Түркі тілдерінің классификациясы
Ардақты Алаш жұртшылығы!
Газетіміздің әр санын қалт жібермей қадағалап жүрген оқырмандарымыз «Түркі тілдері қалай және қаншаға бөлінеді?», «Қазақ тіліне жақын тілдер қайсы?» деген мазмұндағы сұрақтарды көп қойып жатады. Бүгін біз осы сұрақтарға кеңірек тоқтала кетуді жөн көрдік. Тілші ғалымдар генеологиялық классификация бойынша әлемдік тілдердің туыстық белгілерін сақтай отырып, бірнеше жанұяға бөлген. Солардың бірі – Алтай жанұясына: түркі, моңғол, тұңғыс-манчжұр және Қиыр шығыс халықтарының тілдері жатады. Қазақ тілі тікелей түркі тілінен, оның ішінде қыпшақ тобынан шығады.
Ал «қазақ тіліне ең жақын тіл тек ноғай мен қарақалпақ тілдері ғана» деп ойлау қате. Лексика-семантикалық, морфологиялық және фонетикалық белгілері бойынша қазақ тіліне аса жақын он жеті тіл бар (кестеде қара курсивпен көрсетілген). Географиялық орналасу жағдайына байланысты алшақтап кеткені болмаса, бұл тілдер осыдан 800-1000 жыл бұрын, тіпті, бір тіл болған болуы да мүмкін. Сондықтан осы халықтардың қай-қайсысымен де аудармашысыз түсінісе беруге болады. Ал ауылымыз аралас, қойымыз қоралас жатқан бауырлас қырғыз тілі керісінше, Шығыс Ғұн бұтағынан келіп қосылады. Алайда қазаққа қырғызды жақындатып жіберген фактор – сан ғасырлық бауырмалдық пен жоңғар басқыншыларына қарсы күресте бір тудың астында бірігуі болса керек.
Қаперге:
Түркі тілдерінің ішінде аты бір-біріне ұқсағанымен, заты аса жақындаса бермейтін тілдер де кездеседі.
Мысалы: қарақалпақ, қарапапақ, ұйғыр, сары ұйғыр тілдері. Кестеге зер салып қарасаңыз, олардың әрқайсысы әр топта жатыр. Кейбір тарихшылар «сары ұйғырларды ұйғырлардың арғы атасы» деп жүр. Бұл – өрескел қате пікір! Сары ұйғыр тілі, шындығында, саха-долғандар мен қырғыздарға әлдеқайда жақын, бір кезде халықаралық қарым-қатынас құралы болған, бірақ қазір жойылып бара жатқан (жалпы саны 8000-ақ адам – ред.) тіл. Омоним атауларды оң жамбасына пайдаланып кетіп жүрген пысықайлар бар. Сондықтан ұғымдарды нақтылап, сүтті судан ажыратып алу үшін тарихтағы «сары ұйғырлар өркениетін» ғалымдарымыз «сарылар өркениеті» деп атаса, жөн болар еді.
Түйін
Түркі тілдерінің қаншалықты тереңге тамыр тартып, биікке бұтақ жайғанын жоғарыдағы кестеден-ақ көруге болады. Газетіміздің өткен сандарында хабарлағанымыздай, осы тілдерде сөйлейтін халықтың жалпы саны қазір 200 миллионнан асады.
Түркі тілдері Еуразияның алып кеңістігіне екі мың жылдан астам уақыт бойы математикалық прогрессиямен таралды. Жай ғана таралып қоймай, өзге тілдердің дамуы мен қалыптасуына тікелей ықпал етіп, өзінің мыңжылдық мәдениетін басқаларға мойындата білді. «Дүниенің төрт бұрышын жайласам» деген көне түркі қағандарының асыл арманын орындау үшін сұңғыла бектер мен жауынгер бекзадалар тоқтаусыз жорықтар жасап отырғаны сондықтан. Осы жолда олар адамзаттық алып өркениетке өлшеусіз үлес қосты.