Түркі ақындары Бішкекте табысты
Жуырда көршілес Қырғыз елінде түркі дүниесі ақындарының «Шиір Шөлені» атты жыр мерекесі өтті. Үш күнге жоспарланған шараға Қазақстан тарапынан Дәулетбек Байтұрсынұлы, Тельман Нұрахунов, Құл –Керім Елемес, Танакөз Ілиясова сынды белгілі ақындар қатысып, қазақ өлеңінің мәртебесін асқақтатып қайтты.
Анкарадағы Түркия Жазушылар одағының ұйытқы болуымен өткізілетін бұл шара екі жылда бір рет Түркі халықтары қонысталған өлкелерде жалғасып отырады. Әлемнің Бұрса, Алматы, Ашхабат, Гирне, Страсбург, Ақмешіт, Үскүр, Баку, Призрен қалаларында жыр жалауын желбіреткен шайырларға арналған шараның оныншы бағдарламасы Бішкекте ұйымдастырылды. Түркі халықтары қоныс тепкен 20-дан астам елдерден 80 ақын қатысқан жыр мерекесінде талантымен ерекшеленгендер Түрік ақыны, Татар ақыны, Алтай ақыны және Жүсіп Баласағұн, Манас, Намық Кемал атындағы Түркі дүниесі ақындарының халықаралық сыйлықтарын иеленсе, өзгелері дипломант атанып, арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Осылайша дәстүрлі «Шиір Шөлені» поэзия мейрамы өлең өнерін әспеттеп, тамыры бір, тағдыры бөлек ұлттардың басын қосып, бірлік идеясын ту етті.
Қиыр Шығыстағы Сібірден Ақ теңізге дейінгі бауырлас ұлыстардың ақын ұлдары мен қыздары жыр көрігін басып мәртебелі поэзияны асқақтатып, Алатаудың бөктеріндегі Ыстықкөлдің жағасын шығармашылық дүбірге бөледі.
Табысты жиынға мұрындық болған Түркия Жазушылар одағының төрағасы Ибрахим Улви Явуз, Қырғыз ұлттық жазушылар одағының төрағасы Чолпонбек Абыкеев және Қырғыз – түрік Манас университетінің ректоры Сабахаттин Балжы Мырзалар аталған шараның алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтып, түбі бір түркі жұртының рухани-шығармашылық ықпалдастығын дамытуға бірлесіп қызмет ету арқылы жетуге болатындығын айрықша атап өтті.