«Тұран» тағы да таңғалдырды
Көне түркінің тылсым сазын қазіргі заман музыкасымен үндестіріп, түрлендіре орындап жүрген «Тұран» фольклорлық-этнографиялық ансамблі бүгінде әлемдік сахналарда өнер көрсетіп жүр. Құрылғалы бері азғана уақыт өтсе де, ансамбльдің қас шебер орындаушылары дүйім жұртты тәнті етіп келеді. Кеше ғана Алматыдағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қорының үлкен залында орналасқан ғимаратта жаңа күйтабағының тұсауын кескен «тұрандықтар» тыңдаушыларын тағы да тәнті етті.
Талантты топтың алғашқы композициялық жинағы былтыр «Тұран» деген атпен жарыққа шыққан болатын. Бұл жолы тұсауы кесілген күйтабаққа «Ер-Тұран» деген ерекше атау берілген. Жаңа жинаққа топ мүшелерінің орындауындағы ескі сарынды қайта түлетіп, жаңаша қырынан жаңғыртқан бірқатар музыкалық туындылар енгізілген. Кезекті табыстарымен бөлісіп, өнерсүйер қауымды үлкен залға жинаған «Тұран» тобы тұсаукесер рәсімінде қатып қалған қағидаларға сүйене бермей, бітімі бөлек, айрықша концерт берді. Ұлттық музыка салтанат құрған бұл кешке халық көп жиналды. Олардың арасында қарапайым тыңдармандардан бастап, есімдері елге белгілі өнер майталмандары, қаламгерлер, ғалымдар және шетелдік қонақтар да болды. Даңғаза әуендерден әбден мезі болып, жеңілтек эстрададан шаршай бастаған жұрт «тұрандықтардың» өнерін тік тұрып тамашалап, әрбір композиция сайын аямай қол соғып жатты.
Сахна төрінен «Ер-Тұран», «Мұқағали толғауы», «Жарапазан», «Қайыстың зары», «Ортеке», «Аққу», «Аңшылық», «Елім-ай», «Шилі өзен», «Қаражорға», «Іңір» деп аталатын халық туындылары мен авторлық шығармалардың әрқайсысы да тек «тұрандықтарға» ғана тән мәнермен шебер орындалды. Осылайша, «Тұранды» түрлендіріп жүрген Мақсат Медеубек, Бауыржан Бекмұханбетов, Серік Нұрмолдаев, Абзал Арықбаев, Хорлан Кәртенбаева сынды жас таланттар қандай да бір сый-қошемет пен атақ-абыройға лайық екендіктерін қайыра бір дәлелдей түсті.
Тұсаукесер концерт барысында орындалған «Жарапазан» композициясы театрландырылған көріністермен толықтырылып, концерттік зал ішінде шын мәнінде той басталып кеткендей әсер туғызды. Бір жарым сағатқа созылған әсерлі кештен соң көрермендерге сыйлық ретінде «Ер-Тұран» атты жаңа күйтабақ үлестірілді. Еуропа мен АҚШ-тың беделді сахналарында өнер көрсетіп, талғампаз көрерменнің таңдайын қақтырып жүрген топ өз мүмкіндіктерін осымен шектеп қалмақ емес. Ұлттық консерватория ректоры, әйгілі музыкант Жәния Әубәкірованың қамқорлығымен үлкен өнерге жаңа қадам басып келе жатқан топтың осы уақытқа дейін жеткен жетістіктері мен қол жеткізген марапаттары – өз алдына бір төбе. Жақында ансамбль ҚР Тұңғыш Президенті қорының арнайы грантын жеңіп алған болатын. Уақыт өткен сайын жас таланттар өз репертуарларын байытып, тынымсыз шығармашылық ізденіске ден қойып келеді.
Осы қалыптан танбаса, «Тұранның» әлі талай шыңды бағындырып, ұлттық өнердің мерейін үстем етері сөзсіз.
