Туризмді түлете алсақ…
Туризм феноменін зерттей отырып, мына сұрақты қоймасқа амалың жоқ. Жалпы, адамдар не үшін саяхаттайды? Саяхатқа не бастайды? Әрине, жол. Көне заманғы философтар өз шығармаларында «жол» сөзін үлкен әріптермен жазып қалдырған, мағынасы да биік, яғни адамның жаңа жол таңдауы, шындық пен мейірімділікке бастаулары. Бұл жолда адамдар жалғыз болмайды. Серіктестері, сапарластары да бар. Демек, бұл – заманның сәні ғана емес, адам болмысының табиғи сұранысы, рухани қажеттілігі.
Туризм мәселелерімен әлемнің 70-тен астам ұйымы айналысады. Экономика және туризм саласын зерттейтін зерттеу орталығы мен осы саланың мамандарын даярлайтын жүйе құрылған. Мысалы, Швейцарияда (Санкт-Галлен қаласы) туризм индустриясының мәселелерімен Экономика, құқық және әлеуметтік ғылымдар бойынша жоғары мектеп жанындағы туризм және көлік институты айналысады. Берн университетінде бос уақыт және туризм мәселелері бойынша зерттеу институты жұмыс істейді. Германияда бұл проблемалармен еуропалық туризм институты айналысады. Тағы бір институт Штарнбергте орналасқан. Туризм – нарықтық сұраныс пен талғамға сай келуге тиісті өнімдердің бірі.
Біздің елімізде 1994 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің халықаралық қатынастар факультеті халықаралық туризм мамандығы бойынша осы саланың мамандарын алғашқылардың бірі болып даярлай бастады. Оның негізін қалаушылар – экономика ғылымының докторы, профессор Меңдеш Есқалиев, экономикалық география және туризм географиясы саласының ірі ғалымы Станислав Ердавлетов, филология ғылымының кандидаты Гүлзамира Үсенбаевалар. Факультетте әр кезеңде халықаралық дәрежедегі профессорлар Алекс Фердинанд Шутен, Фелипе Морено (Испания), Джак Мария Вильрокс, Эдди ванн Диик, Ливин Болларт, Антон Якобус, Эрик ванн Вебер (Бельгия), Ахмет Акташ (Турция) және Хуман Сананджади Алиреза, Эгахи Абише Адеджор қазақстандық студенттерге халықаралық туризм бойынша дәріс берді. Бұған дейін Халықаралық еуропалық қауымдастықтың Темпус-Тасис KazTour-10028-95 бағдарламасы арқасында университеттің оқытушылары мен студенттері кәсіби даярлықтан өткен болатын. Факультеттегі ғылыми-зерттеу жұмыстары – туризм индустриясы, басымдықтары, проблемалары мен даму көкжиектеріне ерекше назар аударған. Ал әлемдік туризм бағыттарының келешегі де студенттердің зерттеу нысанына айналған. Туризм индустриясының білікті мамандарын осылайша кәсібіне баулиды.
Бірнеше күрделі құрылымды біріктіріп отырған туризм бизнесі – көптеген елде кең дамып келе жатқан сала. Маман пікірлеріне ден қойсақ, халықаралық туризм көлік жасау және мұнай өндіру саласынан кейінгі үшінші орынды иемденеді екен.
Туризм біздің елімізде де даму сатыларына аяқ басып келеді. Туризм экономикасының көп сипаты, шаруашылық қатынастары осы саланың мамандарынан кәсіби шеберлікті талап етеді. Республикамыздың жоғары білім ордаларында оқып жатқан жастарымыз осы саланы жандандыратынына сеніміміз мол. Бұл ретте мемлекетіміздің осы саланы дамытуға қатысты бірқатар тиімді жобаларды жүзеге асыра бастағаны әсіресе жас мамандарды қуаттандыратыны сөзсіз.
Бағыт
Туризм индустриясын Еуропа ғалымдары екіге бөліп қарайды: туристік индустрия және туристік қонақжайлық. Алғашқысына туроператорлар, агенттіктер, көлік, экскурсиялық, танымдық ұйымдар енеді, ал екіншісінде қызмет көрсету, туристерді орналастыру, тамақтандыру қарастырылады. Бір-бірінен ажыратуға болмайтын осы екі бағытты қатар дамытқанда ғана туризмге жан бітіруге болады.
Әмина УАЙСОВА, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің оқытушысы