Түркі дүниесін таныған

Түркі дүниесін таныған

Бүгін Түркі академиясының ұйымдастыруымен Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Түркі халықтарының ежелгі әдеби жәдігерлері және Немат Келімбетов шығармашылығы» атты республикалық практикум өз жұмысын бастайды.
Ауқымды ғылыми конференцияға белгілі түрколог-ғалымдар, әдебиеттанушылар мен сыншылар, қаламгерлер, ғылыми-зерттеу орталықтары мен жоғары оқу орындарының өкілдері қатысады.
Ұлттық әдебиет пен тамырлы тарихымыздың дамуына өлшеусіз үлес қосқан қайраткер ғалым, көрнекті қаламгер егер тірі болса биыл 75 жасқа толар еді. Бұл шара Немат Келімбетов мұрасын талдап, танып-білуге бағытталмақ. Осы орайда біз ұлағатты ұстаздың тәлімін көріп, еңбегін бағалаған ғалымдардың толғанысты ой-пікірлерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Осыдан жарты ғасыр бұрын ғана қазақ әдебиеті ХVIII ғасырдан, Бұқар жырау шығармашылығынан басталады деген қағидаға негізделген, ұлттық әдебиеттану ғылымымыз халық тарихының шындығына арқа сүйеген озық идеялы, азат саналы ғалымдарымыздың қайсарлықпен атқарған іс-әрекеті, тер төге жасаған ғылыми ізденістерінің нәтижесінде әдебиет тарихының басталу кезеңдері жөнінде жаңа сатыға көтерілді. Пайымдаудың тар шеңберінен шығып, ортақ мұраға тән сипаттарды айқындап, соған орай ұлттық әдебиетіміздің бастау көзі де сол ортақ мұраға барып тірелетінін дәлелдейтін жаңа көзқарастар қосылу барысында тың идеялар жүзеге аса бастады. Соның жарқын бір айғағы ретінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті түркітанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Гуманитарлық ғылымдар академигі, жазушы, философ, Күлтегін және Франц Кафка сыйлықтарының лауреаты Немат Келімбетовтің ғылыми еңбектерін айта аламыз.