Леонард ХИЛЛ, АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулдығының мәдениет, баспасөз және ақпарат жөніндегі кеңесшісі:
– «Тұран» тобының туындылары кісіге рух береді және өткен тарихтан терең сыр шертеді. Өнер ұжымы Қазақстанның көне тарихын музыка құдіреті арқылы баяндауды шебер меңгерген екен. Бұл жерде дүниеге келмесем де, «Тұранның» туындыларын тыңдау арқылы өзімнің Қазақстанға жақындай түскенімді сезіндім. Ансамбльдегі бес өнерпаз бірін-бірі толықтырып тұр. Олардың репертуарындағы музыкалық композициялар синкретті өнерге құрылғанын байқадым. Ол – поэзия, қарасөз, көмеймен қайлау, дәстүрлі ән мен бидің және табиғи дыбыстардың бір арнада тоғысуы сынды бірнеше жанрдың жиынтығы. «Тұрандықтардың» аспаптарының жиынтығы сазсырнай, шаңқобыз, домбыра, қылқобыз, күнтаяқ, жетіген секілді қазақтың көне аспаптарынан тұрады. Олардың арасында заманауи аспаптар мүлде жоқ. Мұның өзі топтың өзіндік ерекшелігін айқын аңғартады.
Асанәлі ӘШІМОВ, Халық әртісі:
– Қазіргідей ұлтымыздың тарихи жадын жаңғыртатын, рухани, этнографиялық дүниелердің жарыққа шығуы сиреп кеткен тұста «Тұран» сынды тамаша топтың үлкен сахналардан көрінуі көңілімізді өсіріп отыр. Бүгінгі концерт баршамызға халқымыздың өткенін елестетіп, ұмытыла бастаған әуендер мен халық әндерін ойымызға оралтты. Қазақтың музыкалық мұрасы өте терең. Тек соны түсініп, жеткізе білу керек. Топтағы бес жігітті нағыз қазақы өнер дарыған дарын иелері дер едім. Араларында бір қыз бар екен, меніңше, ол да – жігіт. «Жігіт» деген сөз қайсарлықтың, батырлықтың, жауапкершіліктің синонимі емес пе?! Қазақта әрі сұлу, әрі батыр қыздарымыз аз емес. Сондықтан да елге ерге лайық қызмет етіп жүрген ансамбль өздерінің бұл жолғы жинағын «Ер-Тұран» деп тегін атамаса керек. Жас таланттарға шығармашылық шабыт пен талмас жігер тілеймін. Алла алдыларынан жарылқасын!
Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА, композитор, Қазақ ұлттық консерваториясының проректоры:
– «Тұран» өзінің негізін ұлттық консерватория жанынан қалағандықтан, біздің оқу орнымыз осы топқа үнемі қамқорлық жасап келеді. Аз уақыттың ішінде топ мүшелері бірқатар шет мемлекетте өткен байқауларға қатысып, олжалы оралды. Сырттан әлі де ұсыныстар, арнайы шақыртулар түсіп жатыр. «Тұран» фольклорлық-этнографиялық ансамблі – бүгінгі рухани-мәдени өміріміздегі этномузыка саласын игеріп келе жатқан ең жас топтардың бірі де, бірегейі.
Ішкі рухани дүниелері бай, талантты жастардан құралған бұл топ біреудің тапсырысымен немесе белгілі бір ресми қағаздарға сүйеніп жасақталған болса, онда оның келешегіне күмәнмен қарауға болар еді. Алайда «Тұранның» тірегі саналатын бес бірдей өнерпаз үлкен өнерге өз жүрек қалауымен келген. Әрқайсысы бірнеше аспапта ойнайды. Олардың жаны поэзияға жақын, бидің неше түрін меңгерген, ән де айта алады. Жалпы, талантты еңбекпен ұштастырып жүрген топтың шығармашылық қуаты мол. Енді осы бағытты одан әрі дамыта түсу керек.