Түрік қағанатынан бүгінге дейін
Астанада белгілі түркітанушы ғалым Бейсембай Кенжебайұлының «Түрік қағанатынан бүгінгі күнге дейін...» деп аталатын бес томдық шығармалар жинағының алғашқы томы жарыққа шықты. 20 баспа табақ көлемінде қалың кітап болып шыққан еңбек әзірге 2000 данамен ғана тарап отыр.
Қазақ әдебиеті тарихын «Орхон-Енисей руна жазуларынан» таратып, қазақ әдебиеті тарихының түркі халықтарына ортақ дәуірлері мен өзіне ғана тән даму белестерін кезең-кезең бойынша жүйелі талдайтын еңбектерден құралған бұл кітаптың тілі – құнарлы, айтары – айқын. Бірінші жинақта ғалымның «Ерте дәуірлердегі әдебиет нұсқалары», «Қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеу», «Дивани Лұғат-ат Түрік», «Қисса-сұл Әнбия», «Кодекс Куманикус», «Мұхаббатнама» атты ғылыми мақалалары қамтылған. Сондай-ақ «Қазақ хандығы тұсындағы әдебиет», «Қазақ өлеңінің құрылысы», «ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті», «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» және басқа да мақалалары енген. Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов, Ақмолла ақын, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мұхаметжан Сералин, Әсет Найманбаев, Бернияз Күлеев, Мақыш Қалтаев, Әкірам Ғалымов туралы зерттеу еңбегі жарияланып отыр. Аталған еңбектің редакциялық алқа құрамына У.Қалижан, М.Жолдасбеков, Ә.Кекілбай, Т.Кәкішұлы, Н.Келімбетов(марқұм), Қ.Ергөбек сынды ғалым-жазушылар енген.