Кенжебаев ұлағатын жалғастырған
Өткен ғасырдың екінші жартысына де­йін әбден орнығып қалған, әдебиет тарихын дәуірлеудің тар шеңберлі қасаң қағи­дасына қарсы бағытталған қазақ әде­биетінің бастау көзін Бұқар жыраудан емес, түркі халықтарына ортақ дәуір аясын­да қарастыруда білікті профессор Бей­сенбай Кенжебаев бастамасын алдымен ауызға аламыз. Қазақ ССР Ғылым ака­де­мия­сының ұйымдастыруымен 1959 жылы 15 – 19 маусым аралығында өткен «Әде­би мұра және оны зерттеу» атты қазақ әде­биетінің негізгі проблемаларына арнал­ған әйгілі ғылыми-теориялық конференцияда кейбір жоғары лауазымды ғалымдар тарапынан қолдау таппай, со­ның салдарынан конференция ұсыныс­тарының қатарына енбей қалуына қара­мастан, профессор Б.Кенжебаев өз бастамасынан, ғылыми орта назарына салған өзінің әдебиет тарихын дәуірлеуге қатысты негізгі идеясы мен ұсынысынан бас тартқан жоқ. Қайта конференциядан кейін бұрын­ғыдан да серпінді түрде өз идеясының дұрыстығын дәлелдеу бағытында жұмыс жасады, кешенді түрдегі зерттеу әрекетіне кірісті. Әдебиет тарихын жүйелі бағытта зерттеудің жаңаша бағдарламасын жасап, әр кезең әдебиетін жеке тақырыптар бо­йын­ша, әрқайсысы өзіндік жеке мәселе­лерді қозғайтын ауқымда жоспар құрды. Осы жоспарға сәйкес, өзі басқаратын кафедрада бірге қызмет істейтін іні әріптес­теріне, университет қабырғасында өзі тәр­биелеген шәкірттеріне әр кезең бойынша зерттеу жүргізуге бағыт-бағдар сілтеді. Ұлы ұстаз бұл ұстанымын әр буын шәкірт­терін араластыра отырып жалғастыра берді. Сөй­тіп, бүгінгі таңда қазақ әдебиеттану ғы­лымында дара сипаттағы жаңашыл бағыт ұстанған бірден-бір мектеп қалып­тасты десек, ол осы Б.Кенжебаевтың ғылы­ми мек­тебі екенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Кенжебаев мектебіндегі қазақ әдебиеті тарихының арғы дәуірін зерттейтін ғалымдардың алдыңғы толқыны Х.Сү­йін­шәлиев, М.Жолдасбеков, М.Мағауин, Н.Келімбетов болса, одан кейінгі толқын өкі­лі ретінде аталатын бірден-бір тұлға өмірден ерте озған талантты ғалым Алма Қыраубаева еді.
Міне, осы топтың ішінде ұстаз идеясын асқақтатып, жаңа биікке көтеруде ерекше еңбек сіңірген, зерттеу нысаны, қол жеткіз­ген ғылыми табысы ұстаз межесінен де әрі асып кеткен тұлға Немат Келімбетов болды. Ол қазақ әдебиетінің тарихы ежелгі дәуірден басталатынын дәлелдеу жолында тынымсыз ізденді, тыңғылықты зерт­теу жүргізді, қажырлы еңбек етті. Со­ның нәтижесінде қазақ әдебиетінің көп ға­сыр­лық тарихы ежелгі дәуірлерден, тіпті одан арғы ықылым замандардан басталатынына ғылыми пайымдаулар жасады. Бұған бүгінде жоғары баға алып отырған, қазақ әдебиетінің тарихы, оның ішінде нақтылап айтқанда арғы түркілік заман­дағы және орта ғасырлардағы әдеби жәді­гер­лерді ең басты нысана етіп алған монографиялары мен оқулықтары, жүздеген зерттеу мақа­лалары айқын айғақ бола ала­ды. Ғалым­ның зерттеу еңбектеріндегі көте­рілген мәсе­ле­лердің қаншалықты мән­ділігі мен қо­мақтылығы олардың тақы­рып­тарының кең ауқымды екендігінен-ақ бай­қалады. Н.Ке­лімбетов кітаптарын қолы­на алған адам мұны бірден байқай алады.
Ежелгі дәуір әдебиетін зерделеген
Б.Кенжебаев қазақ әдебиеті тарихының бастау көзі ретінде VI – IХ ғасырдан жеткен түркілік ортақ дәуірдегі жазба ескерткіш­терді меже етіп алса, Немат Келімбетов аталған ғылыми мектеп бағытын одан әрі дамыта жалғастыра отырып, «Сақтардың қаһармандық дастандары», «Алып Ер Тоңға» дастаны, «Шу» дастаны, «Ғұндардың батырлық жырлары», «Оғыз-қаған» дастаны, «Аттилла» дастаны, «Көк бөрі» дастаны, «Ергенекон» дастаны, Көк түріктердің ерлігі туралы «Күлтегін» және «Тоныкөк» жыр­лары, «Қорқыт ата кітабы», «Авеста – қа­сиетті жазбалар жинағы» туралы тари­хи-дерекнамалық, мәтіндік талдаулар барысында бұл жәдігерлердің түркі халықта­рына ортақ мұра екенін, сондықтан қазақ әде­биеті тарихының да бастауы болатынын ғылыми саралап берді.
