елестетіп көріңізші? Қандай жарасымды. Жеткіншектің бойындағы бұғып жатқан таланты мен қабілеті осындай жағдайда ғана толыса түспек. Дарынды бала көзін ашуға тура келетін бұлақ іспеттес емес пе?!
Әйтсе де, соңғы уақытта балалардың мектеп сахнасында емес, кешкі және түнгі тойларда өнер көрсетуі белең алып барады. Олар үйлену, қыз ұзату секілді тойлар мен мерейтойларда жүреді. Ең бір қынжыларлығы – ана сүті ауыздарынан кеппеген кішкентай балақайлар ән айтып, би билеген кезде тойда отырғандар ақша лақтырып жатады. Осындай теріс іс-әрекеттері арқылы олар бесіктен белдері шығып үлгермеген бүлдіршіндердің болашағына балта шауып жатқанын сезіне ме екен? Сонда өнерге икемі мен құлшынысы бар жас өренге қолдау көрсетудің жолы қалтасына ақша қыстыру болғаны ма?
Біз осы сауалдардың ара жігін ажырату үшін жас жеткіншектерге білім мен тәрбие беру ісінің бел ортасында жүрген бірқатар сынып жетекшілеріне, ата-аналарға, сондай-ақ өзін өзі тану, адамгершілік, рухани даму бағыттары бойынша қызмет ететін мамандарға жолығып, ой-пікір алмасқан едік. Мысалы, Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Ғұмарованың мәлімдеуінше, ұл-қыздары мен немерелерінің кешкі тойларда өнер көрсетіп, ақша табуына мүдделі ата-аналар бар көрінеді. Әдет адамға тез жұққыш келеді. Перзентінің тойдан ақша тауып келгеніне дәніккен кейбір әке-шеше кейін балаларымен бірге мейрамхана кезіп кетуді әдетке айналдырғанын байқамайды. Той иелерінің арасында қазір менің қызым билейді, өлең айтады деп тойшы қауымға хабарлама жасайтындары да кездеседі. Содан кейінгі көрініс үйреншікті дағды бойынша жалғасады. Әсіресе, еліміздің батыс өңірлеріндегі той-томалақта бүлдіршіннің белі мен қолына ақша қыстыру кең тараған дарақы әрекеттердің бірі болып тұр.
Өңірдегі бала тәрбиесімен айналысатын мамандардың айтуынша, олар тойларда қалыптасып қалған бұл әдет баланың бойындағы ақшаға құнығу секілді, қашық болуға тиіс мінездің белең алуына итермелейді. Алайда, ата-аналар педагогтардың айтқанына құлақ аса қоймайды. «Баламыз мектепке барып жүр. Сабағы жақсы. Басқасында қандай шаруаларыңыз бар», деп мойын бұра қоймайды. Екіншіден, той залында баланың көрсеткен өнері келісіп, кестеленіп тұрса жақсы. Солай болмаса да лауазымды той иесінің қошеметшілері кішкентай баланы өтірік қолпаштап, жабыла көтермелейтіні анық. Мұндай жағдайда жеткіншектің бойында өзімшілдік пен бетпақтық секілді теріс мінез қылаң бермесіне кім кепіл?
Бір сөзбен айтқанда, уыздай ұл-қыздарға той арқылы өнеге, тәлім-тәрбие беру мүмкіндігін мүлдем жоққа шығаруға бола қоймас. Өйткені, той да тәрбие ортасы екендігімен келісуге тура келеді. Әйтсе де той үстінде бүлдіршіндердің өнері саудаға салынып жатса, аталған көзқарастың құны көк тиын. Бізбен ой-пікір алмасқан ата-аналардың бірі Айболат Қожанғалиев тойлардың көп жағдайда кешке өткізілетінін, кешқұрым уақытта бастауыш сыныпта оқитын оқушылардың тойда жүруі тәлім мен тәрбие талаптарына мүлдем сәйкеспейтінін айтады.
Тойдың аты – той. Мұндайда қисынды-қисынсыз, түрлі әңгіме өрістеп жатады. Дастарқан үстінде спиртті ішімдіктер де ішілмей қалмайды. Ендеше, тойда саламатты өмір салты сақталып отыр деп қалайша айта аларсың. Сондай-ақ, той-томалақта түнімен жүріп, даңғаза шудан шаршаған оқушыға мектептен алған білімі бойына сіңе қояды деп айта алмаймыз. Керісінше, баланың ойында үй тапсырмасын орындаудан гөрі, тойда табатын ақша тұрады.
Балалардың түнгі тойларда өнер көрсетуінің педагогикалық талаптарға сәйкес келмеуі өз алдына, бұл жағдай балалардың құқын шектеу болып шығады. «Балалар құқықтарын қорғау туралы» заңның 36-бабында бүлдіршіндердің кешкі 22.00-ден таңғы 6.00-ге дейін ойын-сауық мекемелеріне заңды жетектеуші өкілдерінсіз баруына тыйым салынған. Мұндай жағдайда балалар үнемі сәбилік кезеңнен аттағандардың жанынан табылып жүр деп айтсақ, шындыққа қиянат. Тіпті, бүлдіршіндер түнгі ойын-сауық ойындарына ересектермен бірге барған күннің өзінде бұл қандай қисынға келеді? Бұдан гөрі олардың уақытында дем алғаны жөн емес пе? Осы орайда бұдан 15 жыл бұрын қабылданған заң тармақтарын өзгерту қажеттілігі де байқалып қалады, дейді Балалар құқығын қорғау бөлімінің жетекшісі Хажарбибі Ескендірова.
Әрине, бір есептен жас жеткіншектердің қаражат көздерін іздестіруге ұмтылуын құптауға да болады. Дегенмен, олардың бойында, бүгінгі мақаламызда айтылғандай, ақша табудың ең оңай жолы жартылай жалаңаштанып, тойда ән салып, би билеу деген ой басым тұратын болса, мұндай үстірт көзқарастың пайдасынан гөрі зияны және теріс әсері көп болып шығатыны аллаға да, әмбеге де аян болса керек.
Темір ҚҰСАЙЫН,