Қазақ тарихының бастау көзі сақ, үйсін, ғұн, түркі болып жалғасатын болса, онда сол дәуірлерден жеткен әдеби жәді­герлер де олардың бүгінгі ұрпақтары болып есептелетін халықтардың қай-қайсысының да өз мұрасы ретінде иеленуге қақысы бар деп ойлаймыз. Сондықтан Немат Келімбе­товтің «Алып Ер Тоңға», «Шу батыр», «Атил­ла», «Көк бөрі», «Ергенекон», «Күл­тегін», «Тоныкөк» сияқты сақтардың, ғұн­дар­дың, түркілердің қаһармандық дастандарын қазақтың да көнеден жеткен рухани мұрасы ретінде бағалауы, қазақ әдебиеті тарихының да бастау көзі деп қарауы – заңды тұжырым. Н.Келімбетовтің зерттеу­шілік талантын көрсететін, ғылымға қос­қан ерекше үлесі, әкелген тың жаңалығы оның диссертация жазу барысында бұрын аттары ғана белгілі болып келген, ал негізгі мәтіні жоғалған сақтар мен ғұндар дәуірінің «Алып Ер Тоңға», «Шу батыр», «Атилла», «Ергенекон» сияқты төрт дастанын сақталып қалған үзінді-жұрнақтары бо­йынша қайта құрастырып, ғылыми ай­на­лымға енгізуі еді. Құрастырып қана қоймай, сақтар мен ғұндардың осы қаһар­мандық дастандары мен қазақтың батыр­лық жырлары арасындағы ұқсастықты, сабақтастықты әдеби, тарихи,тілдік, модельдік, стильдік тұрғыдан дәлелдеп шы­ғуы қазақ әдебиеттану ғылымын жаңа өріс­терге бастаған жаңалық деп бағала­уымыз керек.
Осылайша ғалым көп уақытқа дейін ма­мандар арасында дау туғызып, талай пікірталастың тақырыбы болған, ХХ ға­сыр­дың 70-жылдарына шейін оң шешімін таппай келген, тек Қазақ мемлекеттік университетіндегі Б.Кенжебаев бастаған Х.Сү­­йіншәлиев, М.Жолдасбеков, М.Мағауин тә­різді қазақ әдебиеті кафедрасының ға­лымдары құрастырып шығарған «Ежелгі әдебиет нұсқалары» атты хрестоматиядан кейін орныға бастаған қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеу мәселесі бойынша тия­нақты жүргізген зерттеулері барысында Б.Кенжебаев идеясын дамыта түсті. Сөйтіп, Б.Кенжебаев, Х.Сүйіншәлиев, М.Жолдасбеков, М.Мағауин, А.Қыраубаеваның ең­бек­тері арқылы дәлелденген қазақ әде­биетінің ҮІ ғасырдан басталатын тарихы Н.Келімбетов зерттеулерінің нәтижесінде б.з.д. әдеби жәдігерлерге табан тірей бастады. Бұл құбылыс, әсіресе, «Сақтардың қаһармандық дастандары» деген тақырып аясында «Томирис», «Шырақ», «Алып Ер Тоңға», «Шу» атты дастандарға талдау жа­сағанда айқын байқалады. Бұл қазақ әде­биеттану ғылымындағы көрнекті жаңа­лық екені даусыз. Ғалымның іргелі зерттеулерінде талданатын шығармаларға арқау болатын тарихи дәуір көрінісі бүгінгі гео­графиялық кеңістікпен сабақтастырыла өз­індік ғылыми тұжырымдармен жаңаша ба­йыпталады.
Ғалымның зерттеу еңбектерінде тың тұжырымдар тарихи кезеңдерге байланыстырыла беріліп отырады.
Қорыта келгенде, Н.Келімбетов зерттеу­лері қазақ әдебиеттану ғылымының кешеуілдеп қолға алынған саласындағы ол­қылықтарды толықтырған, сұңғыла ғалым, ұлы ұстазы Бейсенбай Кен­же­баев­тың ғы­лы­ми идеясын жалғастыра отырып да­мытқан, жаңа биікке көтерген тұлға ретінде ұрпақтан-ұрпаққа ұласып, білім нәрімен сусындата беретіні кәміл.

Құныпия АЛПЫСПАЕВ, Түркі академиясының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы, профессор

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста